• ҰЛАН
  • 30 Мамыр, 2017

Әлемде робот құрастыратын екі мыңға жуық команда бар. Біздің оқушылар 38-орында

«Робот өздігінен зиян келтірмейді немесе өзінің əрекетсіздігімен адамға зиян келуін болдырмайды». Робототехниканың осындай алғашқы заңын Айзек Айзимов сонау 1942 жылы тұжырымдаған болатын. Ол кезде машиналар күрделі операцияларды, тіпті, адамды ауыстыруға қабілетті болады деп ойлау таңғажайып ертегі сияқты көрінетін. Жарты ғасырдан аз уақытта мұндай роботтарды инженер мамандар ғана емес, мектеп оқушылары да құрастыратынын ешкім ойламаған шығар. Жаһандану дəуірінде ақпараттық технологиялар қарыштап дамығаны соншалық, қазір өздеріңмен қатарлас мектеп оқушылары да түрлі роботтарды құрастыра алатын болды. Мысалы, Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Мəскеу қаласында өткен «Робофест» IX Бүкілресейлік робот фестивалінде жеңіске жетті. «Робофест» – жыл сайын 6 жастан 30 жасқа дейінгі ғылыми-техникалық шығармашылықтың үздік қатысушыларын жинайтын байқау. Жас өнертапқыштармен сұхбаттасуға барғанымызда, олар шілде айында Америкада өтетін байқауға қызу дайындалып жатыр екен. Робототехника бойынша қосымша білім беру педагогы Нұрдəулет Досмағамбет бізге оқушыларының жетістігі туралы айтып берді. Ұлан: Мəскеудегі жеңістеріңіз құтты болсын! «Робофест» фестивалі қандай байқау? Оған кімдер қатыса алады? Нұрдəулет Досмағамбет: Мəскеу қаласында жыл сайын өтетін «Робофест» робот фестиваліне биыл қазақстандық оқушылар алғаш рет қатысты. «Робофест» Бүкілресейлік робофестивалі робототехника саласы бойынша Шығыс Еуропадағы ең ірі байқаудың бірі. Бұл байқауға Ресей жəне ТМД елдерінің өкілдері қатыса алады. Біз байқауға қатысу үшін 2 ай бойы дамылсыз дайындалдық. Орта сынып оқушылары «Робофестте» үздік деп танылып, І орынға ие болды. Ал жоғары сынып оқушыларынан құралған команда ІІ орынды иеленді.

«Робофест» байқауынан соң АҚШ-тан шақырту келді

Ұлан: «Робофестке» қандай жоба, қандай роботтар ұсындыңыздар? Бұл ең-бектеріңіз əлемдік додада қалай бағаланды? Нұрдəулет Досмағамбет: «Робофест» фестиваліне екі робот құрастырдық. Біздің жобамыздың мазмұны спорттық ойын түрлеріне ұқсас болып келеді. Біз құрастырған ойында көліктің ішіндегі кубтар мен жолаушылар бар. Ойынның басты мақсаты – кубтар мен жолаушыларды қарсыласыңның территориясына шығару. Əлемдік байқауда мықты командалар мен түрлі роботтар көп болды. Мəскеудегі жарыс қорытындысы бойынша Абаков Арман, Теміров Бахтияр, Жармағамбетов Темірлан, Кабдыкайыров Ержан, Сиранов Жəңгір есімді жас зияткерлерден құралған команда жалпы əлемдік рейтингте 38-орынға ие болды. Жалпы, əлемде робот құрастырумен айналысатын екі мыңға жуық команда бар екен.  Жыл сайын ұйымдастырылатын топтық сайысқа əлемнің əр түкпірінен келген 80 команда, 20 мың студент пен оқушы қатысты. Жас өнертапқыштардың қолынан шыққан 1400 жоба ұсынылды. «Робофестте» жеңіске қол жеткізген соң қазақстандық оқушылар Америка Құрама Штаттарынан шақырту алды. 13 шілдеде шəкірттерімізбен АҚШ-та өтетін байқауға аттанамыз. Қазір осы байқауға қызу дайындалып жатырмыз. Ұлан: АҚШ-тағы байқауға қандай жоба дайындап жатырсыздар? Нұрдəулет Досмағамбет: Америкадағы байқау «First Global» деп аталады. Оған  əлемдегі 164 мемлекеттен командалар қатысады. «First Global» 14-20 шілде аралығында АҚШ-тың Вашингтон қаласында өтеді. Қазір осы байқауға қазақстандық оқушыларды таныстыратын видеоролик түсірумен айналысып жатырмыз.

ЭКСПО көрмесіне жоба дайындап жатырмыз

Ұлан: Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде робототехникамен айналысуға арналған арнайы зертхана бар ғой? Нұрдəулет Досмағамбет: Біздің физика-математикабағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушылардың робототехникамен айналысуына жақсы жағдай жасалған. Осы салаға қызығатын оқушыларға арнайы зертхана бар. Мұндай зертхана Алматы қаласында тек екі мектепте ғана бар. Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жəне химия-биология бағытындағы мектепте робототехникалық үлкен орталық орналасқан. Бұл зертхана лазерлі кескіш құралдармен, модельдеуге арналған 3D принтермен, LEGO құрастыру жинағымен жабдықталған. Оқушыларға робот құрастыру жұмыстарына қажет барлық құрал-жабдықтар бар. Ұлан: Қазір оқушылар немен айналысып жатыр? Нұрдəулет Досмағамбет: Америкадағы байқаумен қоса, бірнеше жобаны қатар қолға алып жатырмыз. Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында WRO – World Robotic Olimpic дейтін байқау ұйымдастырылып отыр. Осы жарысқа біздің мектептің 6 командасы өз жобаларын дайындау үстінде. Əлі кейбір жобаларымыз тек қана зерттеу мен тəжірибе жасау процесінде. Шəкірттерімнің алар асуы əлі алда деп білемін. Ұлан: Əңгімеңізге рахмет! Америкадан жеңіспен оралыңыздар!

Әңгімелескен Дана МАРАТОВА «Ұлан» газеті, №22 30 мамыр, 2017

519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор