• Сенің замандасың
  • 07 Маусым, 2021

«Ақылды жылыжай» құрастырған Жұлдызай мен Тоғжан

Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Жұлдызай Мұңайтпасова мен Тоғжан Марат «ақылды жылыжай» жобасын жасап, көкөніс өсіруді қолға алды. Жоба авторлары «ақылды жылыжайды» құрастыру үшін бір жылға жуық еңбектенген. Былтыр қаңтар айында ұйымдастырылған «Инфоматрикс» жарысына орай қыздар STEM технологиясы арқылы «ақылды жылыжай» құрастыру идеясын іске асыруға шешім қабылдайды. Жылыжайдың не себепті «ақылды» екенін Жұлдызай мен Тоғжан әңгімелеп берді.

«Ақылды жылыжай» идеясы қалай пайда болды?

Жұлдызай: Қазір отандық нарықта сырттан импортталатын көкөністің көлемі күн сайын артып жатыр. Мысалы, қаламыздағы «Жайна» сауда орта-лығында көкөністің басым бөлігі Қытайдан тасымалданады. Сондықтан қыс мезгілінде қиярдың бағасы шамамен 450 теңге болса, қызанақтың бағасы 500 теңгеге дейін өседі. Ал «Айтбек» базарындағы қияр мен қызанақ Өзбекстаннан тасымалданып, 550 теңгеге сатылымға шығады. «Ескі базар» сауда орталығында да жағдай көңіл көншітерлік емес. Өйткені қиярдың келісі 1000 теңгеден, қызанақ 800 теңгеден сатылады. Біз тұтынушылардың қаржысы ішкі инфрақұрылымға емес, сыртқа жұмсалатынын ескеріп, жаңа жоба туралы ойлана бастадық. Қызылорда қаласының ауа райы да желді әрі ыстық болғандықтан мәдени өсімдіктердің өсуіне кері әсер етеді. Осы жағдайды ескере отырып, инновациялық технологиялармен жабдықталған «Ақылды жылыжай» жобасын құрастырып, мәдени өсімдіктерді өсіруді қолға алдық.

Жылыжай не себепті «ақылды»?

Тоғжан: «Ақылды жылыжай» дақылдарды өсіру үрдісін жеңілдетіп қана қоймай, қол еңбегін барынша азайтатын зор мүмкіндікке ие. Сол үшін ауыл шаруашылық қондырғысына Arduino микроконтроллерінің UNO3 толық жинағы қолданылады. Ал температура мен ылғалдылық көрсеткішін анықтауға DHT11 сенсоры, топырақ ылғалдылығы мен жаңбыр, яғни су деңгейін анықтау үшін  Water sensor датчигі, жылыжайды желдету үшін сервомоторлар, көрсеткіштерді көру мақсатында ITS дисплейі пайдаланылады. Су сенсорын Arduino-ға қосу арқылы су шығынының алдын алып, жаңбыр мөлшерін анықтай аламыз. Ал ауаны тазарту мақсатында терезені автоматты түрде ашатын сервомоторлар орнатылған. Сервомоторлар дегеніміз – робототехникада, мехатронды және Arduino жобаларында жиі қолданылатын қозғалтқыштың бір түрі. Бөлме температурасын 25°C-тан 22-23°C-қа дейін түсіру үшін терезелерді ашып, жылыжайды желдетуде осы құрылғы қолданылады. Жылыжайдың тағы бір ұтымды тұсы – көк-сөкті қажет кезде ғана суару үшін тамшылатып суару технологиясын таңдадық. Бұл технология топырақ эрозиясын азайтумен қатар, арамшөптің өсуін тежеп, өсімдік ауруларының алдын алуға көмектеседі. Мұндай жағдайда топырақты тегістету қажет болмаған соң шығын да азаяды. Жылыжай құрылысы екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінде шалғам (редиска), екінші бөлігінде салат жапырағы өсіріледі. 

Жұлдызай: Бұл көкөністер адам ағзасындағы метаболизмді жақсартып, иммунитетті нығайтады. Шалғам аптасына 2 рет, салат жапырағы 2-3 рет суарылады. Сондай-ақ топырақ құнарын жақсартатын тыңайтқыштар дайын-дауды назардан тыс қалдыр-мадық. Жылыжайға жаңа көңді салуға болмайды. Сондықтан біз жылыжайда өсетін өсімдіктер үшін биогумус ретінде органикалық заттарды қолданып, жауынқұрттарды көбейту арқылы топырақты құнарландырып, неғұрлым өсімдіктер үшін қолайлы жағдай жасадық. Сондықтан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Самалбек Оразбайұлымен бірге биогумус дайындадық. Биогумус нәтижесінде еккен өніміміз жылдам өсіп жатыр.

Не себепті шалғам мен салат жапырағы таңдалды?

Жұлдызай: Үй жағдайында өсіруге ыңғайлы Алекс F1 шалғамының ресейлік сорты – адам ағзасына өте пайдалы әрі нәрлі көкөніс. Құрамында қыша майының көп болуынан шалғамның дәмі өткір болады. Шалғам көктем мезгілінде адам ағзасы әлсіреп, дәрумендер жетіспейтінін байқаған кезде аса қажет көкөністің бірі. Тамыр жемістің құрамында В1, В2, В5 сияқты дәрумендер мен ниацин, калий, кальций, фосфор, натрий, темір мен магний бар. Тіпті шалғамның бір түйірінің өзі адам ағзасындағы аскорбин қышқылының бір тәуліктік мөлшерін өтей алады.

Тоғжан: Ал салат жапырағының құрамына тоқталсам, Р, С дәрумені мен кальций, темір, йод, калий, мырыш, фосфор, мыс секілді минерал заттарға бай. Сонымен қатар, сирек кездесетін лактуцинді де салат жапырағының құрамынан табуға болады. Лактуцин жүйке жүйесін тыныштандырып, ұйқыны жақсартады. Оған қоса, ағзадағы тұз мөлшерін де реттейді. Мектеп асханасын осындай пайдалы көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында жылыжайда өсіруді қолға алдық.

«Ақылды жылыжайдың» болашағы қандай?

Жұлдызай: Жобаны жетілдіру мақсатында жан-жақты ізденіп, энергия көзін күн панельдерінен алуды жоспарлап жатырмыз. Бұл отандық ресурсты үнемдеп, қуаттың балама көзіне ауысуына мүмкіндік берері сөзсіз. Осы орайда біздің тың идеямызды жүзеге асыруға биология пәнінің мұғалімі әрі жобаның жетекшісі Райхан Тәжі, информатика пәнінің мұға-
лімдері мен бізге көмектес-кен мектеп оқушыларына алғыс білдіреміз.

Тоғжан: «Ақылды жылыжайдың» кейбір функциясы карантин режиміне байланысты аяқталмады. Сол себепті жобаға жаңа технологиялық құрылғыларды қосу қажет. Мысалы, күн батқанда қараңғыны анықтайтын және белгіленген уақытта жарықтың жанып-өшуін қамтамасыз ететін қозғалыс сенсорын орнату, темпера-тура белгіленген нормадан асып кеткен жағдайда светодиодтың жануы арқы-лы вентиляция жүйесін іске қосу жоспарымызда бар. Сонымен қатар, қоршаған ортадағы ауа құрамының көмірқышқыл газының концентрациясын дисперсиялық емес, инфрақызыл әдісімен анықтауға арналған СО2 газын анықтайтын датчик орнату жұмысы жасалады. Алдағы уақытта мектептің жанынан поликарбонат материалынан тұратын «Ақылды жылыжай» құрылысын жүргізуді қолға алып, смартфон арқылы басқаруды іске қосамыз.

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №23
8 маусым 2021 жыл

43 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор