• Толағай
  • 14 Ақпан, 2023

Қанат ИСЛАМ, кәсіпқой боксшы: Әуесқой бокс та бизнеске айналып кеткен

Бір жыл бұрын ақпан айында кәсіпқой боксшы Қанат Ислам алғаш рет жеңілген еді. Ол АҚШ-тың Флорида штатындағы Плант-Ситиде WBO Global чемпиондық белбеуі үшін британдық Джимми Келлимен (25-2, 10 КО) жұдырықтасқан. Бұған дейін 38 жастағы Қанат Ислам 29 кездесуді өз пайдасына шешкен. Оның ішінде 23-ін нокаутпен жеңді. Жақында боксшы осы жеңілістің себебін айтып, басқа көкейде жүрген сұрақтарға «The Ring» бағдарламасында жауап берді.

– Кәсіпқой бокста алғаш рет қарсыласқа есе жібердім. Сол жеңіліс арқылы басқа білімнің көзі ашылғандай болды. Өзімнің бір елес қуып жүріп, дайындалғанымды сездім. Сол тұста қаңтар оқиғасы болды. Дайындығым кемшін түсті. Өз-өзіме тым сенімді боп кеттім. Соның өтеуі осы жеңіліс. Бұрын жекпе-жек алдында сегіз апта, яғни екі ай дайындалатынмын. Маған екі апта аздық етеді. Осыдан кейін жаттығу процесімді өзгерттім.

– Дегенмен, былтыр күзде дәл осы Флорида штатында аргентиналық Хавьер Франсиско Масьельден басым түстіңіз...

– Бұл кездесуге мен дайындалдым. Тәжірибелі мамандармен жаттығу жасадым. Бапкерлікте өз ісінің шеберлерімен жұмыс істеген дұрыс. Әйтпесе, сен мықтысың дей беретіндермен жүрсең, кеудеңе нан пісіп, ештеңе ұтпайсың. Айдос Ербосынұлынан да осы жағы көрініп қалды. Ол жайлап бастау керек еді. Бірден 12 раундтық жекпе-жек өткізді. 

– Мұндай сәтте кім кінәлі?

– Ең әуелі жаттықтырушы, сосын промоутері. Бесінші раундтан кейін жекпе-жекті тоқтату керек еді. Әлі піспе-ген, шикі екені көрініп тұр. Айдос – біреудің әкесі, біреудің бауыры. Ең бірінші денсаулық маңызды. Намыс, намыс деп жалған ұранға бой беріп, алға шапқыза берген болмайды. Бокс деген де өнер сияқты. Жоғары дауыс, төменгі дауыс сияқты мұнда да бөлінеді. Біреу солақай, біреуді тізгінді тартқызып жұдырықтастыру керек. Әйтпесе, өлген жерін білмейтіндер бар. Менің бапкерлерден жолым болды. Жасөспірім шағымда жаттықтырушыларым зорықтырмауға тырысты. Қазір алған медалің керек емес, сенің шабатын кезің алда деп күшімді тиімді жұмсауды үйретті. Соның арқасында 40 жасқа жақындасақ та, әлі күнге шаршы алаңда жүрміз.

– Бірнеше промоутер ауыстырдыңыз. Алдымен Нельсон Лопес, сосын Эгис Климас болды. Қазір басқа. Осының себебі неде?

– Америкада кәсіпқой бокс – бизнестің бір түрі. Ал біз олай үйренбегенбіз. Алғаш барғанымызда кімнің кім екенін білмедім. Головкинге мемлекет көмек-тесті. Ал біздің артымызда ешкім болмады. Өзіміз барып көрдік. Әйтеуір, Бауыржан Оспанов ағамыз 20-дай жекпе-жегіме демеушілік жасады. Елдер АҚШ-қа барып ақша әкеліп жүрсе, мен қайта сол жаққа апарып жүрдім. Дұрыс емес адамдарға жолықтым. Алаяқтарға да тап болдым. Нельсон, Климас бәрімен араластық. Оларға сенің мықтылығың емес, тауар ретінде өтімді болуың маңызды. Өз пайызын алса болды. 

– Климаспен арада не болды?

– Сол келіспеушілік. Ол өз айтқанына көндіргісі келеді, мен еркін жүргенді қалаймын. 

– Сізді алдап кеткен промоутерлер бар ма?

– Әрине, ондайды да көрдік. Көп уақытымды жоғалттым. Тіпті, 8-10 айға дейін жекпе-жек күтіп, Америкада жүріп қалған кезіміз бар. Күніне екі рет жаттығу жасай бересің. Не үшін екенін түсінбейсің. Жаратылып жатқан аттар секілді жүрдік. Ол жақта біз ешкімге қызық емеспіз. Тек қазаққа ғана керекпіз. 

– Қазақстанға келгеніңізге өкінген кезіңіз болды ма?

– Еш өкініш жоқ. 

– Әлеуметтік желіде Қанат Ислам Түркияға көшіп кетті деген ақпарат тарады. Бұған не айтасыз?

– Көшіп кеткен жоқпын. Тек уақытша. Барлық мәдениетті көру керек. Балалардың да көзін ашқан дұрыс. Қазақстан азаматы болғандықтан, аз-кем тәжірибемізді жастарға бергіміз келеді. 

– Жасыңыз 38-ден асты. Шаршы алаңда әлі қанша жүресіз?

– Көп жаттығуды өзгерттім. Жүгіруді азайттым. Тау-тасқа да шықпаймын. Олай да жаттығуға да болады екен. Ал бұрын бізге соның бәрін қатып қалған қағида ретінде үйретіп тастаған. Шаблоннан шығып жатырмын. Денсаулық маңызды. Жасарып жатқан жоқпыз. Жеңіл жаттығулар арқылы да нәтиже көрсету мүмкін екенін соңғы жекпе-жегімнен байқадым. Алла күш-қуат бергенше жүреміз. Бернард Хопкинс 51 жасқа дейін жүрді. Әлі біраз жоспарым бар. 

– Әуесқой және кәсіпқой бокстың екеуін де көрдіңіз. Қай жақта әділдік басым деп айтуға болады?

– Кәсіпқой бокста әділдік көп. Әуесқой бокс та бизнеске айналып кеткен. Олимпиада чемпионы атағы да сатылады. 

– Спортта жүргеніңізге де біршама болды. Сізге қиянат жасалды ма?

– Жетерлік. Алысқа бармай-ақ қояйын, «Астана арландары» қатарында жүргенде де талайын көрдім. Елге келген бетте мен сол клубқа кіргізіп жіберді. Дайын болмасам да, ел қарап отыр деп, жекпе-жекке шығарды. Оларға менің жеңілгенім керек болғанын кейін түсінбедім. Орысқа жығып берді (украиналық Сергей Деревяченкодан жеңілгенін айтып отыр – тілші). Совет одағынан қалған шал-шауқандар өз орнын босатқысы келмейді. Арасында біз сияқтыларды құрбандыққа шалып қояды. Құрсын, одан да кәсіпқой боксқа Америкаға кетейін дедім. Бейжің Олимпиадасында жеңілгенде, үнжырғам түсіп отырғанда жаттықтырушым келіп, бәрі шешіліп қойғанын айтты. Оның алдында Чикагодағы әлем біріншілігінде мен Бақытты жеңгенмін. Бейжіңде финалға Бақыттан басқа ешкім шыға алмады. Егер екеуіміз алтын жүлде үшін кездескенде оған қиын соғар еді. Өйткені бұл Қытай елі. «Жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап бар» деген. Оның бәрін айта берсең, жеккөрінішті боласың.

Айта кетейік, Қанат Ислам Бейжің Олимпиадасында 69 келіге дейін салмақта Қытайдың атынан өнер көрсеткен. Жартылай финалда ол кубалық Карлос Банто Суареске есе жіберіп, қола жүлде еншіледі. Ал кубалық финалда қазақстандық Бақыт Сәрсекбаевтан жеңілді.

Бек Төлеуов
Фото Massaget сайтынан және ашық желіден алынды.

«Ұлан» газеті, №7
14 ақпан 2023 жыл

352 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор