• ҰЛАН
  • 17 Қазан, 2017

Бәйшешек обыр жасушаларын өлтіреді

«Бəйшешек» дегенде көз алдымызға бірден көктем елестейді. Өйткені, ол – көктемнің алғашқы гүлі. Сондықтан да, бəйшешек пен көктем – егіз ұғымдар. Адамзаттың бəрі бұл гүлді үкілі үмітпен, сарғайған сағынышпен күтеді. «Көктемнің жаршысы» саналатын бəйшешек – қызғалдақ туысына жататын көпжылдық, пиязды өсімдік. Биіктігі 15-30 сантиметр болып келеді. Сопақша келген баданасының жуандығы 1-2 сантиметр. Жұқа, қара, қоңыр қабықты, сабағы тақыр 2-3 жапырақты дара гүлді. Сəуір-мамыр айларында гүлдейді. Жемісі – қауашақ, жоғары жағы үшкірлеу, ұзындығы 1,5-2,5 сантиметр, ені 1-5 сантиметр болып келеді. Əлемде бəйшешектің 100-ге жуық түрі бар. Алайда, бəйшешектің пиязы (түйнегі) улы болып келеді. Олардың түбіндегі пиязы улы болғандықтан, бірде-бір кеміргіштің тиісуге батылы бармайды. Гүлдің түйнегі улы болғандықтан адам өмірі үшін де қауіпті. Бүгінде ғылымда бəйшешектің тек 80-ге жуық түрі белгілі. Оның сирек кездесетін түрлері Орта жəне Оңтүстік Еуропада, Қырым, Кавказ жерлерінде, Кіші Азия аумағында кең таралған. Біздің елімізде Іле, Жетісу, Теріскей Алатауларында, Қаратауда өседі. Қаһарлы қыстың қытымыр суығынан кейін көктем келгенде қар астынан қылтиып шыққан бəйшешек сондай сұлу! Бірақ, біз желөкпе əрекетпен бір мезеттік шаттық үшін бəйшешекті жұлып, жақындарымызға сыйлаймыз. Неге? Бұл гүлдің саны күннен-күнге жоғалып, оның алты түрі «Қызыл кітапқа» енгізілгені жөнінен көбі бейхабар. Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті биотехнология кафедрасының PhD докторанты, биология жəне биологиялық өсімдіктерді зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері Дəрия Сатыбалдиева бəйшешектерді сақтап қалу үшін еңбектенуде. Өзінің ғылыми жұмысына не себепті бəйшешекті таңдағаны туралы алғашқы сөзді кейіпкеріміздің өзі бастады. – Алматы қаласының тумасымын. Қарапайым отбасында туып-өстім. Мектепте оқып жүргенде дəрігер болуды армандадым. Алайда, ҰБТ тапсырған соң өмірім 100%-ға өзгерді. Дəрігер болу бұйырмаса да, биотехнология саласына жолым түсті. Қазіргі таңда осы таңдауыма еш өкінбеймін. Қайта ғылыми жолда өз арнамды тауып, еліме пайдалы іспен айналысып жүргеніме қуанамын. – Не себепті ғылыми-зерттеу нысаныңызға бəйшешекті таңдадыңыз? – Бəйшешек – ерекше өсімдік, көктемнің алғашқы гүлі. Ол тіпті далалы аймақта ауа температурасының өзгеруіне əсер етеді. Медицина саласында да бəйшешектің пайдасы көп. Бірақ, бір ескеретіні – гүлді жұлған сəттен бастап, таңнан кешке дейінгі уақыт аралығында солып қалады. Көп адамдар бəйшешектің жойылып бара жатқанын білмейді. Қазіргі таңда бəйшешектерді жұлсаңыз, заң бойынша айыппұл төлейсіз. Бірақ, заңға бағынбай, бəйшешекті жұлатындардың қатары толастар емес. Мені біздің қоғамның осындай экологиялық мəселелерге немқұрайлы қарайтыны қынжылтады. Сондықтан, қателіктің орнын толтыру мақсатында осы гүлді зерттеуді, қорғауды таңдадым. – Зерттеу жұмыстарының қиыншылығы да аз емес шығар? – Мен өзімнің ғылыми жұмысымның зерттеу аясын кеңейтіп, бəйшешектің өзге де пайдалы тұстарын зерттесем деймін. Бірақ, химиялық реагенттер мен арнайы құрылғылардың бағасы тым қымбат, қажетті препараттар мен заттардың болмауы əлемдік деңгейде жаңалық ашуға кедергі келтіреді. Алайда, əр істің бір шешімі бар. Зерттеу жұмысымның барысында Түркия мемлекетіне тəжірибе алмасуға барып, Алатау тауының беткі шафрандық қабатының биологиялық белсенділігін зерттедім. Сонымен қатар, біз антиоксиданттар мен антимикробты химиялық заттарды меңгеріп алғанның нəтижесінде, менің алғашқы ғылыми жетістігім өзімді қанағаттандырып қана қоймай, қатты қуантты. Білесіздер ме, бəйшешек гүлі адамның обыр жасушалары талшықтарының өлуіне əсер етеді. Алдағы уақытта бəйшешектерді сақтап қалумен қатар, медицина саласына пайдасын одан əрі зерттесем деген ниеттемін. – Ғылыми қызметкердің бір күні қалай өтеді? – Мен микроклондық көбею зертханасында жұмыс істеймін. Бұл технология invitro өсімдігін өсіруге мүмкіндік береді. Толығырақ айтсам, бұл өсімдік арнайы құтыларда өседі. Осы əдіс арқылы бəйшешектерді сақтап қалғым келеді. Сонымен қатар, менімен бірге жеті ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Біз ғылыми қызметкерлермен бəйшешектерді көбейтіп, оның саябақтарда өсуін қамтамасыз етеміз жəне оның дəрілік құрамын зерттейміз. Негізі, кішкентай бəйшешектердің ашылмаған сырлары өте көп. – Сұқбатыңызға рақмет! P.S: Дəрия кішкентай кезінен «Ұланның» тұрақты оқырманы болған. «Кел, танысайық!» айдары арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен достар тапқан, олармен əлі күнге дейін араласып тұрады. «Ұланның» жас тілшісі екенімді айтқанда, сұқбат беруге қуана келісті. Кездесу барысында Дəрия өзінің əлі күнге дейін сүйікті газетін оқитынын айтып, бір қуантып тастады. Газетімізді оқып өскен ұланның ғылымдағы жетістігіне бір қуансақ, газетті əлі оқитыны екі есе қуантты.

Назым САПАРОВА,

«Ұланның» жас тілшісі.

Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ

филология жəне əлем тілдері факультетінің

1-курс студенті

«Ұлан» газеті, №42

17.10.2017

 

615 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор