• Әлемді өзгерткен балалар
  • 14 Қараша, 2018

Болмаған балалық шақ

5 жасар Икбал басқа балалар секілді ойын алаңына емес, кілем фабрикасына келді. Ол таң атқаннан күн батқанға дейін, тəулігіне 12 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істейді. Оған 30 минут қана демалыс берілген. Ол тəтті балалық шағын кілем тоқушы қызметіне құрбан етті. ИКБАЛ МАСИХ (Iqbal Masih): – 3000-ға жуық баланың бостандығын қорғаушы; – Əлемдегі жəбір көрген балалардың идеалы; – Дүниежүзілік балалар құрмет сыйлығының иегері. Ал мен үшін ол – мынау жарық əлемге періште боп келіп, періште боп қайтқан кейіпкер. Әлемдегі түрлі тұлғалар туралы басты ақпаратты Уикипедиядан ала аласың. Осы электронды энциклопедияның Икбалға арналған бетінде бірінші тақырыпша «Балалық шағы» деп беріліпті. Ал мен оның тағдырымен танысқанда балалық шағы болмағанын білдім. Солай бола тұра берілмегені таңғалдырды, ең әуелі «Мен солай ете алар ма ем?» деген сұрақ келді. Икбал Масих 1983 жылы Пәкістанның Лахор қаласында туған. Әкесі кедей жұмысшы болған. Ал шешесі Инаят үй тазалап, еден жуушы болып жұмыс істеген. Ата-анасы ішерге тамақ таппай, кілем шығаратын фабрикасы бар кәсіпкерден қарыз алды. Соның орнына Икбал фабрикада жұмыс істеді. Біраз уақыт өткенде Икбалдың анасы қатты сырқаттанып, оған ота жасау керек болды. Әлгі кәсіпкерден тағы ақша алуға мәжбүр болған. Қарызын қайтара алмаған жағдайда кепілге Икбал тұр еді. Мұнан кейін Икбалдың ағасын үйлендіруге тағы ақша алды. Ақыр аяғында 4 жасар баланың балалық шағы 6000 рупиге (сол кездегі 60 АҚШ доллары – жобамен 5000 теңгеге) сатылды. Икбал еш демалыссыз жұмыс істесе де отбасындағы қарызды өтей алмады, фабрика басшысы оның құралдарына, тамағына, киіміне, қате істегендеріне қарай ақшасын қиып тастап отыратын. Икбалдың картиналарында мына бір өткір құрал қатар тұрады. Темір құрал оның қолын қанша тілімдесе де, жараласа да, қолы қалжыраса да оның бір күн де демалуға хақысы жоқ еді. «Адам қорлық көргенде қатігез болып кетеді» деп жатады ғой, Икбал мен үшін осы ойға нүкте қойған кейіпкер. Ол әр күні бар жан-тәнімен әлемдегі өзге де балалардың өзіндей күй кешпегенін тілейтін. Өзі көрмеген мейірімді өзгелер көрсе екен дейтін. Ал «Періштенің тілегі қабыл болады» деген ойға менің өмір жолымда әлі ешкім нүкте қойған жоқ. Таза жүректегі періште тілектен «Балалардың қолында құрал емес, қалам болуы керек» деген ұстаным туындады. Бұл сол кездегі Икбалдай миллиондаған баланың мүддесі еді. Қазір де... Өйткені адамзат қанша дамыса да, әлі күнге дейін қаламын құралға алмастыруға мәжбүр болған балалар бар.

Құралдан қаламға

Бұл тақырыпшаны «сөзден іске» деп алмастыруға да болады. Мағынасы өзгермейді. Көпке арнап сөз айтқан екенсің, алдымен оны өзің орында. Бұл – азаматтық. Икбал 10 жасар бала болса да, осы азаматтық әрекетке сай тірлік қылды. Ол алты жыл бойы қолынан тастамаған құралын қаламға айырбастау үшін тәуекелге бел буды. Құралын ғана емес, жүннің қоқысына толған ауаны, ұрып-соғуды, ыстық әрі аядай қуысты кең құшаққа, дархан далаға, мейірімге алмастырғысы келді. Осы жолда нақты әрекет етуге жанындағы достарын да көндірді. Бір күні Икбал қасына бірнеше досын ертіп, қашып шықты. Олар тура полиция бөлімшесіне келді. Алқынып жағдайларын айтты. Бәрін баяндады. Бірақ балалардың бұл әрекеті қойшының емес, қой баққан қасқырдың қолына түскендей еді. Жәбір көрген балақайлар жемқорлықтың жемтігіне айналды. Ақшаға құныққан полицейлер сол аймақтағы беделді кілем шығаратын кәсіпкерге балаларды кері қайтару үшін ақша талап етті. Осылайша олардың бұл әрекеті сәтсіз аяқталып, салы суға кеткен кішкентайлар кері қайтарылды.

Сол бұрынғы дәмсіз, нәрсіз ас-су, бір қателігіне бола айлығын кесіп тастау, жарымаған киім... Күл-қоқыстың ортасында өмір жалғасып жатты. Сіз дәл осы жағдайда, нақ осындай сәтте екінші рет тәуекелге бара алар ма едіңіз? Қоғамды, қоғамдағы адамдарды, халықты, Құдай-ау, бейкүнә балаларды қорғау қызметіне келіп, шен таққандар сатып жіберсе де қайтадан тәуекел ете алар ма едіңіз? Екіталай...

Шын мәнінде жетістікке жеткен жандардың талантты, білімді, ақылды не табысты болғаннан да емес, сәтсіздікте сағы сынбағандықтан көздеген белесін бағындыратынына 12 жасар Икбал тағы да сендірді. Өмірінің осы сәтін британиялық жазушы Эндрю Крофтс (Andrew Crofts) өзінің «Кішкентай батыр: Бір баланың бостандық үшін күресі» атты кітабында керемет суреттеген. Фабрика басшысы Икбалдың және онымен бірге қашқан балалардың жұмыс уақытын түннің жарымына дейін ұзартты. Олар әбден әлсірегенше жұмыс істеуі тиіс болды. Бірақ балалардан бұрын қарауылдардың қорылы естілетін. Ащы тұзды ерітіп тәтті сорпаға айналдыратын су секілді, Икбал да ұзартылған уақытты өз пайдасына шешуді ойлады. Ол қашуға шешім қабылдады. Бірінші сәтсіздік әлсіздік емес, сабақ деп ұқты. Мықты ете түсу үшін тағдырдың қайрауы деп қабылдады.

Бірінші болып бастық ұйқыға кетті, артынан қарауылдар қорылға басты. Басқа балалар да қалжырап құлады. Икбал да өзгелерге ілесіп жантая кетті. Пысылдады. Бір кезде барып көзін ашты. Бірақ еш айырмашылық көрмеді. Себебі айнала тас қараңғы еді. Ол өкшесін көтере аяғының ұшымен ақырын ғана басы ауған жаққа жүгіре жөнелді. Есіктің, тесіктің қайда екенін көріп емес, тек сезіп келеді. Ол осы кезде не ойлағанын білесіз бе? Отбасының төлеп біте алмаған қарызын ойлады. 6 жыл бойы бас алмай, кірпік қақпай, жан аямай жұмыс істесе де өтей алмағанына қамықты. Сол сәтте өзіне қалайда қарыздан құтылудың бір жолын табуға уәде етті.

Қоқыс жәшігінен сахнаға дейін

Бостандықта болса да, сол күндері оның өмірі бірден оңалып кете қойған жоқ. Көше кезді, табылған тамақты жеді, қоқыс тазалаушы болып көшеде жұмыс істеді. Бір күні жұмыс істеп жүрген бірнеше баланың ортасына ересек ер және әйел адамдар келіп, алаң (кішігірім сахна) дайындай бастады. Балалардың бірі қолындағы жазуы бар плакатты ашты, біразы сахнаның айналасын жинай жөнелді, енді біреулері әйелдермен тілдесе кетті. Ал Икбал бұтаның арасынан сығалап қарап тұрды. Әлгі балалардың көрші ауылдан екенін таныды. Ер кісі микрофонды алып сөйлей бастайды: «Менің атым Ихсан Кан. Мен «Еріксіз еңбектен бостандық фронтын» (BMM немесе BLLF – Үндістандағы еріксіз еңбекті тоқтатумен айналысатын үкіметтік емес ұйым.) құрушымын. Сендерге Пәкістанда адамдарды еркінен тыс басыбайлы жұмысқа салудың заңсыз екенін айтқым келеді. Олар заңға бағынбай отыр. Ешкім сіздердің балаларыңызды фабрикалар мен кірпіш пештерінде жұмыс істеуге мәжүрлей алмайды...» Кан мырза сөзін көзі жәудірей тыңдап тұрған бұтаның арасындағы баланы байқап: «Сенің атың кім?» – дейді ақырын ғана. «Икбал Масих», – дейді қос аяғы дірілдеп. «Сен фабрикада жұмыс істейсің бе?» – деп сұрағанда, ол үнсіз басын изейді. Сескеніп тұрғанын түсінген Кан мырза: «Қорықпа, егер өзің қаламасаң, сені онда ешкім қайтармайды», – деп, одан өзінің өмірі туралы айтып беруін сұрады. Жүрексіне жұрт алдына шыққан Икбал басынан кешкенін баяндап берді. Сөзінің соңында өзіндей балаларға көмектескісі келетінін айтты. Ихсан Кан арнайы топпен Икбалды ертіп, оның туған қаласындағы ата-анасының үйіне бару керегін айтты. Икбал қатты қорықты, қашып кетуді ойлады, бірақ бір үміт оны жетелей түсті. Жүзінен нұр төгілген Кан мырза да оны иландырды. Осылайша араға алты жыл салып туған үйіне басқа Икбал боп табан тіреді. Өз шаңырағына бөтенсіне бас сұғудан асқан қандай азап бар... Икбал сол сезімді кешті. Есікті ағасы ашып, анасына алып барды. Кан мырза Инаятқа (Икбалдың анасы) Икбал үшін қарызды мемлекет төлейтінін, баласын мектепке беру керектігін айтты.

Олар ескі, темір көлікке қайта отырды. Икбал қаланың жарқыраған шамдарына қарап келе жатып, көшедегі шуды естіді. Бір топ бала. Кан мырза сыртқа шыққан Икбалды қолынан ұстап тұрып: «Бұл – Икбал, біз оның нені білгенін қалаймыз?»  – деді. Балалар қолдарын барынша жоғары көтеріп бәрі бірдей: «Біз азатпыз!» – деп айғайлап жылады. Ихсан мырза Икбалдың қолын көтеріп: «Енді сен айт», – деді. Ол ақырын ғана қайталады. Айта алатынын сезінгенде барып қою қара аспанға қос қолын көтере «Біз азатпыз!» деп айғайлады. Барлық балалар оның соңынан қайталап, ерекше қошеметпен қол шапалақтады.

Мәңгілік шырақ – бостандыққа пырақ

Ихсан Канның ұйымы арқасында 11 жасқа жақындаған Икбал мектеп табалдырығын аттады. Оны алғаш қарсы алған мұғалім Мисис Мәліктің (Mrs Malik) мейіріміне, кәсібилігіне, тереңдігіне тәнті болдым. Сыныптастарына жасы үлкен баланы қабылдауға көмектесіп, Икбалға: «Сенің әбден демалған миыңды түрлі ойлармен толықтыру керек», – деп оған қолдау көрсетті. Ол оқуға сондай құштар болды. Мұғалімдерді алғырлығымен, талабымен тәнті етті. Мектепке келген күннен бастап оның қоғамдық қызметі қатар жүрді. Түрлі ортада балаларға арнап сөз сөйледі, оларды құқығын қорғауға шақырды. Оның соңынан ерген азғантай баланың саны бірнеше мыңға көбейді. Икбал 3000-нан аса пәкістандық баланың бостандыққа жетуіне, бүкіл әлемге балалардың еңбегі туралы айтуына көмектесті. Икбал Пәкістаннан бөлек басынан өткізген оқиғасымен бөлісіп, өзгелерді де балаларға ауыр жұмыстан бостандық алуға шақыру мақсатында Швеция, АҚШ сынды елдерден шақырту алып бара бастады. Осы ерлігі мен еңбегінің құрметіне 1994 жылы Бостонда (АҚШ) атақты Рибоктың (Reebok Human Rights Award – 30 жасқа дейінгі белсенділерге берілетін номинация. Мұндағы жеңімпаздарға 50,000 доллар сыйақы беріледі. 1988 жылдан бері 40 елдің жастарына берілген – А.Ш.) Адам Құқығы сыйлығын иеленеді. Сонда сөйлеген сөзінеде Икбал: «Мен Пәкістандағы балалар еңбегі мен еріксіз жұмыстан зардап шеккен миллиондардың бірі ғанамын. Бірақ менің жолым болды. Еріксіз еңбектен бостандық фронтының арқасында азатпын. Бүгін алдарыңызда тұрмын. Осы фронттың мектебіне бардым, қазір сонда білім алып жатырмын. Біз үшін Ехсан Уллаһ Кан мен ЕЕБФ (Еріксіз еңбектен бостандық фронты) Линкольнның Америка құлдарына жасағанындай еңбек етті. Бүгінде сіздер азатсыздар және мен азатпын!» АҚШ-тың АВС телеарнасында «Апта адамы» бағдарламасының кейіпкеріне аяналды. Сонда сұқбат берді. Бұл оны бұрынғыдан бетер танымал етті. Икбалдың аты Пәкістанды тулатып тұрған сәт. Ол күн сайын әр аймақтағы балалармен кездесіп, өмірдегі миссиясын адал атқарып жүрді. 1995 жыл, 16 сәуір. Икбалдың 13-ке қараған шағы. Көктемгі жаймашуақ күндердің бірі. Икбал достарымен велосипед теуіп жүрген. Оқыстан мылтықтың дауысы естілді. Көктен көгершін құлады... Оның өмірі тура осы мақала сияқты аяқасты аяқталуға бет бұрды. Күтпеген жерден. Ол азат еді, бірақ оның осы бостандығын да ұрлады. Иә, дәл сол балалығын ұрлағандай ұрлады. Оны жерлеуге 800-ге жуық адам келген. Өз еліндегі және шетелдегі жүздеген бала онымен қимай қоштасты. 1995 жылы 31 мамырда «Лос-Анжелес Таймс» газетіне берген сұқбатында Икбалдың ұстазы Малик ханым: «Кілем өнердің бір бөлшегі саналады, ал қазір ол өрнектермен емес, балалардың қанымен жасалғандай сезіледі», – деді. Осыдан кейін пәкістандықтан балалардың күшімен жасалған кілемдерді сатып алудан жаппай бас тартқан. Испания мен Солтүстік Америкада 1996 жылы 16 сәуірді халықаралық балалардың құлдығына қарсы күрес күні деп жариялады. Италияда ашылған бірнеше мектеп Икбалдың атымен аталды. Қаншама атақ, сыйлық берілді. Оның атында қор ашылды, бірнеше кітап жазылды. Бірақ көбі ол өмірден өткенде ғана. Алғаш және көзі тірісінде мойындаған АҚШ болды. Ол мына әлеммен өзі туған кездегіден әлдақайда жақсартып қоштасты. Пәкістан оның өлімінен кейін қалың ұйқыдан оянды. Балаларды құлдыққа сатумен мемлекеттік деңгейде, қатаң күресті. Бәрінен бұрын Икбал әлемдегі өзіндей балаларға өз құқығын таптатпауға, жалғыз өзі қаншама мыңдаған балаға көмектесуге болатынын дәлелдеп кетті. Ол балалардың құқығын қорғау үшін адвокат болғысы келді. Икбал бұл қызметіне де қол жеткізіп кетті. Ресми тағайындалмаса да, кәсіби білім алмаса да!

Өмірде бір өзі бүтін бір халықтың жолына жарық беретін шырақ сынды адамдар болады. Өшпейтін із деген сондай ірі тұлғалардан қалады. Жасы, беделі маңызды емес, халықтың аузында қалған ісі ғана маңызды. Оның артындағы кез келген тағдырласы осындай даңғылдың барын біледі, сол жолмен жүреді. Икбалдың шырағы өзіндей балалардың бостандығына пырақ болары сөзсіз.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №46 13 қараша 2018 жыл

673 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор