• Күншуақ
  • 30 Қаңтар, 2018

БАРМАҚТАЙ ҚЫЗ

Тұрсынай Қабылмен танысқаныма бір жылдан асты. Əлеуметтік желіні де белсенді қолданады. Парақшасы тұнып тұрған позитив. Жариялаған жазбаларынан бөлек, жүктеген видеоларына қарап, биші ме деп қаласың. Өмірге ғашық жүрекпен өзгені таңғалдырып қана қоймай, ерік-жігерімен көпке үлгі болып жүрген спортшы. Пауэрлифтинг спортының еліміздегі жарық жұлдызы. Адам болып алға жылжу үшін бойдың емес, ойдың керек екенін өмірімен, өнерімен дəлелдеген. Бала кезінде бой өсуі бəсеңдеп қалған бойжеткеннің сырын жазып алған едік: «Кішкентай кезімде ата-əжемнің қызы болдым. Соларға көп еркеледім. Өте мейірімді əрі əңгімешіл, бірақ өкпелегіш бала болдым. Маған мұрын шүйіре қарайтын адамдарды түсінбейтін едім. Осының барлығын көріп өскендіктен кемшілігімді жасыратын жетістікке жетуді ойладым. «Менмұндалап» тұратын болмысымды бойжете келе қабылдай білдім. Бойымның қысқалығынан жасқаншақ болған емеспін. Əкем төрт жасымнан бастап спортқа баулыды. Өзі де спорт саласында жаттықтырушы болып еңбек етеді. Спортқа қызығушылығым оянбай тұрғанда сабақты өте жақсы оқыдым. Бастауыш сыныпта да, орта сыныпта да үлгілі оқушылардың қатарында болдым. Спортқа келгеннен кейін сабақты ұмыта бастадым. Тоғызыншы сыныптан бастап сабақтан қалуым жиілеп, қатысатын жарыстарым көбейді. Гимнастика, каратэ, бокс, ережесіз жекпе-жек дейсіз бе, бəрінде сынадық. Бірақ ол спорт түрлерінен өз болашағымды көре алмағаннан кейін қол үзе бастадым. Сосын би үйірмесіне бардым. Сондағы жаттықтырушым мені пауэрлифтинг спортына баулыды. Пауэрлифтинг дегеніміз – ауыр атлетикаға ұқсас спорт. Онда үш  түрлі жаттығу жасайды: зілтемірді желкеге қойып отырып-тұру, жатып сығымдау жəне зілтемірді жерден үзу арқылы көтеру. Бар-жоғы бір жылдың ішінде Қазақстан чемпионатын төрт рет ұтып алдым. Одан соң Якутияда өткен «Азия балалары» сайысында топ жарып, халықаралық дəрежедегі спорт шебері атағын алдым. 2017 жылы Дубайда өтетін Əлем кубогына дайындалып жүргенде, автобус қағып кетті. Соның салдарынан екі мəрте ота жасаттым. Басымнан өткен қайғылы жағдайдан соң қайта қалпыма келу өте қиын болды. Өмір мен үшін бір орында тоқтап қалғандай сезімде жүрдім. Дəрігерлер «егер спортпен айналыссаң қолыңның ауруы одан ары асқынып кетеді» дегеннен кейін спорттан қол үзуді де ойладым. Бірақ дəрігерлердің сөзін елемей, өзімнің күш-қуатым мен жаттығуымның тұрақтылығына сендім. Бір қызығы, спортқа оралған соң қолым қайта қалпына келіп, өзімді жақсы сезіндім. Жаттығу залына бармай тұрып, қолымды жан-жаққа сермеу мүмкін емес еді», – дейді дертінің шипасын спорттан тапқан бойжеткен. «Мүмкіндігі шектеулі мың адамның барлығының мақсаты бар. Арманы мен бағындырар биігі болады. Солар менің рухымды оятады. Мен сізге бір оқиғаны айтып берейін. Тоғыз күн толғатып туған баласы бір ай инкубаторда жатқан ананы білемін. Дəрігерлер: «Балаңнан бас тартқаның жөн. Оның туабітті дерті бар. Ол жазылмайды. Өскенде бейнет болады», – деп баласынан бас тартуға көндіргілері келген. Шешесі күні-түнідұға етіп, баласының аман қалуын тілейді. Сол əйел менің шешем болып шықты. Инкубаторда жатқан мен едім. Бірақ кездескен қиыншылыққа қарамастан, ешкімге салмақ салмай өстім. Анам мен əжемнің қолғанаты болдым. Үй тірлігіне де араласамын. Жарыстан қолым босаған кезде үйде отырып тəттілер пісіргенді жақсы көремін. Анаммен жиі сырласамын. Барлық құпиямды біледі. Ол – менің сырлас құрбым», – деп ағынан жарылды Тұрсынай.

«ЕКІ АРМАНЫМ БАР»

«Келешекте өмірім туралы кітап жазғым келеді. Мүгедектер үшін жаттығу залын ашсам деп армандаймын жəне соларға жаттықтырушы болғым келеді», – деген арманын естігем. Ол арманның орындалатын ауылы да алыс емес. Оны мына əңгімесінен аңғардық: «Менің жасым 18-де. Əлі көп өмір сүруім керек. Спорт саласында өзімді қалыптастырғым келеді. Көк туды желбіретіп, елімнің қоржынына алтын медаль салғым келеді. Болашағымды спортпен ғана байланыстырамын. «Мүгедекпін» деп мүдіріп қалатын жандар қаншама?!. Солардың өмірін өзгерткім келеді. Əр адамның арманы əртүрлі. Саяхаттау, əлемді аралауды армандамаймын. Ақшалы болуды, қымбат көлік мінуді де армандаған емеспін. Олимпиадада алтын алу мен мүгедек адамдарға көмектесу – менің арманым. Басымнан қиын күндер өтті. Бойымның аласалығынан ұялған күндерім де болды. Бірақ бəрі де келмеске кетті. Бір кітапқа жүк болатындай оқиғалар да болды. Соны жинақтап кітап жазғым келеді. Елімізде мүгедектерге арналған жаттығу залы аз. Сол олқылықтың орнын толтыру маған міндеттелгендей көрінеді. Өзім жаттықтырушы болсам, қанекей?!. Асықпай түсіндіріп, баяу қимылдатып, төзімділікпен жұмыс істер едім», – дейді спорт жұлдызы. Айтпақшы, болашақта адамдарға жігер беретін мотиваторлардың қатарынан да Тұрсынайды көріп қалуыңыз мүмкін. Ол туралы өзі былай дейді: «Қоғамда мен сияқты адамдар қаншама?!. Бəрі емес, бірақ «қолымнан ештеңе келмейді» дейтіндер де жоқ емес. Соларды жігерлендіріп, өмірлерінің жарқын болуына септігімді тигіземін. Болмыс пен бойға ештеңе байланып тұрған жоқ. Жетістіктің бəрі ақыл мен еңбекпен келеді». Біз бойжеткеннің жауабына сүйсіндік. Тұрсынайдың болмысы бірқалыпты. Үнемі көңілді жүреді. Ауыр сөз айтпайды. Достары көп. Жарысқа дайындалып жатса да, көңілімізді қимай уақыт бөлді. «Ақпан айында Дубайда əлем кубогынан халықаралық жарыс болады. Соған дайындалып жатырмын. Алтын алуым керек», – деп қысқа қайырды. Бармақтай бойжеткеннің болашағынан күтеріміз көп. «Айтуға оңай» бағдарламасына қонаққа келгенде Бейсен Құранбек ағаның «Өмірің қалай өтіп жатыр? Сабағың қалай?» деген сұрағына бас бармағын көрсетіп, «мынауский» деген еді. Əрдайым солай болғай!

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА,

«Ұлан» газеті, №5 30 қаңтар 2018 жыл

428 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор