• Толағай
  • 22 Тамыз, 2022

Ислам ойындарын бесінші орынмен аяқтадық

2005 жылдан бері Ислам ынтымақтастығы ойындары тұрақты түрде өтіп келеді. Биыл бесінші мәрте жалауын желбіретті. Доданы осы жолы Түркияның Конья қаласы қабылдады.

Қазақстан бұрынғыдай емес, осы жолы қатысушылардың санын көбейткен. 2017 жылы Әзербайжанның Баку қаласына 32 спортшыны ғана жіберсе, Түркияда 16 спорт түрінен 125 өреніміз бақ сынады. Жалпы Коньяға ислам дінін ұстанатын 54 елден 4200 спортшы келген. Олар 19 спорт түрінен жүлделерді сарапқа салды. Бесінші Ислам ойындарында жарыс қожайыны Түркия спортшылары үздік шықты. Әсіресе жүлдесі көп жеңіл атлетика, жүзу секілді сайыстарда алдына жан салмады. «Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикада 13 алтын алды. Оның тоғызы қыздарға тиесілі. Арасында 15 тамызда Еуропа чемпионатында топ жарған 5000, 10 000 метрге жүгіретін Ясемин Джан да бар. Ал бассейнде Түркия 24 алтын, 22 күміске қол жеткзіді. Екінші орынға Өзбекстан құрамасы жайғасты. Олар дзюдодан мықты екенін дәлелдеді. Жігіттері де, қыздары да үш алтыннан жеңіп алды. Велотректен үш дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері Ольга Забелинская Ислам ойындарында үш алтынға қол жеткізді. Өзбектер үшін тхэквондо спорты да сәтті болды. Конья татамиінде олар төрт салмақта топ жарды. Арасында Олимпиада чемпионы Ұлықбек Рашитов бар.

Жалпыкомандалық есепте үшінші орында Иран тұрса, төртінші сатыға Әзербайжан орналасқан. Қазақстан алғашқы бестікті түйіндеді. Жерлестеріміз 19 алтынға ие болды. Отандастарымыз арасында Ислам ойындарында ауыр атлеттерді ерекше айтуға болады. Олар ел қоржынына  8 алтын, 15 күміс, 3 қола жүлде салды. 87 келіден жоғары салмақта отандасымыз Айзада Мүптілдә серпе көтеруде 116 келі, жұлқа көтеруде 150 келі көтеріп,  Ислам ойындарының рекордын орнатты. Спортшымыз жалпы жарыс қорытындысы бойынша 266 келі зілтемірді көтеріп, жарыс жеңімпазы атанды.

Қазақ спортшылары кикбокстан да осал емес екенін байқатты. 51 келіде бақ сынаған Нұрсұлтан Жұмабаев қарсылас шақ келтірмей, алтын жүлдегер атанды. Ол финалда Өзбекстан спортшысын ұтты. Кейін Нұрсұлтанның жеңіс жолын орта салмақтағы Әлихан Оздоев пен Мақсат Үсіпов жалғастырды. Одан бөлек, 81 келідегі Руслан Степанов финалға дейін жетіп, соңғы сәтте ғана есе жіберді. Сөйтіп, ұлттық құрама спортшылары 3 алтын және 1 күміс жеңіп алды. 

Жүзу шеберлері де жеңіс тұғырынан табылды. Әсіресе, ұлттық құрама үздігі Әділбек Мусин бұл жолы 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде чемпион болды. Ол аталған аралықты 23,50 секундта жүзіп өтіп, рекорд жаңартты. Командалық эстафетада да алтын жүлдеміз бар. Әділбек Мусин, Егор Попов, Айбек Камзенов және Александр Варакиннен құралған төрттік 400 метрлік сында топ жарды. Ал Қазақстанның қыздар құрамасы үздік үштікті түйіндеді. 

Каратэ шеберлері де жақсы өнер көрсетті. Әсіресе, 60 келіге дейінгілер арасында Қайсар Алпысбай барлық қарсыласын ұтты. Ол финалда Кувейт өкілімен жолығып, 4:1 есебімен басым түсті. Жеңіл атлетикадан 400 метрге жүгірген Михаил Литвин қарсы-ластарын шаң қаптырып кетті. Спортшы финалда аталған қашықтықты 45,36 секундта бағындырды. Оның алдында іріктеу кезеңін-де 44, 94 секундта жүгіріп, Қазақстан рекордын жаңартқан. 

Тағы бір жеңіл атлет Кристина Овчинникова биіктікке секіруден үздік үштіктен көрінді. Жерлесіміз 1,87 метрді бағындырды. Көркем гимнастикадан Эльжана Тәниева да Ислам ойындарында топ жарғандар қатарында. Спортшы доппен жаттығуда жеңіске жетті. Сонымен қатар Танеева шеңбермен және таспамен жаттығуларда үшінші болды. Командалық көпсайыста Эльжана Танеева мен Айбота Ертайқызы қола медальды қанағат тұтты. 

14 жыл бұрын Бейжің Олимпиадасында әйелдер күресінен қола медаль алған Елена Шалыгина биыл бозкілемге қайта оралған. Отандасымыз Конья қаласында 65 келіге дейін салмақта ешкімге дес бермеді. Финалда Елена Шалыгина Элис Маноловадан (Әзербайжан) басым түсті. Еркін күрестен Рахат Қалжан (57 келіге дейін), Алан Асқаров (65 келіге дейін) және Мамед Ибрагимов (97 келіге дейін) үздік үштіктен көрінді. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №34
23 тамыз  2022 жыл

757 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор