• Бірінші байлық
  • 05 Мамыр, 2023

Балалар арасындағы диабет: себебі, алдын алу жолдары

Жер бетінде 250 миллионға жуық адам қант диабетімен ауырады екен. Әлемдегі әрбір 500-ші сәби мен әр 200-ші жасөспірім қант диабетіне шалдыққан. Біздің елімізде кейінгі он жылда қант диабетіне шалдыққандар саны екі есеге артыпты. 2022 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, қант диабеті бар 439 327 адам есепте тұрады, оның ішінде І типті қант диабетімен ауыратындар саны – 26 778 адам. Оның 4 789-ы – балалар.  Біз диабет, оның қаупі, сақтану жолдары туралы маманнан сұрауды жөн көрдік. Мәдина Басығарина – М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің түлегі. Ақтөбе қаласындағы «Моя семья» медицина орталығының эндокринологы. Мәдина Жасталапқызы сұрақтарымызға мұқият жауап берді.

– Қант диабеті дегеніміз не? Әңгімені осыдан бастайықшы. 

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша, қант диабеті – инсулин секрециясының, инсулин әрекетінің немесе екеуінің де ақауының нәтижесі болып саналатын ауру. Ол қандағы глюкозаның жоғарылауымен сипатталады. Басқаша айтқанда, диабет инсулин жеткіліксіз өндіріл-генде немесе оның әсері төмендегенде пайда болады. 

– Қант диабетінің қандай түрлері бар?

– Қант диабеті – тағамды қорыту кезінде қанға түсетін қантты (глюкозаны) ағзамыздың жасушаларына сіңіру қиынға соғатын жағдай. Қант (глюкоза) – дене жасушаларының негізгі энергия көзі. Инсулин қантты қаннан жасушаларға жылжыту және оны энергияға айналдыру үшін қажет. І типті қант диабетінде ұйқы безі инсулин бөлмейді. ІІ типті қант диабе-тінде инсулин жеткілікті болуы мүмкін, бірақ дұрыс жұмыс істемейді.І типті қант диабетінде инсулин шығаратын ұйқы безінің жасушалары жойылып, инсулиннің абсолют тапшылығына әкеледі. Бұл бұзылудың себебі аутоиммундық процестердің нәтижесінде вирустардың (тұмау вирусы, Коксаки, паратиф, коронавирус және т.б.) әсерінен иммундық жүйе өз тіндерін танымай, қарсы антиденелер шығарып, өз ағзасының ұлпаларын жояды. Бұл жағдайда инсулин синтезіне жауапты жасушалар антиденелермен жойылады.

– Балаларда қант диабетінің пайда болу себептері қандай? 

– Біріншіден, вирустық инфекциялар: қызамық, желшешек, паротит, Коксаки вирусы, вирустық гепатит, коронавирустар. Екіншіден, ана сүті – өте маңызды фактор. Финляндияда жүргізілген зерттеу қант диабетінің осы түрімен ауыратын барлық баланың нәресте кезінде ана сүтімен қоректенбегенін көрсетті. Үшіншіден, балаға ерте бастан сиыр сүтін беру. Сиыр сүтінде ақуыз бар. Бұл зат ұйқы безінің бета жасушаларын бұзатын антиденелердің пайда болуына ықпал етеді. Төртіншіден, аутоиммундық реакция факторлары, генети-калық (туа біткен) бейімдік. Ата-анасы (біреуі немесе екеуі) осы ауруға шалдыққан болса, балаларында қант диабетінің осы түрінің даму ықтималдығы жоғары  болады. Бесіншіден, психологиялық күйзеліс. ІІ типті қант диабетінің пайда болу себебіне келсек, көп жағдайда артық салмақ, қозғалыстың аздығы және дұрыс тамақтанбау. Бұл факторлардың генетикалық бейімдікпен үйлесуі қауіпті. Бұған қоса, бұрынғы Халықаралық қант диабеті федерациясының президенті Пьер Лефевр атап өткендей, «қант диабетінің әлдеқайда жасарып кеткені ерекше алаңдатады». Кейінгі он, жиырма жыл көлемінде майлы фастфуд өнімдерінің көбеюі, компьютер мен теледидар алдында шамадан тыс көп уақыт өткізу, қимыл-қозғалыстың азаюы балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздікке алып келді. Семіздік – диабетке бастайтын жол.   

– Қант диабетінің алғашқы белгілері қандай?

– Қант диабетінің клиникалық белгілері:
1) Полиурия – зәр шығару-дың жиілеуі, зәр мөлшері 3-4 литрге дейін артады. 8-10 литрге дейін жетуі, одан да көп болуы мүмкін. Бұл – ең жиі кездесетін белгі; 
2) Үнемі аш сияқты сезіну, дене салмағының азаюы, шамадан тыс ішіп-жеу (полифагия);
3) Аз уақытта көп салмақ тастау (2-3 айда 10 келіге дейін арықтау);
4) Әлсіздік, шаршау, ұйқышылдық,терлеу, жұмыс істеу қабілетінің төмендеуі; 
5) Бас ауруы, бас айналу, бастың ауырлығы, тітіркену және ашуланшақтық, ұйқының бұзылуы; 
6) Терінің және шырышты қабаттардың тұрақты және қарқынды қышуы;
7) Тері өзгерістері. Бет пен иектің қызаруы; 
8) Тыныштықта немесе түнде аяқ-қолдың ауыруы, ауырлық сезімі, балтыр бұлшықетінің жиі тартылуы, аяқ-қолдың жансыздануы және шаншуы;
9) Жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы;
10) Инфекцияға төзімді-ліктің төмендеуі. 
Балалардың қант диабетінің ерекшелігі – аурудың қатты екпінмен басталуы. 
Балаларда аурудың жеңіл түрі кездеспейді. Асқынуға бейім. Асқыну дегенде гипергликемиялық және гипогликемиялық команы айтамыз. 

– Балалар арасындағы қант диабетін емдеу және асқынудың алдын алу жолдары қандай?

– Қант диабетінің І түрін емдеу жолы біреу-ақ: инсулин қабылдау. Қазір инсулиннің көптеген түрі бар. Олар тұрақты инъекциялар режимінде, помпалы инсулин терапиясы әдісімен немесе инсулин препараттарының тұрақты инфузиясы режимінде де қолданыла береді. Бұл – толықтырушы терапия, яғни науқастар ағзада жетіспейтін инсулинді  сырттан алады. 

Қант диабетінің І түрінде науқастар ішкен тағамының көлеміне қарай инсулинді қажетті мөлшерде  салады. Қандағы қантты қалыпқа келтірудің ең маңызды шарты – рационал тамақтану. Ең бастысы, дұрыс тамақтану жүйесі қандағы глюкозаның тамақтанғаннан кейін көтеріл-меуіне мүмкіндік береді. Мұндай тамақтану барлық адам үшін пайдалы. І типті қант диабетінің алдын алу екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі  аурудың басталуына дейін жүзеге асса, екіншісі аурудың клиникалық кезеңі пайда болған кездегі профилактика. 

Бастапқы профилактика:

– Ата-анасы қант диабетімен ауыратын балаларға генетикалық зерттеу жүргізу. Болашақта дамыған елдерде І типті қант диабетіне генети-калық бейімдікті анықтау үшін жаңа туған нәрестелерді жаппай скринингпен тексеруді енгізу жоспарланып жатыр. Қазіргі уақытта мұндай сауалнамалар Финляндияда және Италияның кейбір аудандарында жүргізіледі;

– Құрсақішілік және балалар мен жасөспірімдердің инфекцияларының алдын алу;

– Ұйқы безінің бета жасушаларын бұзатын аутоиммунды процестерді тудыруы мүмкін (сиыр сүті, азотты заттар – нитраттар, токсиндерді) балалар тағамынан шектеу;

– Жоғары сапалы суды пайдалану;

– Балаларға газдалған тәтті сусындар мен пластик ыдыстағы Кола, Фанта, Спрайт, лимонад, шырындар мен жасанды сүт бермеу. 

Екінші кезеңдегі алдын алу шарасы ұйқы безінің бета жасушаларының зақымдану дәрежесін анықтаудан, аутоиммунды агрессиядан қорғауға бағытталған дәрілік терапиядан және инсулярлық аппаратқа күш түсірмеу мақсатында төмен дозалы инсулин терапиясынан тұрады.

Диана ӘДІЛХАН,
Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы

«Ұлан» газеті, №18
02 мамыр 2023 жыл

1873 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор