• Әлемді өзгерткен балалар
  • 17 Қаңтар, 2019

Бояннан үлгі ал, қазақ баласы!

Кішкентай Боян түрлі заттардан əр нəрсе құрастырғанды жақсы көретін. Үлкендер оның бетінен қақпайтын. Алғашқы инженерлік жобалары мен құрылыс жұмыстарын өмірінің алғашқы жылдарында-ақ қолға алған. Боянның осы қызығушылығы өзін-өзі жетілдіруге, дамытуға жетеледі. 14 жасқа жеткенде тапқыр бала сумен ұшырылатын зымыран жасап, сол жылдардағы арнайы жарысқа қатысты. Осы жобасымен бір мезетте 213 су зымыранын ұшырып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Сөзсіз, ерекше бала. Алайда ол осы деңгеймен қалып қойғанда менің кейіпкеріме айналмас па еді. Себебі əлемді өзгертетіндер – атақ алғандар емес, адамзатқа керек болатындар, игі іс жасайтындар. БОЯН СЛАТ (BOYAN SLAT): – 2 жасында құрылыс жобаларын бастаған; – 14 жасында су зымыранымен рекорд орнатқан; – 16 жасында əлемге өзінен миллиард есе үлкен мұхитты қоқыстан тазартуға уəде берген өнертапқыш, кəсіпкер. 1994 жылы 27 шілдеде Голландияның Делфт (Delft) қаласында дүниеге келген Боян жақында берген бір сұқбатында: «Мен екі жасымнан бастап ағаш үйлер, арқанды жолдар, зымырандар ойлап таптым. Бұл сондай қызықты əрі көңілді болды, бірақ аса пайдалы емес еді. Алғашында мұның бəрі жұмыс істей ме, жоқ па, білмедім. Алайда мен мəселенің масштабын өлшей отырып, əлде де тырысып көргім келді», – дейді. Өзін-өзі өсіріп отыратын адам ғана қоғамды қоса дамытады. Боян – осының дəлелі.

«Бұл бассыздықты біз жасадық»

7 жыл бұрын. Суға сүңгігенді жақсы көретін Боян Грецияға келеді. Сонда мұхитта балықтан гөрі пластик қалдықтардың көп екенін көреді. Осы көріністен кейін ол уақытын мұхитты қоқыстан тазартуға жұмсайтын болып шешеді. 16 жастағы Боян көзі көрген мəселені мектептегі ғылыми жобасына негіз етеді. Мұхитты 7,25 миллион тонна пластиктен 5 жылда қалай тазартудың жолын іздейді. Көптеген сарапшылар сол уақытқа дейін мұхиттан табылған пластиктерді тазарту мүмкін емес деп жобалады, бірақ Боян сенген жоқ. 1 жылға жетер-жетпес уақытта еңбекқор оқушы өзінің ғылыми жұмысын аяқтады. 2012 жылы қазанда TED talks сахнасында спикер болды. Сондағы сөзінде ол: «Біз жыл сайын үш жүз миллион тоннаға жуық пластик шығарады екенбіз. Оларды əртүрлі жағдайда мұхитқа, теңізге тастаймыз. Соның нəтижесі, міне. Біз неге мұны тазартпаймыз?» – деп адамзатқа терең ой тастайды.

Өзінің жобасын ұсынып, Тынық мұхитындағы үлкен қоқыс аралын 5 жылда тазалауға уəде етеді. Сөзінің соңын: «Бұл ұтымды. Алайда менің ойымша, ең маңызды нəрсе – мұның ақшадан əлдеқайда маңызды екенін түсіне алсақ, ақша өзі келеді. Бұл ең ірі экологиялық құтқару жұмыстарының бірі болмақ. Бұл бассыздықты біз жасадық. Сондықтан өтінемін, бұны бірге тазалай алмаймыз деп айта көрмеңіздер», – деп аяқтайды.

Жылдар өтті. Былайғы жұрт түгілі аудиториядағы адамдардың өзі Боянның сол сахнадағы сөзін, уəдесін ұмыта бастаған еді. Бірақ 16 жастағы жасөспірім оны ұмытқан жоқ. Есінен шығару былай тұрсын, ол сөзінде тұруға барын, жанын салды, күн-түн демей зерттеді, жүзеге асыруға жан аямай кірісті.

«300-ге жуық компанияға хабарластым»

Былтыр берген сұқбатында Боян былай дейді: «Əлемдік мұхиттағы пластиктер 5 ірі қоқыс аумағына жиналады. Соның ішіндегі ең ауқымдысы – Тынық мұхитындағы үлкен қоқыс орны. Слейттің болжауы бойынша, аталған қоқыс алаңын əдеттегі əдіспен толық тазартуға 79 000 жыл керек екен. Мен мұны қалайда шешу керек деп мақсат қойдым. Су беті тез қозғалады, ал сіз бірнеше метрге төмен түссеңіз, судан еш толқынды да, қозғалысты да байқамайсыз. Біз зəкірді (якорь) судың дəл осы тереңіндегі қозғалмайтын қабатына дейін жеткізіп қоямыз. Бұл қоқыстарды жеткілікті дəрежеде жинайды».

Ғылыми жобасы жоғары мектептер арасында Дельфт технология университетінің үздік техникалық дизайн сыйлығына ие болды. Көптеген жасөспірімдер үшін бұл жұмыс сол жерден аяқталатын еді. Бірақ Боян өзгелердей болмады.

Ол The Ocean Cleanup (Мұхитты тазарту) деген қор құрды жəне зерттеу экспедицияларын ұйымдастырды. Қордың басты мақсатын түсіндірді, ортаға салды. Араға алты ай салып, университеттегі жəне əлеуметтік өміріне үзіліс жасады. Ондағы жалғыз мақсаты – айтқанын шындыққа айналдыру. Боянның барлық бюджеті бар болғаны 200 еуро ғана еді. Қалтасында көп қаражат болған жоқ. Ол демеуші іздеуге кірісті. Сол сəттегі жағдайын: «Бұл сондай ауыр болды, өйткені мұндай жобаға ешкім қызыққан жоқ. Есімде, мен 300-ге жуық компанияға хабарластым, соның тек біреуі ғана жауап берді жəне оның өзі тығырыққа əкеп тіреді», – деп еске алады.

300 компанияға хабарласу... Неткен табандылық, не деген бірбеткейлік! Бізде мұны бір бала түгілі 10 адамнан тұратын бір бөлімнің өзі ойланып істейді. 30-шы байланыстан-ақ беті қайтады. Ал Боян қайсарлық танытты. Оны əлем болып істей алмаған мақсатқа жеткізген жалғыз қасиет осы болды.

Боянның бұл əрекеті кей- біреулердің күлкісін келтірді. Олар «Жасөспірім бала қалайша мұхитты тазартпақ?» деген сын тақты. Бірақ ол қаймықпады. Берілмеді.

80 000 тонна пластик жинаған

Бір күні жағдай басқаша орын алды. 2013 жылдың 26 наурызында оның TED talks жобасында сөйлеген сөзі интернетке салынды. Бұл бомба сияқты болды. Өміріндегі оқиғалардың бағыты 180 градусқа өзгерді. Оның сайтына əр күні 100 мыңдаған адам кіретін болды. Ал өзі күніне 1500 адамнан хат алатын, электронды почтасына хат жолдаған жандардың бəрі оған көмектескісі келетінін жеткізген. Осыдан соң оған 15 күнде 80 000 доллар қаржы жиналды.

2014 жылы маусымда жарияланған есепке Боян бастаған жүздеген ғалымдар мен инженерлерден тұратын топ жыл бойы еңбек етті. Олар қоқыстың физикалық қасиетін, техникалық мүмкіндіктерге қойылатын міндеттерді, алдын ала жасалатын сынақтарды сараптады, талқылады. Осы кезде оның құрған қорындағы қаржы 2 миллион доллардан асты. 2015 жылы Боянның тобы тағы бір экспедияцияны қолға алды. Сол шарада үш жарым миллион шаршы километр мұхит картаға түсіріліп, түрлі қоқыстар жиналды. Барлық жиналған қалдықтар қордың Голландиядағы бөлімшесіне жеткізіліп, түрлі технология үлгілерін қайта жасау үшін сортталды. Артынша мұхиттың кішірейтілген үлгісі ретінде хауызда сынақ өткізді. Зерттеушілер мұхит толқындары мен токтарының əсерінен тазалау құрылғысының қалай жұмыс істейтінін бақылады.

2016 жылы жоба мамандары Голландия жағалауынан 23 шақырым жерде Солтүстік теңізге 100 метрлік бөгет орнатты. Мұнан соң сынақтан өткізілген бағыт бойынша Тынық мұхитындағы үлкен қоқыс аумағын тазартуды бастады. Бұл анағұрлым қауіпті əрі ірі іс еді. Мақсаты айқын топ талмай тазарту жұмыстарымен айналысты. Осындағы тынымсыз тірліктен түйгендерін, əуедегі жəне судағы жасаған экспедиция нəтижелерін 2018 жылдың 22 наурызында жарияланған есепте егжей-тегжей көрсетті. Мұндай есепті жүздеген адамнан тұратын бүтін бір министрліктен күтпейсің. Жəне бұл ауқымды істің басында 16 жастағы оқушының идеясы, 23 жастағы жігіттің жігері тұрғанына тəнті болмасқа шараң жоқ.

Боян – мен үшін мүмкін емес нəрсенің мүмкін екенін дəлелдеген кейіпкер. Оның афоризмге айналған мына бір сөзі соны айғақтайды: «Адамдар бір нəрсенің мүмкін еместігін айтқанда, маған оның бұрыс екенін дəлелдеген ұнайды».

Міне, осы уақытқа дейін Боян бастаған топ 80 000 тонна пластик жинаған. Бірақ олар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Əлі адамзат ластаған, қоқыс тастаған қаншама шақырым мұхиттар бар.

2018 жылдың 7 қыркүйегінде «Time» газетінде Боян туралы «Голландиялық жасөспірім мұхитты тазартуды армандаған. 7 жыл өтті, бұл орындалды» деген мақала жарияланды. Осыдан соң New York Times секілді ірі басылымдар мен бүкіəлемдік БАҚ жарыса жазды. Аталған мақала Боянның мына сөзімен аяқталады: «Үлкен мəселелер үлкен шешімді талап етеді. Егер əлдекімде үздік идея болса, біз оны білуге асығатын едік». Ал сен идеяңды ұсынуға əзірсің бе, қазақ баласы?..

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №3 15 қаңтар 2019 жыл

657 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор