• Толағай
  • 07 Маусым, 2021

Соңғы сәтте үзілген үміт

Бұл күндері Латвия астанасы Ригада шайбалы хоккейден әлем чемпионатының соңғы шешуші ойындары өтіп жатыр. Ал Қазақстан құрамасы жарысты топтық кезеңнен аяқтады. Бірақ бұрынғы жылдармен салыстырғанда көрсеткішіміз әжептәуір жақсарды. Араға бес жыл салып, элиталық раундқа оралған Юрий Михайлис шәкірттері осы чемпионатта бір жеңіске қол жеткізсе жақсы дегендер болған. Бірақ жерлестеріміз мықтылардың өзіне қарымды қарсылық көрсетіп, екі бірдей сенсация жасап үлгерді. Тарихта алғаш рет әлем чемпионатының  плей-офф кезеңіне өтіп, үздік 8 құраманың қатарына қосылуға мүмкіндік болған. Бірақ әдеттегідей соңғы сәтте қолда тұрған жеңістен  айырылып қалдық...

Жанып өшкен үміт

Ендеше, қысқаша тоқталып өтсек. Қазақстан бұл әлем чемпионатында В тобына түскен. Ұлттық құрама алдымен жарыс қожайыны Латвиямен жолықты. Олар бірінші турда Олимпиада және әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Канаданы жеңіп кеткен. Дегенмен Михайлис шәкірттері Балтық жағалауының құрамасымен 60 минут тең ойнады. Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталды. Қазақстан сапынан Александр Шин мен Джесси Блэкер мергендік танытты. Сосын овертаймда қарсыластар бір-бірін ала алмады. Ал буллитте Қазақстанның жолы болды. Шешуші соққыны Алексей Маклюков дәл орындады. Осылайша алғашқы үш ұпай қоржынға түсті. Одан кейін Даррен Диц бастаған хоккейшілерді қазіргі әлем чемпионы Финляндия күтіп тұрған. Бұл кездесудің де негізі уақыты тең аяқталды. Қарсылас тарапынан Антон Лунделл есеп ашса, Қазақстаннан Кирилл Панюков таразы басын теңестірді. Овертаймда таблода өзгеріс болмады, ал буллитте жерлес-теріміз 3:1 есебімен басым түсті. Жеңіс голын команда капитаны Роман Старченко соқты.

Үшінші турда Қазақстан құрамасының АҚШ-қа шамалары жетпеді. Бұл матч 3:0 есебімен мұхиттың ар жағынан келген команданың пайдасына шешілді. Есесіне келесі кездесуде отандастарымыз осыдан үш жыл бұрын Қысқы Олимпиаданың күміс жүлдесіне ие болған Германияның осал тұсын тапты. Немістер Қазақстанға дейін В тобында Норвегия, Канада, Италия құрамаларынан басым түскен. Сөйтіп, 9 ұпаймен бірінші орында тұрған еді. 

Ал матчқа келер болсақ, есепті қазақстандықтар ашты. Кездесудің 27-минутында ардагер ойыншы Александр Шин командасын алға шығар-ды. Оған Иван Степаненко мен Егор Шалапов ассистенттік жасады. Бірақ бұдан соң Германия белсеніп, бірден екі шайба соқты. Үшінші 20-минуттықта Павел Акользинге қарсы немістер тәртіп бұзды. Айып соққысы белгіленді. Буллиттен команда капитаны Роман Старченко таразы басын теңестірді. Ал шешуші голды қазақстандықтар 56-минутта кіргізді. Алексей Маклюковтың пасынан кейін Акользин командаға жеңіс сыйлады. Бесінші ойында Қазақстан құрамасы Канадамен есепті екі рет теңестіргенімен, одан әріге шамасы жетпеді. Үйеңкі жапырақты елдің құрамасы 4:2 есебімен басым түсті. Сосын барлығына есе жіберген Италияны ұтатынымызға ешкім-нің күмәні болған жоқ. Бұл матчта Юрий Михайлис шәкірттері қарсылас қақпасына 11 шайба соқты.

Осыдан кейін соңғы турда өзімізбен шамалас Норвегияны жеңсек, үздік сегіздіктің қатарына қосылар едік. Жоқ, ондай таңғажайып болмады. Бірінші болып есеп ашқандарымен, кейіннен үш шайба жіберіп алды. Сөйтіп, көз алдымыздан плей-офф бал-бұл ұшты.

Үздік нәтиже

Қалай десек те, бұл әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихтағы ең үздігі болды. Жалпы есепте 10-орынға тұрақтадық. 

Бояркин феномені

Осы әлем чемпионатында ұлттық құрамада Қазақстанның көк төлқұжатын алған легио-нерлер көп болғаны жасырын емес. Бұған дейін оны жазғанбыз. Тіпті, «Барыстың» экс-қақпашысы Хенрик Карлссон әлем чемпионатына қатысудан бас тартты. Есесіне, басқаларға мүмкіндік ашылды. Мысалы, Карлссон Қазақстанға ойнағысы келме-ген соң, қақпаны  22 жастағы Никита Бояркинге сеніп тапсырылған болатын. Ол Қарағандының «Сарыарқа» командасынан ойнайды. Никита жарады, Латвия, Финляндия, Германиямен ойындарда ерекше көзге түсті. Егер өзіміздің ойыншылар ойната берсек, түбі нәтиже берері сөзсіз. Әзірге олай сенім артылмайтыны өкінішті!

Әуежайдағы күтіп алу

Плей-оффқа жолдама алмаған соң, топтық кезеңнен кейін Қазақстан құрамасы елге оралды. Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайдан бапкерлер мен хоккейшілерді күтіп алдық. Бас бапкер Юрий Михайлис журналистер аялдамады. Тек 2-3 ойыншымен тілдесуге мүмкіндігіміз болды. Арасында әлем чемпионатының қаһарманы Никита Бояркин, этникалық қазақ Самат Данияр да бар.

Плей-оффқа шығуға аздаған күшіміз жетпеді

– Плей-оффқа жолдама алуға болар еді. Бәлкім, аздаған күш жетіспеген болар. Матчтардың ешқайсы оңайға соқпады. Сондықтан шаршап, күш жетпей қалды деп ойлаймын, – деп бастады әңгімесін Никита Бояркин. 

– Қай ойын ерекше есте қалды?

– Бәлкім, Финляндия шығар. Өте тәжірибелі қарсылас. Осындай атақты құраманы жеңудің өзі әсерлі. 

– Жалпы, әлем чемпионатының ұйымдастыру деңгейіне қатысты не айтасың?

– Ұйымдастыру деңгейі жоғары өтті. Ойыннан тыс уақытта басқа командалармен жолыққан емеспіз. Пандемияға байланысты санитария талаптары қатаң сақталған. Ешкім ауырып қалмау үшін барлығы ескерілген. Ойыншыларға жақсы жағдай жасаған. Мұз айдын, қонақүй бәрі жоғары деңгейде. 

– Осы чемпионаттан кейін қызығушылық танытып жатқандар көп деп шығар?

– Әзірге «Сарыарқа» командасындамын. Жақында басшылықпен кездесіп, мәселені шешеміз. Командада қала беруім мүмкін.

Легионер мәселесі

Легионерлерді негізінен тек клубтар алуы керек. Ал қандай спорт түрі болсын, ұлттық құрамада сол елде туған спортшы ойнауы тиіс. Бірақ құрамдарын күшейту, жақсы нәтиже көрсетуді ойлайтындар әртүрлі әрекетке барады. Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясы да соңғы жылдары легионер тарту үрдісіне тым бойлап кетті. Құрамада осы күні кім жоқ дейсің, бәрі жүр. Арасында Доус, Карлссон секілділер көк төлқұжатымызды қалтасына
салып алып, әлем чемпионатына қатыспайтындары тағы бар. 

Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеңіске жеткен ойындардан кейін хоккейшілердің киім ауыстыратын бөлмесіндегі эмоцияға толы сәттерінен видео үзінділер жарияланды. Сонда бас бапкер Юрий Михайлистің орыс тілінде жігіттерді құттықтауын аудармашының ағылшын тіліне тәржімалағанын байқайсың. Мысалы, Франция, Германия футбол құрамаларындағы ойыншылар этникалық тұрғыда әр ұлт болса да, бір тілде сөйлеп, бір тілде ұғынысатынын білеміз. Біздің құрамаға осындай рух жетіспейтіні өкінішті. Норвегия секілді құрамалармен шешуші матчта өзіміздің жігіттер ойнағанда қалай болар еді деп ойлайсың?

Ұлттық құрамада әр жылдары бірен-саран қазақ жігіті болды. Атап айтсақ, Ерлан Сағымбаев, Талғат Жайлауов, Мадияр Ибрайбеков, Нұрсұлтан Белгібаев, Әлихан Әсетов, Самат және Саят Данияр. Осылардың қай-қайсы-мен жолықсаң да, қазақ тілінде сөйлей алмайды. Әуежайдан хоккейшілерді күтіп алғанда Самат Даниярды іздеп, «қазақша сұрақ қойсақ, жауап бересің бе?» дедік. Ол жауап бермек тұрмақ, кей сөздерді түсінбейтінін айтты. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №23
8 маусым 2021 жыл

311 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор