• Әдемі әуестік
  • 20 Қыркүйек, 2021

Тоқыма тоқу жасқа қарамайды

Анель Қалиева –  Ақтау қаласындағы №13 мектептің 10-сынып оқушысы. Тоқыма тоқу 15 жасар қыздың сүйікті ісі әрі жұмысы. Инстаграм әлеуметтік желісінде тоқыма киімдерге, сөмкелерге, баскиімдерге және әшекейлерге тапсырыс қабылдайды. Тоқыма тоқуды қалай бастап, оны кәсіпке айналдырғаны жөнінде әңгімелеп берген еді.

– 5-сыныпта Өскемен қаласында тұрып жатқанда, Пушкин атындағы кітапханаға бірінші рет анам және ағам үшеуіміз барып көрген болатынбыз. Кітапхананың ішінде түрлі үйірме бар еді: сурет салу, тоқыма тоқу, шахмат, робототехника, ағылшын үйірмесі және басқа. Ол жерге кіріп барғанда, бірден көзіме тоқыма тоқып отырған әйелдер түсті. Түрлі-түрлі киім-кешек тоқып отырған. Сол уақытта анама айтып, жазылып кеткен болатынмын. Содан бір жылдай барып, тоқуды үйренгенмін. Алайда ол жерде мен тек кішкентай жобаларды тоқыдым. Бастапқы үлкен жұмысты, яғни бірінші кардиганды анамның құрбылары үйретті. Сол үйреткен жандарға алғысым шексіз!

Тоқыма – маған демалыс беретін, шабыттандыратын шығармашылық жұмыс. Тоқыма тоқудан бөлек арасында кітап оқимын, укулеледе ойнаймын және астрология/нумерологияны зерттеймін. Мен тоқыманы бізбен де, ілмекпен де тоқи беремін. Бізбен тоқыған қаттырақ ұнайды. Ал жіп таңдауға келетін болсақ, көбінесе акрилден, жүннен, мақтадан, микрофибрадан тоқыған ұнайды.

Тоқыма процесі өте қызық. Көп киімнің эскизін алдын ала салмаймын. Тек киім өлшеміне қарай неше ілмек қажет екенін есептеп бастай беремін. Сөйтіп жұмыс басталған соң барып ойланамын. Себебі өзімнің практикамда алдын ала ойлап, эскизін салған киімдерімнің көбі көңілімнен шықпады. Әр киімді әртүрлі уақытта тоқып бітемін, жобаға байла-нысты. Мысалы, ілмекпен тоқылған баскиімге 3-4 сағат кетеді, ал жеңсіз жеңіл суретсіз киімге 2-3 күн кетеді. Барлығы жіптің қалыңдығына байланысты. Егер жіп қалыңдау болса, киім тез тоқылады.

Тоқуда әзірше өз стилім жоқ. Түрлі эксперимент жасау арқылы өз стилімді іздестіріп жатырмын. Маған еркін тоқыма ұнайды. Көбінесе жұмыста-рымды алдын ала айқын жоспарламаймын. Тоқыма барысында ойыма не келеді, соны істеймін. Ашық және жарқын түстермен және түрлі суреттерді бейнелеп тоқыған қатты ұнайды.

Тоқыма саласында үлгі тұтар адамым жоқ, бірақ мені шабыттандыратын адамдар бар. Олар менің жақындарым. Өзім тоқыған киімдерді киемін. Себебі бастапқыда тоқыма тоқуды өзім үшін үйренген болатынмын. «Ерекше, ешкімде жоқ киімдерді тоқып, киіп жүрсем» деп ойлайтынмын. Әр істің өзіндік қиындығы бар. Тоқыма тоқу кезінде жіптердің шатысып, шиеленісіп кететіні бар. Сондықтан жіп-терді бақылап отыру керек. Ал тамсандыратыны – шексіз мүмкіндік. Тоқу арқылы көп зат істеуге болады. Ең бастысы, қиялыңызды іске қосуыңыз керек.

Өткен жылы Инстаграмдағы дүкенімді ашқан болатынмын. Үш жылдай тоқымай жүрдім. Сосын карантин кезінде қайтадан тоқуды бастадым. Тәжірибе мүлде болмағандықтан, көп затты үйренуге тура келді. Тоқыма тоқу процесі қатты ұнап, күнде демалыссыз тоқи беретін болғандықтан, заттар жиналып, үйде киілмей жатты. Сөйтіп оларды Инстаграмға салып, жаңа жіп алуға қаражат табамын деп шештім. Бірақ бұл бастама мені өзгертеді деп мүлде ойламаппын. Солай хоббиім кәсібіме айналды. Болашаққа көп жоспар бар. Соларды жүзеге асыру үшін еңбектеніп жатырмын. 

Енді тоқи бастаған жандарға айтарым, адамның барлық шеберлігі тек шыдамдылық пен уақыттың араласуымен келеді. Басында мен ілмекті дұрыс ұстай алмайтынмын. Уақыт өте келе, тәжірибе арқылы оны да үйрендім. Сіздерде де басында солай болады. Сондықтан да тек қана алға!

Арна Рахметулланова
Ақжар ауылы

Тарбағатай ауданы
Шығыс Қазақстан облысы

«Ұлан» газеті, №38
21 қыркүйек 2021 жыл

944 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор