• ҰЛАН
  • 18 Қаңтар, 2018

Сұранысқа ие веб-мамандарды тегін оқытады

Қазақстанды цифрландыру деген не? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген маңызды мəселенің байыбына барып жүрген жастар қауымы жетерлік. Жаңа технологиялар қарыштап алға басқан сайын оның көшіне ілесу қиындап барады. Қарап тұрсақ, бүкіл өміріміз сандарға, жаңа техникаға тікелей байланысты. Арнайы мамандарға ғана емес, əрбір адамға техникалық білім ауадай қажет. Кейде техникалық жоғары оқу орнында 4 жыл базалық білім алған мамандардың өзі компанияның сұранысына сай келмейтін сəттер де кездеседі. Бұған нарықтағы талаптардың ғарыштық жылдамдықпен өзгеруі себеп болып жатады. Осындай кемшіліктерді жойып, өздеріне қажетті мамандарды дайындау мақсатында «Кселл» АҚ жəне OpenIT жас, тəжірибелі веб-əзірлеушілерді оқытуға бағытталған CAMP бірлескен əлеуметтік білім беру жобасын іске қосты. Жаңа жобаның мақсаты – аз қамтылған жəне көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға веб-бағдарламалау дағдыларын дамытуға мүмкіндік беру, олардың əрі қарай жұмысқа орналасуына көмектесу. Жақында Алматы қаласында өткен пресс-брифингте Ксell АҚ коммуникация бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова, Aviata.kz компаниясының даму жөніндегі директоры жəне OpenIT қатысушысы Алексей Ли, Kceel АҚ В2В департаментінің директоры Вадим Лю журналистердің сауалдарына жауап беріп, CAMP жаңа жобасының артықшылықтары туралы түсіндірді. Ұлан: Ал CAMP жобасын жасау туралы ой қайдан туындады? Жаңа жобаның мақсаты қандай? Наталья Еськова: Қазақстандық нарықта жоғары білікті веб-бағдарламашыларға үлкен сұраныс жəне тапшылық бар. CAMP жобасы осы мəселені шешуге бағытталып отыр. CAMP (Customersand MentorsProgram) – нақты тəжірибе бойынша жаңаша оқыту бағдарламасы. Жоба қатысушылары тəжірибелі жетекшілер мен веб-əзірлеу-шілердің нұсқаулары бойынша клиенттердің тапсырыстарын орындауды үйренеді. Қысқа мерзімге жоспарланған жедел практикалық сабақтардың бұл форматы жаңадан үйреніп жүрген веб-əзірлеушілерге базалық білім беріп, сұранысқа ие маман болып шығуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, біздің компания үшін əлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттерге көмек көрсету, ең үздік оқытушы мамандардан тəжірибе жинауға жəне еңбек нарығында кеңінен танымал болуға мүмкіндік беру өте маңызды. Алексей Ли: CAMP жобасын іске қосу – қазақстандық нарықты жоғары сапалы IT кадрлармен толықтыруға бағытталған тағы бір қадам. Студенттер үшін тəжірибелік дағдыларын жетілдіруге тамаша мүмкіндік. Бизнестегі тапсырыстардың болуы оқу үрдісін одан да қызықты əрі пайдалы етеді. Ұлан: Мамандарды оқуға қабылдау жəне оқыту процесі қанша уақытқа жоспарланған? Жоба бойынша оқу үшін өтініштерді кімге тапсыру керек? Вадим Лю: CAMP бағдарламасы 2018 жылдың қаңтар айында басталады жəне қыркүйек айына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде 3 топ жасақталады. Əрбір топ 3 ай бойы дамушы компаниялар мен ірікомпанияларда, соның ішінде «Кселл» ұсынатын практикалық кейс бойынша оқытылады. Жоба бойынша аз қамтылған жəне көпбалалы отбасынан шыққан қатысушыларға шəкіртақы төлеу де көзделіп отыр. CAMP бағдарламасы бойынша студенттерді оқуға қабылдау 2017 жылы 25 желтоқсанында өтті. Қазір іріктеу кезеңі аяқталды. Іріктеу Алматы қаласындағы бес университетте жүргізілді. Олардың қатарында Қазақ-Британ техникалық университеті, СДУ, ХАТУ, ҚазМУ жəне ҚазҰТУ бар. Кез келген адам іріктеуге қатыса алады. Негізгі талап – веб-технологиялар негіздері (HTML, CSS) бойынша базалық білімінің болуы, JavaScript бағдарламалау негіздерін білу артықшылық болып есептеледі. Қатысу үшін openit.kz/camp сайтына өтініш жіберу керек. Ұлан: CAMP жобасы жас мамандарға қандай артықшылық береді? Жоғары оқу орнында ала алмаған білім мен тəжірибені аз уақыттың ішінде игеріп шыға алады деп ойлайсыздар ма? Вадим Лю: Оқу аяқталғаннан кейін бағдарлама қатысушылары өнеркəсіптік деңгейде HTML жəне CSS жасап, JavaScript интерфейстерді бағдарламалай алады, тапсырыс берушінің талаптарына талдау жасайды, «аджайл» режимінде жұмыс жасайды жəне өз уақытында жасалған жұмыстарды тапсырады, жобаланған дизайн-макетке сəйкес веб-өнімдердің прототиптерін əзірлейді. Ең бастысы, олар алған практикалық дағдылары мен білімін пайдалана отырып, кəсіби деңгейде жұмыс істей алады. P.S. Қазір арнайы курстар мен жеделдетілген оқыту орталықтарының саудасы жүріп тұрған шақ. Соңғы уақытта кез келген салада мамандарды жұмыс процесіне үйрету үшін қайта оқыту шаралары жүріп жатыр. Бұл жоғары оқу орнында дұрыс оқымағаннан емес, теория мен тəжірибені ұштастыра білмегеннен шығар. Білікті маманның жерде қалмасы анық. Ал Kcell ұсынған жаңа жоба  жастар үшін жақсы мүмкіндік.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №3 16 қаңтар 2018 жыл

437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор