• Әлемді өзгерткен балалар
  • 17 Тамыз, 2018

Адора Свитак (Adora Svitak)

Мен онымен танысқанда ХХІ ғасырдың жазушылары «компьютермен туады» екен-ау деп ойладым. Суреттегі күлімсіреген қыз – АҚШ-а туған әлемдегі ең кішкентай жазушылардың бірі. Ол 3 жасында оқуды, 4-ке жеткенде жазуды үйреніп алған. АДОРА СВИТАК (Adora Svitak):
  • 7 жасында тұңғыш кітабын шығарған;
  • 9 жасында алғашқы романын жазып бастаған;
  • 12 жасында милиондарды тамсандырған «әдеби вундеркинд».

Ұяда не көрсең...

Адора 1997 жылы 15 қазанда Американың Спрингфилд (Springfield) қаласында туған. Әкесі Джон инженер-программист, физика ғылымдарының докторы. Ал анасы Джойс Қытайда кітап жетіспеген Мәдени революция кезінде тәрбиеленген. Сондықтан ол балаларының білім алуына ерекше мән береді. Адораның анасы Джойс бір сұхбатта былай дейді: «Жолдасым  Джон өзге ұлттардың мәдениеті туралы оқығанды жақсы көреді. Қытайда тұрғанда мен де Америка және басқа да елдер туралы білуге қызығатынмын. Соның бір айғағы – француз тілін оқығаным. Қыздарымыздың сәби кезінен бастап Джон оларға балалар кітаптарын емес, өзіне ұнайтын халықаралық деңгейдегі кітаптарды оқып беретін. Ертегі болғанның өзінде олар әлем әдебиетінің жауһарлары еді. Адора 8 жасына дейін-ақ ересектердің өзі оқуға ойланатын кітаптарды тауысып тастаған. Оның жазу стилінің ерекше екендігінің бір себебі – осы». Әкесінің тәрбиесі туралы Адора көпшіліктің алдында сөйлеген сөзінде: «Ол бізге дәрігер, заңгер бол деп айтпайтын, есесіне Аристотель және микробтарды өлтіретін күрескер туралы кітап оқып беретін», – дейді. Анасы оның оқу-жазуға ерте әуестенген кезін: «Ол кішкентай кезінен-ақ қаламға құмар болды, жазуды жақсы көретін. Мен қолын қайтармадым. Қанша қаласа, сонша үйреттім. Бірақ оның саусақтары қаламсапты ұстауға және онымен көп жазуға тым кішкентай болды. Сондықтан оған компьютер алып бердік. Көп ұзамай Адораның саусақтары «ұшты» ғой. Бірақ мен оның өмірі осы сәттен бастап өзгеріп кететінін ойламадым», – деп еске алады.

Талаптың мініп тұлпарын...

Ата-анасының еңбегін бағалаған Адора өзінің компьютеріне 300-ге жуық қысқа әңгімелерін жазады. 7 жасында ең алғашқы «Ұшқыш саусақтар» («Flying fingers») атты кітабын шығарады. Бұл оқиға сол сәтте үлкен резонанс тудырады, нәтижесінде жүздеген мектептер арнайы талқылайды. Жұлдызды шағы туардағы оқиғаны ойға алған Адора: «Бірнеше баспалар мені көзге де ілген жоқ. Тіпті бір атақты балалар баспасының өкілі балалармен жұмыс істемейтінін айтты. Қалай сонда балалар баспасы балалармен жұмыс істемейді? Бүйтетін болса, клиентінің көбін жоғалтып алмай ма? Тек Action Publishing деген баспа ғана маған сенім артып, кітабымды шығарып берді», – дейді. 7 жасар жазушыны «Қайырлы таң, Америка!» таңғы бағдарламасына шақырады. Студияда оған компьютер беріп, сынап көреді. Аз уақыттың ішінде Адора диалогқа құрылған шағын әңгіме жазып шығады. Тележүргізуші оның бұл туындысын тікелей эфирде барлық көрерменге оқып береді. (Фото 2)

Тағы бір тәнті етерлігі, Адора өзінің талантына, қабілетіне ғана сеніп, құр қарап отырмаған. Медиаға шығуға өзі алдымен талпынған. Ол Американдық танымал тележүргізуші Опра Уинфриге хат жазған:

Құрметті Опра! Мен сіздің хабарға қатысқым келеді, себебі өзге балаларға оқып-жазуды үйренуге көмектесуді қалаймын. Мен сіз туралы білемін, өйткені маған сіздің хабарды көрген ұнайды. Сіздің білімді бағалайтыныңызды білемін және сіз балаларға көмектесіп, ірі істер атқарып жүрсіз. Мен балаларды оқу мен жазуға қызықтырып, ынталандыру үшін өзімнің жазу дағдыларымды көрсеткім келеді. Оларға оқу мен жазудың мені күтпеген жайттарға кезіктіргенін, әлем жаңалықтарындағы Питер Дженнингс секілді ешқашан көрем деп ойламаған адамдармен кездескенімді айтсам деймін. Мен сіздің бағдарламаныздың періштелеріне кітабымды сыйлап көмектескім келеді.  

Құрметпен,

Адора Свитак

Осы хатынан кейін тележүргізуші 8 жасар Адора туралы өзінің бағдарламасында арнайы сюжет береді.

7 жасар мұғалім

Адора Свитак анасымен бірге бастауыш мектепке келді. Бүгінгі сабақ поэзия туралы және ол мұны шынымен асыға күтті. Бірақ 11 жасар Адора оқушы емес, ол – оқытушы. 160 жылдан астам тарихы бар, Ұлыбританияның бренді саналатын «The Telegraph» (Телеграф) газетінде 2009 жылы жарияланған «Адора Свитак әлемдегі ең ақылды бала ма?» атты мақала осылай басталады. Алайда ол балаларға сабақ беруді, білгенін үйретуді 7 жасында, яғни алғашқы кітабы шыққаннан бері бастаған. Сонда оны АҚШ БҰҚ «Әлемдегі ең кішкентай мұғалім» деп көрсеткен. Аталған шығарылымда журналист: «Адора өте жылдам, ол компьютерде минутына 80-112 сөз тереді, күніне 2-3 кітап оқиды және жылына 330,000 сөз жазады. Оны 11 жасына дейін әлемдегі, сондай-ақ Қытай, Гонконг, Вьетнам елдеріндегі 300-ден аса мектептер, сыныптар оқу мен жазудағы тәжірибесімен бөлісуге арнайы қаржысын төлеп шақыртқан. Адораның ата-анасы Вашингтон штатының Редмонд қаласындағы үйінің жертөлесін телевизиялық студияға айналдырған. Адора осы студияда балалар мен ересектерге, педагогтарға арналған, 50 минуты 300 доллар тұратын видеосабақтарын өткізеді», – деп жазады. Адора 7 жыл бұрын берген сол сұхбатында былай дейді: «Мен бала болғанда қолдауды қажет еттім. Балалық күнім туралы өткен шақта айтқанда, 2 жастан 9-ға дейінгі кезімді меңзеймін. Өзімді ересек сезінгеніммен, әлі де бала екенімді түсінемін. Жақында «Сіздің шынайы жасыңыз қандай?» деген онлайн-тесттен өттім. Менің нәтижем – 50-60 жас. Біздің отбасында мені шын мәнінде кездейсоқ 11 жаста болатын үлкен адам деп әзілдейді». Анасы сол сәттердегі талабы туралы сөз еткенде, Адораның күн сайын түнгі 11-12-ге дейін ертеңгі презентациясына, сабағына дайындалатынын, оған үзіліс жасап, демалу керектігін есіне салып отыратынын, оның өте еңбекқор жан екенін айтады.

99 пайыз еңбек

Адора еңбекқорлығының арқасында 14 жасында-ақ 3 кітаптың авторы атанған. Тұңғышын жоғарыда сөз еттік. Екінші кітабы «Биші саусақтар» деп аталады. Онда Адораның әпкесі Адрианамен бірге шығарған өлең-тақпақтар топтастырылған. Ал «Бетпердедегі Янг» (Yang in Disguise) деп аталатын алғашқы романын 2006 жылы 9 жасында бастаған. Қиял-ғажайыпқа құрылған бұл романын 2011 жылы кітап қып шығарған. Туындыда патшаның баласы өз елінің түйінді мәселелерін шешудің неғұрлым бейбіт жолын табу үшін әкесінің патшалығын тастап, жолға шығады. Адора өзінің романы туралы былай дейді: «Мен әр түрлі жанрларды зерттеуді жалғастырғым келеді. Алғашқы кітабым тарихи фантастика мен қиял-ғажайыпқа құрылған және кеңестер жинақталған. Мен жаңалықтарды көп көремін, бұл мені ойлануға мәжбүрлейді. Осы романдағы мақсатым – соғыс пен бейбітшілік туралы өз идеяларымды жеткізген әңгіме желісін құру. Бірақ бәрібір бұл басқа балалар үшін қызықты болды». Айта кетейік, Адора Редмонд орта мектебімен қатар онлайн түрде Вашингтон виртуалды академиясында оқыған. Бірақ ол ешқашан өзіндік білім алуды, танымын кеңейтуді әріп танығаннан бері еш тоқтатпаған. Өзінің блогында оқып жүрген жаңа кітаптары жайлы жиі жазатынынан осыны айқын аңғаруға болады.

«Өскенде кім боласың?» деген сұраққа Адора: «Әдебиет пен тарих саласында Нобель сыйлығының иегері боламын!» – деп жауап береді.

60 тілде «сөйлеген» спикер

12 жасар әлемдегі ең кішкентай мұғалім әрі жазушыны бүгінде үздік идеялардың алаңына айналып үлгерген TEDtalks сахнасында сөз сөйлеуге шақырады. Ең алғашқы «Ересектер балалардан не үйрене алады?» атты баяндамасы көптің көңілінен шығып, залдағы барлық тыңдармандарды қайран қалдырады. Алайда ұйымдастырушылар оны You Tube арнасына салмай тұрғанда, дәл осы кішкентай қыздың өрелі ойы миллиондардың жүрегін жаулап аларын білмеген болар. Оның видеосы 3 миллионға жуық көрермен жинаған, ең ғажабы Адораның сол сөзі субтитр арқылы 60 тілге аударылған. Демек, ол бір мезетте 60 тілде сөйлеп тұр, әлі де талай тілге аударылатыны анық. Бірінші мүшелге де келіп үлгермеген шағында осы қыз барша ересектерге былай дейді: «Балалар бәрібір өсіп, тура сіздер секілді ересектерге айналады. Тура сіздер секілді. Рас қой? Мәселе – балалардың дәл сіздердей боп өсуінде емес, сіздерден де жақсы болып есеюінде. Сіздің өмірлік ұстанымыңыз немесе орныңыз емес, сізден де асып түсуіміз үшін бізге жасаған мүмкіндіктеріңіз маңызды. Қазір әлем озық идеялар мен жаңа көшбасшыларға мұқтаж. Жол бастау мен биіктерді бағындыру үшін балаларға мүмкіндік беру керек. Сіз соған дайынсыз ба? Себебі ғаламдық проблемалар адамзатқа мұра боп қалмауы қажет». Мен дайынмын, қазақ баласы, жол бастауға сен дайынсың ба?... Адора бүгінде әлемдік көшбасшылар жиналатын шаралардың тұрақты спикері. 5 жыл бұрын, яғни 15 жасында Адора Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен жастар форумында сөз сөйлеп тұр.       Сөз соңында Адораның афоризмге айналып үлгерген ойларын ұсынғым келеді: Бала ретінде сенің үнің маңызды. Оны пайдалан. Меніңше, жақсы жазудың бір кілті – барлық идеяңмен бөлісу және қорықпау. Асқақ армандау керек. Бұл сіз білетін әлемдегі ең ғажап роман болуы мүмкін. Мен өз шешімімді және қателіктерімді қабылдауға рұқсат етуім керек, орасан көп көмек алмай өрлеп, құлауым қажет, себебі бұл – өмірімнің соңына дейін істейтін істерім. Жасөспірімдерге үнемі «Есейгенде кім боласың?» деген сұрақ қойылады, сонан соң ересек кезде қалай мәнді өмір сүру керектігі туралы кеңес беріледі. Бірақ дәл қазір мәнді өмір сүруге деген мотивация қайда? Менің еңбегімнің мақсаты – айқын, ол – барлық жастар «үлкен ғажайыптар» жасай алатынын дәлелдеу. Мен кішкентай күнімде әлемдегі барлық бала оқуды жақсы көреді деп ойлайтынмын, себебі бұл қызық қой. Бірақ кейін бұның соншалықты рас еместігін түсіндім. Дүниежүзіндегі басқа да балалардың көп оқып, жазғанын қалаймын, себебі бұл оларға дүниені жақсылап тануға көмектеседі. Cіз бізді бүгін тыңдауға тиіссіз, өйткені біз – ертеңгі көшбасшылармыз. Мақаладағы материалдардың түпнұсқасын төмендегі сілтемелерден оқи аласыздар:   https://www.huffingtonpost.com/2012/12/31/teen-year-in-review-huffp_n_2302280.html https://blog.seattlepi.com/videoblogging/2012/02/09/redmond-teen-adora-svitak-wins-womens-media-center-girls-state-of-the-union-video-contest/ http://www.kavitachhibber.com/main/main.jsp?id=youthcolumn-Mar2006 http://www.redmond-reporter.com/news/redmond-junior-adora-svitak-speaks-at-un-in-new-york/ http://www.womensmediacenter.com/profile/adora-svitak https://mashable.com/author/adora-svitak/ https://gulfnews.com/news/uae/education/parenting-digital-natives-social-media-the-new-empowerment-1.1064438 https://www.huffingtonpost.com/adora-svitak/would-you-buy-this-for-yo_b_925117.html https://www.thenational.ae/uae/education/us-teenage-teacher-inspires-future-educators-1.503362 https://www.telegraph.co.uk/education/primaryeducation/4241402/Is-Adora-Svitak-the-cleverest-child-in-the-world.html https://www.prweb.com/releases/2006/03/prweb361980.htm

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №32 7 тамыз 2018 жыл

919 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор