• ҰЛАН
  • 07 Маусым, 2021

Кітапханадағы каникул

Кітап патшалығындағы балалық шақ

Балаларды қорғау күніне орай Алматыдағы №4 кітапханада «Кітап әлеміндегі бақытты балалық шақ» атты мерекелік жиын өтті. Жиында кітапхана тек кітап оқып, тыныштықта отыратын мекен емес, мерекелік кештің ортасына айналды. 

Жиынға келген балалар «Жаңа кітаптар Фейерверкі» кітап көрмесінен ұнатқан кітабын сыйлыққа алды. «Балалар әдебиетінің інжу-маржандары» атты көрмеде балалық шақты еске салатын түрлі кітаптың жаңа нұсқасын көріп, біз де таң-тамаша болдық. Жиынға келгендер әдеби подиумда балалар жазушыларымен кездесіп, қолтаңба алып, естелік фотоға түсті. Жас оқырман сүйікті авторымен кездесіп, пікір алмасу мүмкіндігіне де ие болды.

Кітапханада концерт өткізу дегенді естіп пе едің? Біз естідік, көрдік, тәнті болдық. Цирк әртістері, күйші, әнші, биші – бәрінің басын қосқан жиында үлкен де, кіші де мәре-сәре болды. Кітапхана ұжымы «Балдәурен – ән дәурен» атты концерттік бағдарлама дайындапты.

Бәріне қалай үлгеруге болады?

Кітапхананың тұрақты оқырманы, әншісі, күйшісі бар екен. Оның аты-жөні – Бағжан Жомартов. Кітапханада өтетін барлық шараға келіп, қолдау көрсететін студент жазда қосымша жұмыс істеп, ақша тауып та үлгеріп жүр екен. 
«П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде дәстүрлі ән мамандығында оқимын. Биыл 2-курсты бітірдім. Бала кезімнен өнерге жақын болдым. Өнердегі кумирім – Рамазан Стамғазиев. Қазіргі басты мақсатым – оқуымды үздік аяқтау», – дейді Бағжан.

Бағжан күннің ыстықты-ғына қарамастан концертте бір емес, бірнеше ән айтып, домбырада ойнады. 17 жастағы Бағжаннан жұмыс істеп, жаңа аспап үйреніп, спортқа уақыт табудың сырын сұрадық. 

«Жазғы демалысты барынша жан-жақты өткізгім келеді. Қазір домбыра тартып, фортепианода ойнаймын. Жазғы демалыста гитара үйренемін деп жоспарлап қойдым. Бала кезімнен футболға қызығамын. Достарыммен бірге доп ойнаймыз, футбол матчтарын қараймыз. Айтпақшы, жазғы демалыс кезінде жеткізу қызметіне жұмысқа орналастым. Уақытыңды дұрыс жоспарласаң, бәріне үлгеруге болады деп ойлаймын. Мен, мысалы, әлеуметтік желіге көп кірмеймін. Жеке парақша жүргізбеймін. Қажет ақпаратты интернеттен іздеп, оқып аламын. Қазір адамдардың көп уақыты желіде отыруға кететін сияқты», – дейді ол.

Концерттен кейін «Сиқырлы қоржын», «Көңілді эстафета» сияқты әдеби викторина, жұмбақ жасыру ойыны болды. Сұраққа дұрыс жауап берген балаға сыйлыққа кітап, аудиокітап берілді.

«Ұланның» суретін салған балақай

Қызық мұнымен біткен жоқ. Кітапханада жас суретшілерге арналған үйірме бар екен. Сол үйірменің қатысушылары сурет салудан байқау өткізді. «Ұлан» газетінің логотипіндегі балақайдың суретін салған бала да кездесті. Оның аты-жөні – Әділ Құрманғазиев. Әділдің өзі де Ұлан-балақайға ұқсайтындай боп көрінді. Солай емес пе? Жас суретші Әділді әңгімеге тартқан едік.  

«№8 мектеп-гимназияда оқимын. Биыл 5-сынып бітірдім. Математика пәнін жақсы көремін. Сурет салумен кәсіби түрде айналыспадым. Қосымша курсқа, үйірмеге де қатыспадым. Бірақ ес білгеннен бері сурет салған, бояған ұнайды. Көбіне адамдардың суретін саламын. Ертегі, аниме, мультфильм кейіпкерлерін бейнелеген ұнайды. «Ұлан» газетін кітапханада көрдім. Суреті ұнап қалды. Сосын бүгінгі байқау үшін таңдап алдым», – дейді жас суретші. 

12 жасар Жансаяның өнері бізді де, қазыларды да таңғалдырды. Ол таудың су бетіндегі бейнесін айнытпай акварельмен мөлдіретіп салыпты. Жансаядан сурет салудың сырын сұрадық. 

«Мен үш жасымнан бастап сурет саламын. Көбіне табиғатты бейнелеймін. Бүгінгі композициям да «Пейзаж» деп аталады. Маған акварельмен сурет салған ұнайды. Себебі қарындашпен немесе басқа бояумен салсаң, түс қанық әрі біртектес болады. Ал акварель сенің қиялыңдағы түс пен үйлесімді жасай алады. Болашақта интерьер дизайнері болғым келеді. Ол үшін түстерді үйлестіре білу маңызды», – дейді Жансая.

Каникулдағы библиофреш пен буккроссинг

Кітапхана меңгерушісі Сағын Кәденқызының айтуынша, кітапхананың жұмысы жазда қызады екен. «Алматыда жазда күн ыстық болады. Модернизациядан өткен жаңа кітапханамыз кішкентай оқырмандар үшін өте қолайлы. Қаланың орталығында орналасқан. Бұл жерге тек кітап оқуға емес, түрлі бағыттағы үйірмеге қатысуға келетін жас досымыз көп. Олардың уақытын барынша қызықты әрі пайдалы етіп ұйымдастыру үшін арнайы жазғы бағдарлама жасадық», – дейді кітапхана меңгерушісі. 

Сағын Кәденқызы қазір балаларды қызықтырып, назарын аудару үшін олармен бір толқында болу керегін айтады. Сол үшін заманауи трендтен, жаңалықтан қалыс қалмау керек дейді. Осы бағытта бағдарламада жан-жақты іс-шаралар қамтылған. Мысалы, апта сайын библио-фреш өтеді. Мұнда оқырман-дар жаңа кітаптарға шолу жасайды. Буккроссинг арқылы кітап және пікір алмасуға болады. Таза ауада, табиғат аясында кітапханалық буль-вар, жазғы кітап круиузі ұйымдастырылады. «Кітаппен селфи» деген фотозона да бар. Апта сайын мультимедиа залында анимациялық мультфильмдер көрсетілімі, кітапха-на алаңында домбыра party, шебер қолдар шеберлік сағаты өтеді. 

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №23
8 маусым 2021 жыл

665 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор