• Күншуақ
  • 07 Наурыз, 2022

Балаларға шексіз үміт сыйлаған көрме

Бала күнімнен сурет салуға ебім жоқ еді. Мен үшін ең қиын сабақ «бейнелеу өнері» болатын.  Аттестатымдағы жалғыз «4» сол сабақтан өмірлік естелік болып қалды. Сондықтан болар, «кез келген адам сурет сала алады» дегенге онша сенбейтінмін. Бұл ойымды «Ояу» көрмесінде қойылған ерекше балалардың жұмысы өзгертті. Шымкент қаласының орталығында орналасқан «City Shopping Gallery» ғимаратында Баян Бақытжанқызы мен «Шектеусіз үміт» қоғамдық қоры «Ояу» қайырымдылық сурет көрмесін ұйымдастырған болатын. Бұл көрменің ерекшелігі – өмірінде қолына қылқалам ұстап көрмеген балалар төрт сабақтың ішінде сурет салуды үйреніп, өз жұмыстарын көрмеге шығарған. Көрмеде ұйымдас-тырушы Баян Бақытжанқызының 22 картинасы мен мүмкіндігі шектеулі 10 баланың 15 картинасы ұсынылды.

«Шектеусіз үміт» қоғамдық қоры 2019 жылы кәсіпкерлердің қолдауымен құрылған. Қазір онда 140 бала ем алып жүр. Қордың басты мақсаты – ерекше балаларды қоғамға бейімдеп, өзін-өзі алып кетуіне қолайлы жағдай жасау. Қосалқы мектеп ретінде балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жұмыс істейміз. Алғашында мен орталыққа баламды алып келдім. Кейін өзім де жұмысқа орналасып, көмектесуді жөн көрдім. Көрмеге қойылған балалардың суреттері  21850 теңге деп бағаланды. 21850 теңге – мүмкіндігі шектеулі  балалар алатын жәрдемақының жартысы. Балалар еңбекақысын өздері алып, қажетіне жарата алады», – дейді қордың  қызметкері Динара Телеуова.

Көрмеде қойылған суреттер – балалардың алғашқы туындысы. 13 жасар Ислам Нұрислам инсульт алған. Нұрислам табиғатты салғанды жақсы көреді. Болашақта жеке көрмесін жасағысы келеді екен. Нұрислам секілді қаншама бала өзін жаңа қырынан ашып, қызығушылығын тапты. Көрменің өтуіне ұйытқы болған жанның бірі суретші – Баян Бақытжанқызы.

– Алғашында мен өз көрмемді өткізіп, түскен ақшаның жартысын «Шектеусіз үміт» қорына аудармақ болдым. «Шектеусіз үміт» қорының құрылтайшысы Марат Телқозы – бұрынғы әріптесім.  Ол кісі маған: «Сенің қайырымдылық деп берген ақшаңа қарағанда, балалардың бір нәрсе үйренгені дұрыс. Болашақта өздері ақша таба алатындай жағдайға жетсе екен», – деп ұсыныс тастады. Кәсіби суретші Мирамгүл Абуова екеуіміз бұл іске бел шеше кірістік. Ем алушы 140 баладан 10 бала сурет салуға қызығатынын байқатты. Балалармен жұмыс істеу барысындағы басты қиын-дық – біздің қорқынышымыз болды. Бастапқыда балалар тұйық болатын.  Барынша мейірімді болып, жақындаған сайын олар да ашыла түсті. Қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдарға аяушылық сезім көп. Балалар «көшедегі адамдар бізге жаман қарайды» деп айтады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың қорқынышы – осы қоғамның оларға деген көзқарасы. Марат Телғозы  балаларды көпшілікке шығарып, өнерге баулып, қорқыныштарын жою қажет дейді. Көрме осы мақсатта ұйымдастырылған болатын.

Адам баласында белгілі бір шектеулер болғанымен, әрқашан өзін дамытып, көрсеткісі келеді. Балаларға еркіндік бердік. Бірі космос, табиғат, жан-жануар салды. «1+1» фильміндегі кейіпкер қабырғаға бояу шашып сурет салғандай,  әрбір адам кәсіби суретші болып кетпесе де, өзін сынап көре алады. Алдағы уақытта бұл жобаны дәстүрлі түрде жалғастыру ойда бар. Басқа да азаматтарды балалармен жұмыс істеуге шақырамыз. Спортқа, өнерге баулыса дейміз.

Баян Бақытжанқызы – Шымкент қаласының тумасы, екі шет тілі мамандығын бітіріп, туризм, бизнес, журналистика, психология саласында жұмыс істеген. Сурет салуға бала күнінен бері  қызығады. Кәсіби білімі жоқ. Сегіз қырлы, бір сырлы қылқалам шеберінің жұмыстарында ашық аспан, теңіз бен таулар бейнеленген. «Ақтолқындар тілегі», «Зүбаржат»,  «Бұлттар биі», «Алтын көкжиек», «Қуаныш», «Көк теңіз», «Ақ арман»,  «Асыл таң» және тағы басқа  картиналары көрмеге қойылған.

«Жұмыс барысымен 15 мемлекетте болдым. Саяхаттағанды жақсы көремін. Өзім көрген сұлулықты басқалар да суреттерім арқылы сезінсе екен деймін. Исландия елінде болғанда ерекше әсер алдым. Көрмедегі бірнеше суретте сол елдің таулары  бейнеленген», – дейді Баян.

Ашылу салтанатында әр балаға марапаттау қағазы берілді. Көрмеге келген ата-аналар мен балалардың қуанышында шек жоқ. Көрме ұйымдастырушылары ақшалай көмекке қарағанда, балаларды өнерге баулып, қызығушылығын ояту маңызды дейді. Құрметті оқырман, сізді де әрбір мүмкіндігі шектеулі адамға сыйластық танытып, құрметпен қарауға шақырамыз!

Айғаным ТҰРЫСБЕК,
«Ұланның» жас тілшісі, 
М.Әуезов университетінің 2-курс студенті.
Шымкент қаласы

«Ұлан» газеті, №9
8 наурыз 2022 жыл

10092 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор