• ҰЛАН
  • 22 Қаңтар, 2018

Қатерлі дертті жеңген алты жасар Ақерке

Есікті Ақеркенің өзі ашты. Ұйқыдан енді тұрған беті екен. Дүкеннен тəтті ала барып ем, «несіне əуре болдыңыз» деп жымиды. Анасы жұмысқа кетіпті. Үйде анасының əпкесі Айнұр бар екен. Біз Ақеркемен Алматыдағы Педиатрия жəне балалар хирургиясы ғылыми орталығында  танысқан едік. Help Today қоғамдық қоры мен ғылыми орталық «Мен – жеңімпазбын!» қайырымдылық жобасы аясында қатерлі дертті жеңген балалар туралы əлеуметтік ролик түсіріпті. Роликтің бірі Ақерке жайлы. Елімізде жылына орташа есеппен 500-ден астам бала ауыр дертпен күреседі екен. Əсіресе, ақ қан (лейкоз) жиі кездеседі. Бұл дертпен жылына 170 бала ауырады. Дерттің белгісі əртүрлі болады. Баланың мұрны қанайды, басы ауырады, əлсірейді. Бастысы, дұрыс дəрігерге көрсету керек. Отандық медицинаның бұл ауруды анықтап, емдеуге мүмкіндігі бар. Дəрігерлер дертті жеңу науқастың өзіне байланысты дейді. Көп жағдайда ата-аналар баласының дертін көтере алмай, ажырасып кетеді. Өмір үшін күресіп жатқан балақайға бұл ауыр тиеді. Қазір қатерлі дертпен ауыратын балаларға психологиялық көмек те көрсетіледі екен. Соңғы жылдары елімізде онкологиялық ауруларды емдеудің барлық жолы жасалыпты. Мəселен, Ақерке Асылбек үш жасында ақ қанмен ауырыпты. Əлгі роликте батыр қыздың дертпен  қалай күрескенін айтады. Ғылыми орталықта кісі қарасы көп болды да, Ақеркемен үйде жолығатын боп келіскенбіз. Сол күн жетіп, келіп тұрмыз... Əңгімені нағашы əпкесі Айнұр бастады: – Əке-шешеміз Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында тұрады. Өзімнің Алматыға келгеніме бірнеше жыл болды. Ақерке 2015 жылдың ақпан айында ауырды. Бала болғасын суық не көз тиген деп аса мəн бермедік. Ыстығы көтеріліп, жиі мұрны қанап, əлсіреп қалатын. Ақыры аяғын баса алмай қалды. Дəрігерлер нақты не болғанын білмейді. Бүйрегі, бауыры деп неше түрлі дəріні бере берді. Тараздағы дəрігерлерге барсақ, «бəрі дұрыс, аяғын емдетуге Алматыға квота дайындаңдар», – деді. Осы аралықта ауылдағы дəрігерлер ауырып жүрген балаға екпе салды. Осыдан кейін баланың жағдайы нашарлады. Кешке сіңлім хабарласып, əлсіреп кеткенін айтты. Ертеңіне Тараздағы ауруханаға  əкелдік. Гемоглобин – 50. Дəрігерлер «ақ қан» деді. Иə, дəрігерлердің білімсіздігінен жапа шеккен балалар көп. Дəрігерлер Ақеркені көргенде «əбден əлсіретіп əкеліпсіңдер» деп сөйлепті. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мойынқұм ауданында осы дерттен бір бала көз жұмыпты. Айнұр жағдайды естігенде қатты қорқып, күні-түні жылағанын айтады. – Сіңлім Нұргүл мықты екен. Бəрін сабырлы қабылдады. «Қызым жеңіп шығады, ол бақытты өмір сүреді» деумен болды. Көп адамдар қатерлі дерттің емі жоқ деп ойлайды. Біз де солай ойладық. Бірақ дəрігерлер үміт отын қайта жақты. Елімізде медицинаның жақсы дамып келе жатқанына көзіміз жетті. Дəрігерлер Ақеркенің сауығып кетуіне толық кепілдік бере алмайтынын ашық айтты. Өйткені лейкоз қанға 95 пайыз сіңіп кеткен. Десе де медицинаның күшімен дертті қайтаруға болады деді. Ауруханада аурумен күресіп жатқан балалар көп екен. Бəрі де аурудан жазыларына үмітті. Аурухана төсегінде көз жұмған бөбектер туралы ешкім айтпады. «Жазылғандар көп» дейді. Біз де жылы сөзге жұбандық. Ақерке қатты қиналды. Əрбір ем алған сайын көтере алмай, ыстығы көтеріліп, əлсіреп қалатын. Бір жасқа жетпей сөйлеп кеткен. Ауруға осы қайраттылығы қарсы тұрды. Ауырып жатса да, əдемі киініп, палатаны аралап жүретін. Соңғы емі өте ауыр жүрді. Гормонды дəрі ішіп, тамаққа деген тəбеті артты. Күніге екі табақ манты жейтін. Айнұр Отарбаева деген жас дəрігер емдеді. Өте мықты, білімді екен. Бізге алдымен Жаратушы Алла, сосын алматылық дəрігерлер көмектесті. Дəрігерлер туралы айтылғанда əңгімеге Ақерке қосылды. – Мен өскенде дəрігер болғым келеді. Айнұр əпке сияқты балаларды емдеймін. – Айнұр дəрігерді неге жақсы көресің? – Ол əдемі-і-і ғой. Маған жүрісі, киінгені қатты ұнайды. Сосын мейірімді, ұрыспайды. Мойнына үнемі жүректі тыңдайтын  темір тағып жүреді. Бірде Айнұр əпкеге осы темірді ұстап суретке түскім келеді дедім. Темірді маған берді. Көп суретке түстім. Əпкені сол сəттен бастап жақсы көріп кеттім. Анама қуыршақ алып бер десем, «ақша жетпей тұр» дейді. Қазір банкир болсам ба деп ойланып жүрмін. Анам екі жұмысты істей беруге болады деген. – Дəрігерді тыңдап, дəріні тез ішетін бе едің? – Иə, тез ішетінмін. Ауруханада түсте ұйықтайтын кезде төсектің астына тығылып қаламыз. Кейбір балалар дəрі ішетін уақытта тығылады. Айнұр əпкемен жүрсең күшті ғой. Маған ауруханада қай жерде тығылуға болатынын көрсеткен. Екеуміз дəрігерлерден тығылып қалатынбыз. «Түсте ұйықтаңдар, ойыншықты жинаң-дар» деп айта беретін апайлар да бар. – Көп дос тапқан боларсың? – Уляна, Бақыт деген достарым бар. Олар 1-сыныпқа барды. Уляна ауруханада көп жатқан жоқ. Ол тез жазылып кетті. Мен арқам ауырғанда қатты қиналдым. – Бос уақытыңда не істейсің? – Үйде отыра берсең ішің пысады ғой. Анама бір жаққа барғым келеді деп айта беретінмін. Бір күні интернеттен билеп жатқан қыздарды көріп қалдым. Бидің аты – хип-хоп. Анама биге барам деп қоймадым. Қазір жақсы билеймін. Əдемі қыздың суретін саламын. Мынау – Аннаның суреті (Өзі салған суретті мақтана көрсетті – Г.З.). – Мойнындағы не? – Ол тұмар сияқты қоңырауы ғой. Көмек керек кезде əкесіне хабарласады. Кинотеатрға барып мультфильм көремін. Соңғы рет «Фердинанд» деген бұқа туралы мультик көрдім. Оның мүйізін алып кетпекші болады. Ол бəрін жеңіп, бостандыққа шығады. Сурет салғанды жақсы көремін. – Нені жек көресің? – Анамның жылағанын. Ауруханада мені көріп жыласа, өкпелейтінмін. «Мама, мен жазыламын, жыламашы» дейтінмін. Мен ұйықтағанда бəрібір жылап алатын. – Қандай арманың бар? – Анама екіқабатты үй, машина, телефон алып берсем деймін. Ақерке сүйікті дəрігері мен достарын айтқанда, жүзі күлімдеп кетті. Сағынғанын білдік. Жұлынынан сараптама алғаны есіне түскенде, үнсіз қалды...

«АУЫРАТЫН БАЛА ҚАЛМАСЫН...»

Ақеркені емдету үшін анасы мен əпкесі жұмысын тастапты. Анасы қызымен бірге тоғыз ай ауруханада болыпты. Жаңа жылдың алдында ем аяқталып, үйіне жіберіпті. Бір жарым жыл химиялық дəрілер қабылдапты. Дəрігер көп нəрсеге тыйым салыпты. Əсіресе көпшілік ортасында жүруге. Əпкесі дəрігердің талабын екі-ақ ай орындағанын айтады. Адамдармен əңгімелескенді жақсы көретін Ақеркені үйде ұстап отыру қиын болыпты. – Үйге бөтен адам келмейді. Əлсіз болғасын тұмау сынды жұқпалы ауруды тез қабылдайтын. Бірақ көп нəрсеге мəн бермеуге тырыстық. Жазылды, енді ауырмайды деп сенеміз. Есте сақтау қабілеті ерекше еді. Тақпақты бірден жаттап алатын. Дəріні жиі қабылдау есте сақтау қабілетіне əсер етеді. Қазір ауладағы балалардың бəрімен амандасады. Кейін келіп: «Анау баланың аты кім еді?» – деп сұрайды. Қабілеті уақыт өте келе қалпына келеді. «Ақерке, Алладан тез жазылайыншы деп тіле» десек, алақанын жайып, ауруханадағы бүкіл балалардың атын айтып, жазылуын тілейтін. Ең соңынан өзін айтып, «ауруханада ауыратын бала қалмасын» дейтін. Адам ағзасында лейкоздың қалай пайда болатынын ешкім білмейді. Біреу тұқым қуалайды десе, енді бірі қаназдықтан туады дейді. «Жазылды» деп ауруханадан шыққан екі бүлдіршін бүгінде арамызда жоқ... Айнұр лейкозды жеңген он адаммен кездескенін айтады. Бірі сəби сүйіп, балалы болса, енді бірі үздік оқушы. Ақеркенің айығуына Айнұр дəрігердің жылы сөзі себеп болған шығар?.. Қанша қиналып, ауыр күн өтсе де, есінде дəрігердің балаша ойнағаны қалыпты. Өзіне емес, өзгеге жақсылық тілегені себеп болған шығар... Дəрігерлер Ақеркенің иммунитеті əлсіз болғасын мектепке кейіндеу барғанын дұрыс көріпті. Қазір жағдайы бірқалыпты. Көктемде арнайы оқу орталығына барып дайындалмақшы екен. Айнұр шетелге барып емделу жайлы ой болмағанын айтады. Лейкозды шетелде емдетіп, елге келгенде ауруды қайта асқындырып алғандар бар екен. Сол үшін отандық дəрігерлерге қырын қарамай, толық сенген дұрыс дейді. Бұл дерт екінші рет қайталануы мүмкін. Ем қабылдауға ағза шыдамаса, шетелге жібереді.  Өйткені бауыр шыдамайды. Ақерке екі жыл бауырды емдейтін дəрі ішіпті. Үндістанда жасалған құны 350 мың теңге тұратын дəрі қабылдап жүр. Ал қажетті дəрілер тегін беріліпті. – Біз ауруханаға түскенде 1 жасын тойлап жатқан балақай бар еді. Жазылдық деп ауруханадан шыққан еді. Кейін екінші рет қайталап ауырыпты. Ақерке дəруменге бай жылқының етін жейді. Дəрігерге 6 ай сайын барып тексерілеміз. Сосын бір жыл, екі жыл. Бітті. Толық жазылдық дейміз. Өткен тоғыз ай түс секілді. Қиналып, өмірден түңілген кездер де болды. Бірақ жақсы күнге сендік, сол күн үшін күрестік. Дертпен күресіп жүрген ата-аналар сабырлы болса, дəрігердің айтқанын мұқият орындаса, жеңілмейтін дерт жоқ дер едім, – дейді əпкесі Айнұр.  

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №4 23 қаңтар 2018 жыл

 

633 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор