• ҰЛАН
  • 14 Желтоқсан, 2017

Сұлтан МҰСАХАН, жас биолог: Қайтсем де осы дертке дауа тапқым келді...

Назарбаев университетінің түлегі Сұлтан Мұсахан микроскопияны қолданып,  молекулярлық биология саласын зерттеп жүр. Ол өзендер мен су қоймаларындағы хроматтарды жоятын балдыр жасауды қолға алған. Хроматтар мөлшері көбейгендіктен, бізде ластану деңгейі өте жоғары. Кейбір хроматтар обыр дертін тудыратындықтан, олармен күрес өте өзекті. Сұлтанның қатерлі дертпен күресуіне əсер еткен себеп көп. Аты жаман аурудан тəтесінің қаза болуы сол себептің бірі ғана. Кейіпкеріміз  содан бастап қалайда осы дертке шипа табамын деп алдына мақсат қойған. «Кішкентай кезімнен биолог болуды қатты армандадым. Мамандығыма деген махаббаттымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны жүрекпен сезіну керек. Өсімдіктер саласына қызығатыным соншалық, бала кезімде ботаникалық бағым болған. Оған қоса түрлі ботаникалық энциклопедияларды коллекция ретінде жинайтынмын. Бірде атам маған «Жануарлар əлемі», «Өсімдіктер əлемі» атты энциклопедиялардың түгел сериясын сыйлады. Сол сəтте қуанған түрімді көрсеңіз! Кітаптың бəрін бір демде оқып шықтым. Білім инновация лицейін тəмамдаған соң, Назарбаев университетіне биология факультетіне оқуға түстім. Қазіргі уақытта микроскопия арқылы молекулалық биология саласында еңбектеніп жатырмын. Сонымен бірге, Иван Андреевич Воробьевтің жетекшілігімен химиялық препараттардың жасушаның қызметіне əсерін зерттеп жүрмін», – деп бастады əңгімесін жас ғалым. Бала кезінен ботаникалық бақ өсірген жас ғалым ғылыми зерттеу жұмысы туралы былайша түсіндірді: – Біздің жоба 16 обыр жасушасы мен 6 түрлі препаратты зерттейді. Егер заттың құрамын білмесек, адамдарды қалай емдейміз? Химиялық препараттар жасушаны өлтіреді ғой, ал бізге керісінше əрекет қажет. Екінші жобамыз – өзендер мен су қоймалардағы хроматтарды жоятын балдырларды зерттеу. Су қоймаларындағы хроматтар бойынша Қазақстан алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Өйткені, бізде ластану деңгейі өте жоғары. Кейбір хроматтар канцерогенді болғандықтан, обыр ауруын тудырады. Біздің басты мақсатымыз – балдырларды канцерогенсіз хроматтарға айналдырып, ластықты жою арқылы хроматтардың санын көбейту. Бұл экология мен өнеркəсіп үшін өте тиімді жоба болмақ. Бірақ, кəсіпкерлерге қоршаған ортаны ойлағаннан гөрі айыппұл төлеген оңай сияқты көрінеді. Балдыр мен обыр екі түрлі бағыт болғанымен, екеуі де жасуша. Олардың қолдану əдістері де өте ұқсас. Осының ішінде обыр жасушаларын білек сыбана зерттей бастадым. Тəтем асқазан обырынан қайтыс болды. Қазақстанда мұндай қатерлі ісікті емдеу өте қиын. Маған тəтемнің қазасы өте ауыр соққы болды, өзгелердің мен сияқты күйзеліске түскенін қаламадым. Сондықтан, обырдың биологиясын зерттей бастадым. Бұрынғы профессорым Кен Əлібек ұрықтан өзекті жасушалардың үзіндісін алуды зерттеген. Олар қоршаған ортаға орай өмір сүреді, өйткені жасушаларға оттегі жетіспесе, капилляр жасауымыз қажет. Біз өсімді денедегі жараларды емдеу үшін пайдаландық. Айтпақшы, обыр  жасушалары да қалыпты тіршілік етеді. Егер оларға оттегі жетпесе, капиллярлы тор түзеді. Осы жоба аяқталған соң, Иван Андреевич Воробьевпен обыр жасушаларының пайда болуын зерттеуге кірісеміз.

АМЕРИКАДА ЕТ АСЫП, ҚАМЫР ЖАЙДЫМ...

– Бостон университетіне тəжірибе алмасуға барып келіпсіз... – Иə, арнайы конкурс арқылы екінің біріне бұйыра бермейтін  мүмкіндікке ие болдым. Конкурстың бірінші турынан гөрі, екінші турының қалай өткені əлі есімде, сол күн санамда мəңгі жатталып қалғандай. Екінші кезеңге дайындалғаным соншалық, кездесудің əр сəтін санамда ойластырып қойғанмын. Стилист маманнан кеңес алып, əдемі киініп, алғаш рет көргенде ерекше əсер қалдырайын деген ниетпен қолымнан келгенше тырысып бақтым. Бəсекелестерімді көрген сəтте қатты қобалжыдым. Ғылымды сонша жақсы көретін адамдар көп деп ойламаған едім. Білім грантына таласушылар көп екен. Қиын болғанымен, конкурс өте жылы атмосферада өтті. Бастысы, қорқынышыңды жеңіп, өз-өзіңе сенімді болу керек екен. Конкурстың екінші туры маған көп нəрсені үйретті. Сол кездегі бəсекелес болған жандар бүгінде өте жақын достарыма айналды. – Тəжірибе алмасып қана қоймай, бақылап та жүрген боларсыз. Америкадан қандай естелік қалды? – Апта сайын қазақ халқының ұлттық тағамдарын əзірлеп, жанымдағылардың таңдайын қақтырушы едім. Тіпті ет асып, қамыр да жайдым. Америкалықтар менің тағамымды онша бағаламағанымен, тырысып дайындаған еңбегіме риза болды. Бостон – өте керемет қала. Тек тұрғындарының көбі Қазақстанды біле білмейді. Ол жақта өзіме жаңа орта қалыптастырдым. Бастапқы кезде жай таныс болған адамдар қазір бірге туған бауырларымдай. Олар маған  барынша көмектесті. Егер олар болмаса, менің қолымнан түк те келмес еді. Зертханада мен үшін бəрі жаңаша болғаны сонша, кейбір жұмыстарды меңгере алмайтын едім. Бірақ, сонда да өз ортама сыйлы болғандықтан, көбі мені құрметтейтін. Ол жерде ұстаз бен шəкірттің қарым-қатынасы қатып қалған жүйеде емес. Сіз өз ұстаздарыңызбен емін-еркін шəй ішіп, еркін форматта сөйлесе аласыз. Профессорлармен киноға барып, Чарльз өзенінің бойында серуендегеніміз, спорт жарыстары бойынша Гарвард университетіне барғанымыз, мексикалық бурито жегеніміз – бəрі-бəрі əлі күнге дейін көз алдымда. Бостон мені барлық қырынан тəрбиелеп, қарапайым болуға үйретті. – Ғалымның бір күні қалай өтеді? – Таңертең тұрып, физика-математика бағытындағы  Назарбаев зияткерлік мектебіне барып, ғылыми бағытта жұмыс істеймін. Мектеп оқушыларымен жұмыс істеген қатты ұнайды. Балалардың көзінен ерекше ықыласты көріп, өзім де шабыттанамын. Олардың менен де мықты маман болғандарын қалаймын. Кейде өзімнің болмысымды осы балалардан көремін. Мен оқушыларымның биология саласы мен ғылымға ерекше махаббатпен қарағанын армандаймын. Магистрант болғандықтан мектептен кейін оқуыма барамын. Ал жұмысым кешкі сағат алтыдан кейін қызады. Зертханама барып, командамен жұмыс істейтін. Командамыздағы 30 адам əртүрлі ұлттың өкілі. Бұл команда мені дамытып келе жатыр. Екінші отбасыма айналған. – Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз... – Əзірге магистрант болғандықтан, міндетті түрде шетелде PhD дəрежесін меңгеру қажет. Өйткені, біздің елімізде ғылым бүлдіршіннің тəй-тəй басқанындай енді дамып келеді. Əзірге дайындық шикілеу болғанымен, PhD біз үшін жаңа бағыт. Сондықтан, əлі көп еңбектену керек. Шетелде білім алып, Алматыға оралғым келеді. Туған қаламды ерекше жақсы көремін.    

Назым САПАРОВА, «Ұланның» жас тілшісі, əл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №50 12 желтоқсан 2017 жыл

378 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор