• Әлемді өзгерткен балалар
  • 04 Қазан, 2018

«Райан құдығы» қалай пайда болды?

Оқырман, мақаланы бастамай тұрып бір сұраққа жауап беріңізші. Сізді өзіңізден басқа ешкім естімейді, сондықтан өзіңіз үшін ақиқатын айтыңыз. Сіз жаңалықтан немесе әлдекімнен Африкадағы 3 миллионға жуық адамның ішерге суы жоқ екенін естісеңіз, не істейсіз? Шынымен де қолыңыздан келетін тірлікті айтыңызшы? Ал менің кезекті кейіпкерім бейтарап болмаған, жайбарақат жатпаған. Реакциясыз қалмаған. Иә... небәрі 6 жасында.

Райан Хрелжак (Ryan Hreljac):

  • 6 жасында милиондаған адамға көмектесуді мақсат еткен;
  • 8 жасында құдық салдырған;
  • 10 жасында «Райан құдығы» қорын құрған қоғамдық белсенді.
 

70 доллардың құдығы

Жиырма жылға артқа жылжиық. 1998 жыл. Мектептегі мұғалім 6 жасар Райанның өмірін өзгертті. Алғашқы ұстазы сыныпта Африкадағы 3 миллионға жуық адамның таза суға зәру екенін, ішетін суға жетуі үшін қаншама шақырым жол жүріп, суды көтеріп кері қайтуға мәжбүр екенін айтады. Райан мектептен үйге келе сала ата-анасынан Африкадағы ауылға таза су жеткізу үшін 70 доллар (сол кездегі курспен санағанда 5500 теңгедей) ақша сұрап жалынады. Әке-шешесі алғашында қарсы болады. Алайда баласы қайтпай, мазаны алып қоймаған соң, бір шартпен келіседі. Оған бұл ақшаны үйдің айналасын жинап, еңбекпен табуын талап етеді. Ол гараж, аула, терезені тазалайтын әр күндік жұмысына 2 доллардан алатын. 4 айдан соң қайсар балақай дегеніне жетті. Анасы мен баласы қайырымдылық жасау үшін «WaterСan» (Су болады) атты ұйымға барады. Ал әлгі ұйым бұл ақшаның бар болғаны бір сусорғыш алуға ғана жететінін, бір құдыққа кемінде 2000 доллар керек екенін айтады. Олар үйіне көңілі түсіп қайтады, бірақ Райанның сағы сынбайды. Ол тез арада бірнеше құдық салдыруға шешім қабылдайды. Еңбекқор балақай бұрынғыдан бетер жігерлене жұмыс істейді. Мақсатына жету жолында барын салады. Жылдан аса жұмыс істеп, 61 мың долларға жеткізеді.

Оның бұл талабы туралы жергілікті газет арнайы мақала жазады. Артынша басқа да басылымдар мен телеарналар хабарлай бастады.

Бір үйдің ақ, сары балалары

1999 жылы сәуірде «Райан құдығы» деген атпен қор құрылды. Райанның анасы Сюзанның айтуынша, бұл туралы жаңалық кеңінен тарап, кішкентай қамқоршыға әлемдегі «Әулие Крест», «Мыңжылдық балалар», ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау, «Балалар әлемі» секілді ірі де ықпалды ұйымдар көмекке келген. Бұл Райанның 61 мың долларына қосымша болған еді. 2000 жылы Райанның бастамасымен Уганданың бір ауылындағы мектептің жанында құдық қазылады. Бірнеше аптадан соң, Райан мен оның ата-анасы сол мектепке арнайы сапарлайды. Олар өздерімен бірге құдыққа қажетті заттар мен жаңа парталарға ақша әкеледі. Белсенді бала сол жерде Акана Джимми дейтін хат жазысып жүрген досымен кездеседі. Таныс әрі бейтаныс досының әке-шешесі бірдей лай судың кесірінен қайтыс болған еді. Жазушы Никки Стоунның «Тасбақалар ұшқанда» деген кітабындағы сөзінде Райан сол сәттегі сезімін былай суреттейді: «Джимми қолымнан ұстап алды да хатында көп жазған ауылын аралатты. Ол маған тоқал тамдарды, жұпыны сыныптарды, тозған ойын алаңын және соңында құдықты көрсетті. Менің құдығымды!»

Райанның ата-анасы Джиммиді босқындар бағдарламасымен жобаға қосады. Джиммидің достығы Райанға шабыт сыйлады, ол екеуі бір мақсат жолында еңбек етті. 2008 жылы қос достың құрметіне «Райан мен Джимми» атты кітап та шығарылды. Бүгінде Джимми Хрелжак отбасының бір мүшесіне айналған. Кейін осы жобаны жүргізуге Райанның туған екі бауыры да атсалысты. Қазір Райан мен оның 3 бауыры қордың жұмысымен айналысады.

Әлем өте үлкен пазл секілді

Райан 14-15 жасында Канада, Австралия, Оңтүстік Африка, Англия, Қытай, Жапония және Италия елдерін өзіндегі «үміттің дәнін» себу мақсатымен аралап шықты.  Сапарынан соң Канаданың Ванкувер қаласында өткен CANWELL-2004 конференциясында спикер болады. Сол уақыттың өзінде оның қоры Уганда, Малауи, Нигерия, Кения, Эфиопия, Танзанияға таза су жеткізуге қолдау көрсетіп үлгерген еді. Әрі осы жасында-ақ әлемдегі көптеген атақты адамдармен кездесті, тіпті Папаның (Монархиялық елдерде мемлекет басшысын солай атайды) алғысын алды. Алайда ол өзін «қарапайым баламын» дейтін. Анасы 12 жыл бұрын берген сұқбатында кең жүректі ұлы туралы былай дейді: «Райан өмір жолында кезіккен барлық адамға бірдей қарайды. Біз шын мәнінде әртүрліміз: премьер-министр, талапкер немесе 7-сыныптың оқушысы. Ол өз жүрегіне сенеді. Балам үшін сабағынан бөліп-жарып 5 цент жіберген Флоридадағы 5 жасар қыз Дубайдан 5000 доллар салған ер адаммен бірдей маңызды». Ал Райанның анасымен берген сол сұқбаттағы сөзі мені қайран қалдырды, барлық айтқаны маңызды, бірақ мына бір сөзін түртіп алмай кете алмадым: «Әлем өте үлкен паззл (puzzle) секілді, ал біз оның бір бөлігі ретінде өз орнымыздың қайда екенін табуға тиіспіз. Мен бөлшегімді таза сумен таптым. Қалғандары да өз бөлшегін табады деп үміттенемін».  

Райан туралы кітаптар, деректі фильмдер, бағдарламалар түсірілді. 2001 жылы режиссер Лалита Кришнаның «Райан құдығы» атты деректі фильміндегі бір сөзі оның жетістік формуласы  секілді, бүй дейді: «Сәтсіздікті қабылдап үйрену керек, сонда ғана жетістікке жете аласың».

Бір адам миллиондар үшін

Райанның Уикипедиядағы, ресми сайтындағы марапат, медальдарын тізсек, ұзаққа кетуіміз мүмкін. 1998 жылдан бастап дамылсыз көрсетіп келе жатқан азаматтығы соған лайық та. Ол көптеген ірі мекемелер мен ұйымдардың, өзі білім алған орындардың батыры, мақтанышы, өзі туған Канаданың өзге елдер арасындағы сенімді өкілі. Ал Уганданың Отуал қаласы 2000 жылы үлкен жүректі кішкентай бала қаздырған алғашқы құдықтың құрметіне 27 шілдені «Райан күні» деп жариялады. Бірақ бәрінен биігі, мен үшін – 7 жасар сары баланы бір ауыл халқының бүкіл жол бойында тікесінен тік тұрып, тоқтамастан қол шапалақтап күтіп алуы және бұл үрдістің арада 15 жыл өтсе де дәл солай қайталануы. Бұл – еңбек, маңдай термен келген құрмет, адалдықпен алған атақ. Райан маған халықтың сахнадағы әртістерге немесе мінбердегі президенттерге ғана емес, қарапайым жердегілерге де қошемет көрсететінін дәлелдеді. Бір өзі миллиондардың алғысын алып отырған Райан қазір өзі дүниеге келген Канадада жеті жасынан бастаған қор жұмысын жалғастырып жатыр. 2015 жылғы мәлімет бойынша, қор сол уақытқа дейін 1000 құдық қаздырған, бұл әлемінің 15 еліндегі 842,000 адамға көмек көрсетеді. Райан қоры ресми сайтының «Біз туралы» айдарында мынадай сөйлем бар екен: «Бір ғана құдық барлығын өзгертті». Біз кейде бір ғана қарапайым қадамның барлығын өзгерте алатынына сенгіміз келмейді. Ал шындығында ең үлкен өзгерістер кішкентай әрекеттерден басталады. Енді айтыңызшы, оқырман, сіз қазір не істейсіз?... Мақаладағы материалдардың түпнұсқасын төмендегі сілтемелерден оқуға болады: https://en.wikipedia.org/wiki/Ryan_Hreljac  https://books.google.kz/books?id=N6alx1l9cu0C&pg=PA63&redir_esc=y#v=onepage&q&f=false https://myhero.com/RYAN_HRELJAC https://books.google.kz/books?id=tHtdDQAAQBAJ&pg=PT18&redir_esc=y#v=onepage&q&f=false https://ottawacitizen.com/news/local-news/the-upbeat-ryans-well-foundation-founder-honoured-by-youth-organization https://books.google.kz/books?id=c18_TnQJ6jkC&pg=PA7&redir_esc=y https://books.google.kz/books?id=IrSB67oAVoQC&pg=PA99&redir_esc=y#v=onepage&q&f=false https://www.youtube.com/watch?v=dxnPimtN8LE https://www.insideottawavalley.com/news-story/5953092--return-to-ryan-s-well-premieres-in-kemptville/ https://www.insideottawavalley.com/news-story/5271080-ryan-hreljac-takes-on-new-role-at-ryan-s-well-foundation/ https://books.google.kz/books?id=TDMEAAAAMBAJ&pg=PA29&redir_esc=y#v=onepage&q&f=false https://worldofchildren.org/honoree/ryan-hreljac/ https://www.youtube.com/watch?v=dxnPimtN8LE https://www.youtube.com/watch?v=ZXA4J1hWoOw&t=2s https://www.youtube.com/watch?v=ssMZyhnqrbI

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

«Ұлан газеті», №40 2 қазан 2018 жыл

805 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор