• Күншуақ
  • 29 Қаңтар, 2018

Шала туылған сәбиге үш күн ішінде көмек көрсетілуі керек

Елімізде жыл сайын жиырма мыңға жуық сəби айы-күні жетпей, шала туылады екен. Шала туылған сегіз мың сəби көз ауруымен күреседі. Əсіресе, ретинопатия (уақыт өте келе соқырға айналуы мүмкін) жиі кездеседі. – 2012 жылы Алматыда  балалар хирургиясы орталығында лазерлі аппараттың көмегімен 300-ге жуық операция жасалды. Ол кезде Перинатология жəне балалар кардиохирургия орталығы енді ашылған болатын. Біз баланың дертін анықтап, емделуге Педиатрия институтына жіберетінбіз. Аурумен күресудің орнына осылай уақыт өткізіп, жүріп алатынбыз. Енді бəрі басқаша болмақ. Бізде арнайы офтальмологиялық лазер бар. Балаларға басқа орталыққа барудың қажеті жоқ. Емді өзіміз жасаймыз. Бүлдіршіндер əдемі əлемді өз көздерімен көретін болады, – дейді Перинатология жəне балалар кардиохирургия орталығының директоры Эльмира Жақашева. Көзінде ақауы бар шала туылған сəбиге 72 сағаттың ішінде көмек көрсетілуі керек. Егер көмек берілмесе, балаға күрделі операция жасалады. Əзірге жеті өңірде: Атырау, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы, Астана жəне Алматыдағы ғылыми орталықта офтальмологиялық лазер бар. Төрт жыл ішінде республика бойынша 600-ге жуық баланың көзіне операция жасалып, қуаныш сыйлапты. Таяуда «Қазкоммерцбанк» жəне Homebahk.kz порталы балалар кардиохирургия орталығына екінші рет офтальмологиялық лазер сыйға тартты. Енді жыл сайын көзі ауыратын жүзге жуық бүлдіршіннің дерттен айығуына мүмкіндік бар. 2007 жылдан бастап «Қазкоммерцбанк» Денсаулық сақтау министрлігінің əрбір бастамасына қолдау білдіріп келеді. Науқас балаларға көмек ретінде «Қорғаушы періште» деген арнайы жоба құрылыпты. Он бір жылдың ішінде бес перзентханаға қажетті медициналық аппаратты сыйға тартыпты. Банк жетекшісі  Ульф Вокурка лазерді банк тұтынушыларының көмегімен алғанын айтады. Балаларға көмек болсын деген ниетпен «Қорғаушы періште» банк картасын 8 мың адам қолданыпты. Жыл сайын мыңға жуық балаға лазердің көмегімен операция жасалады. Өкініштісі, сəбидің көзіндегі ақауды алдын ала білу мүмкін емес. Ал шала туылған сəбиге үш күннің ішінде көмек көрсету керек. Биыл өзге де өңірлерге офтальмологиялық лазер беріледі екен. Əрине, бір аппарат бүкіл орталыққа аздық етеді. Сол үшін дəрігер мен ата-ана баланың денсаулығын жіті бақылағаны дұрыс. Перинатология жəне балалар кардиохирургия орталығына алғыс білдіруге бірнеше ата-ана келіпті. Солардың бірі – кішкентай Арманның анасы. Арман өмірге келгенде салмағы бір келіге де жетпепті. Дəрігерлер баланың амандығы үшін ұзақ күресіпті. Бір айдан кейін ғана көзінің дұрыс көрмейтінін анықтапты. – Бірнеше жерге хат жаздым. Өйткені шала туылған бала алдымен учаскелік дəрігердің бақылауында болады. Олар балаға қандай ем көрсететінін білмейді. Біз осылай бір айды өткізіп алдық. Бірнеше күрделі операция жасалды. Қазір көзі қалыпқа келді. Қиын күндер артта қалды. Ерте туылған баланы бірден перинаталды орталыққа жіберген дұрыс. Бұл жерде мықты мамандар жұмыс істейді. Баланың да, ананың да аман қалуына мүмкіндік бар, – деді Арманның анасы Динара.  

«Ұлан» газеті, №5 30 қаңтар 2018 жыл

 

364 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор