• ҰЛАН
  • 07 Маусым, 2021

Баян ЖОЛДАСОВА, жас кәсіпкер: Түркияның білім жүйесі Еуропа елдеріне ұқсас

Сәлем, «ұландық» достарым! Оқу жылы аяқталып, мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсырып, жоғары оқу орындарына таңдау жасап отырған боларсыңдар?! Он бір жыл оқыған біліміңді бір емтиханмен дәлелдеу оңай емес, әрине...  Бірақ мұндай қиыншылықтарды бастан өткерген соң алдыңда даңғыл жол, жарқын болашақ күтіп тұрғанын ұмытпағайсың. Оқуға құштарлық, ізденімпаз болу, тіл білу сенің жаңа әлемге бет бұруыңа міндетті түрде ықпалын тигізеді. Бүгінгі сұқбатымыздың кейіпкері – қиындықтарға қарамастан жетістіктерге қол жеткізген, соның арқасында Түркия мемлекетінде білім алып, жеті жылдан бері сонда тұрып келе жатқан Баян Жолдасова. Қызықты естеліктер мен мол мағлұматқа толы әңгімесін оқып шығып, керегіңді аларсың деген ойдамыз. 

Баян Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Ақсукент ауылының тумасы. Қарапайым отбасында дүниеге келген. №20 С.Сейфуллин атындағы орта мектепті бітірген. Мектеп қабырғасында география және дүниежүзі тарихы пәндеріне қызығып өскен. ҰБТ-да 111 балл жинап, ауыл квотасымен ҚазҰУ-ға грантқа оқуға қабылданған. Баян әу баста Түркияға білімін жетілдіру үшін барған. Әңгімені де сол білім жүйесіне қатысты өрбітті.

«Түркия еліне келуімнің басты себебі оқу болды. Білімімді жетілдіру мақсатында Қазақстандағы ҚазҰУ-де бакалаврды бітіргеннен кейін магистратураға оқуға түстім. Түркияның туристік қалаларының бірі Измирде Докуз Эйлул университетінің «Халықаралық сауда» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдадым. 

Білім сапасы жөнінен айырмашылық көп. Біріншіден, Түркияның білім жүйесі Еуропа елдеріне ұқсас болып келеді. Екіншіден, оқу ордаларының әлдеқайда алдыңғы қатарда екенін, білім сапасының жоғары екенін, әрі қағазбастылықтың аздығын, сонымен қатар, студенттерге әртүрлі мүмкіндіктің ұсынылу-ын айта аламын. Бастысы, университетте пара бермеу артықшылық деп есептеймін.

Қазақстандағы білім жүйесінің жақсаруы үшін бірінші ретте, қағазбастылықты азайту керек. Біз көбіне «неге елімізде ғалымдар жоқ?», «неге дамымайды?» деген сұрақтарды көп айтамыз. Мұның себептерінің бірі – қағазбастылық. Қағазбастылықтан арыла алмаған оқытушылар студенттерге дұрыс көңіл бөлуге мүмкіндігі болмайды. Дұрыс көңіл бөлінбеген соң болашақ ұрпақты тәрбиелейтін сапалы ұстаздар шықпайды, олар да шықпаған соң еліміздің білім деңгейінің көтерілмей қалуы қалыпты жағдай деп есептеймін. Екіншіден, студенттерге еркіндік пен мүмкіншілік берілуі керек. Мысалы, қандай да бір іс-шараға студенттерді жүгірте бермей, олардың өзін дамытуына жағдай жасалынуы керек. Бұл еркіндік пен мүмкіншіліктер ұстаздар қауымы үшін де қажет», – дейді Баян.

Тіл және менталитет

«Тіл үйренуге ұзақ уақыт кетті деп айта алмаймын. Түрік тілі грамматикасын үйрене отырып, жергілікті халықпен практика жасадым. Яғни, кез келген жерде, университет болсын, жатақхана, дүкен, мейрамхана, аурухана болсын түрікше сөйлеуге міндеттісіз. Осы тәжірибенің арқасында 2-3 айда еркін сөйлеп кеттім десем болады.

Ұлттың менталитеті Түркияның аудандарына қарай әртүрлі. Мысалы, Түркияның оңтүстік немесе шығыс аудандарында дәстүрді берік ұстанады. Ал Түрияның батыс, оңтүстік-батыс аудандарында еуропалық өмір сүру салтына бейімделген. Салт-дәстүр тұрғысынан көбіне әдет-ғұрыптарымыз ұқсас келеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты ортақ құндылықтарымыз әлі күнге дейін жалғасып келеді».

Талапкер нені ескеруі керек?

«Қазір Түркияға оқуға түсіретін жеке компания көп. Жас талапкерлерге айтарым, Түркияға оқуға түсетін болсаңыз, компанияны дұрыс таңдауыңызды сұраймын. Оқуға түспес бұрын көмекші компанияларды жақсылап зерттеп, олардың жауапкершілігі жайында көбірек мағлұмат алуыңыз керек. Сол мағлұматтардың дұрыс екеніне көз жеткізуді де ұмытпаңыздар. Себебі компаниялар оқуға түсіремін деп құжаттарды жинап, тек тіл курсына түсіріп, жарты жолда оқушыны тастап кетіп жатқанын да көріп жүрміз. Сондықтан аңдап басып, жақсылап ойлана отырып, асықпай шешім қабылдаңыздар». 

Баян қандай кітаптарды оқығанды ұнатады екен? Есте қалған ерекше кейіпкері кім? Сұрап көрдік. 

«Психология, Бизнес және биография саласындағы кітаптарды оқығанды ұната-мын. Ең соңғы оқыған кітабым «Өмірді қалай сүру керек?» деп аталатын, атақты профессор, тарихшы Илбер Ортайлының кітабы еді. Өзінің тәжірибесін ортаға салып, жастарға ақыл-кеңесін айтады. 

Алдағы уақытта Қазақстанға қайту жоспарымда бар. Себебі туған жер әрдайым ыстық. Туризм және сауда саласында өзімнің, әрі еліміздің игілігі жолында жұмыс істейтін жеке компания құрсам деймін. Сонымен қатар, жастарға шет елде білім алу жайында қызмет ұсынатын компаниямды дамытқым келеді».

Айтпақшы, кейіпкеріміз Инстаграмдағы bayan_bilim_tr парақшасында оқырманға арнап түрік тілін оңай әдіспен үйрету курсын жиі ұйымдастырады. Сонымен қатар, білім берген оқушыларының оқуға түсіп кетуіне де ерекше атсалысып жүргенін байқадық...

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №23
8 маусым 2021 жыл

1043 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор