• ҰЛАН
  • 07 Маусым, 2021

Камилла ғылымға, өнерге, әдебиетке қызығады

Камилла Сатиева – Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Озат оқушы, сонымен бірге қоғамдық жұмыста да белсенді. 2018 жылы Қазақстан құрамасы қатарында 11-ші Еуропа өнер және ғылым фестиваліне қатысқан. 

2019 жылы «Біріккен Ұлттар Ұйымының жастар моделі» конференциясына, Бельгияда өткен БҰҰ конференциясына қатысқан. Ағылшын тіліндегі дебат клубының мүшесі. Белсенді волонтер. 2020 жылдың маусым–желтоқсан айларында тұрмысы төмен отбасының балаларына ағылшын тілін үйреткен. 

Гарвард университетінде бес апталық Жаратылыстану ғылымдары, инженерия және математика бағытындағы ағылшын тілі курсын оқыған. Йель университетінде үш апта креатив мәтін жазу, эссе жазу, көпшілік алдында сөйлеу дағдысы бойынша курстан өткен. «Ivy league Education» орталығында SAT курсын табысты аяқтаған. Камилла физика-математика бағытындағы мектепте оқиды. Бірақ, болашақ мамандығы ретінде химия мен биологияны таңдап отыр.

«Америка Құрама Штаттарында оқимын деп жоспарлап отырмын. Таңдаған салам – медицина. Алғашқы бірнеше жыл жалпы медицинаны оқытады. Яғни химия мен биологияны оқимын. Содан кейін медицина бағытында оқуды жалғастыруға болады», – дейді Камилла. Ол әзірге медицинаның ғылыми бағытын таңдап отыр. Дегенмен, болашақта өкініш болмас үшін жалпы медицинаны да оқымақ. Отбасылық дәрігер немесе отоларинголог, яғни құлақ-мұрын-тамақ дәрігері болғысы келеді.

Камилла алтыншы сыныпқа дейін жаратылыстану бағытындағы пәндерге қызыққанын айтады. Ал зияткерлік мектепке келгеннен кейін биологияға ерекше назары ауыпты. Өзі мұны мұғалімнің қызықтыра білуімен байланыстырады. Математикадан халықаралық олимпиадаға қатысып, екі рет 2-орын алған. Ал қазір негізі-нен биологияға мән береді.

Биологиядан үш рет ғылыми жоба жазған. Оның біреуі биогазды пайдалануға қатысты болса, екіншісі балықтарға арналған биологиялық қоспаны пайдалану жөнінде. Үшінші ғылыми жұмысы әлеуметтану мен биологияның қосындысы деуге келеді. Биологиялық қорек туралы жобаны университет оқытушыларымен бірлесе жазған. Сынақтан өткізгенде, барлық нәтиже дұрыс шығыпты.

Камилла қазір Алматыдағы Ivy league орталығында биология мен химиядан қосымша дайындалып жүр. «Осы орталықта ағылшын тілінен дайындалдым. IELTS емтиханынан 7,5 алдым. Енді бар назарды негізгі пәндерге бұрып отырмын», – дейді өзі. 

Коронавирус пандемиясына байланысты көптеген университетте емтихандар уақытында болмай қалған. Кейбір емтихандар мүлдем алынып тасталған. Камилла SAT емтиханын тапсырып, енді нәтижесін күтіп отыр. «Қазір қолымда университеттердің тізімі бар. Кейбіріне түсу мүмкіндігі жоғары, енді біріне түсу қиындау дегендей. Соның барлығын есепке алып отырмын. Әлі жарты жылдай уақытым бар», – дейді. 

«Ұлан»: Камилла, ғылымнан басқа не нәрсеге қызығасың?

Камилла: Өнерді жақсы көремін. Төрт жасымнан бастап эстрадалық бимен айналыстым. Би тобымыз да болған. Бірақ жоғары сыныптарға барғанда әркім әр саланы таңдап, кейбірі мектеп ауыстырып, тобымыз тарап кетті. Мен сонда да жалғастырдым. Бес жыл фортепиано үйірмесіне қатыстым. Енді укулеле және гитараны үйренсем деп жүрмін. 

«Ұлан»: Көркем әдебиет оқисың ба? 

Камилла: Бала күнімнен көп оқимын. Қазір көбінесе ағылшын тілінде оқимын. Көбінесе фэнтези жанрындағы әдебиет ұнайды. Эрин Хантердің кітаптары ұнайды. Эрин Хантер деген – төрт жазушының ортақ псевдонимі. Балалар әдебиетінен кейінгі оқығаным болғандықтан шығар, ерекше есімде қалды. Джорджо Моэстің кейбір романдары ұнайды. Сесилия Ахерн бас кейіпкерлердің ішкі сезімін өте жақсы жеткізе білетінімен ерекше. Сондай-ақ, фэнтези жанры бойынша Ли Бардугоның кітаптары жаныма жақын. Жазушының тілі өте күрделі, бірақ кейіпкерлері қиын жағдайда да жол таба білуімен ерекше. Орыс әдебиетін өз алдына жеке жанр деп қарастыруға болатын сияқты. Орыс жазушылары кезінде депрессив тақырыптарды жазудан қорыққан жоқ. Орыс әдебиетінен беретін мұғаліміміз бізді қызықтыра білді, көптеген шығарманы терең талдадық. «Қылмыс пен жаза» өте күрделі шығарма екеніне қарамастан, әдебиетке деген көзқарасымды қалыптастырды десем, артық айтқаным емес. Оқығаннан бөлек, жазамын да. Болашақта өзімнің кітабымды шығарғым келеді. Йель университетінде креатив жазу курсынан өтуім өте пайдалы болды.

«Ұлан»: Қоғамдағы, өзің өмір сүріп отырған ортадағы қандай мәселелер мазалайды? 

Камилла: Саясатта шаруам болмаса да, соңғы уақытта кейбір заңдардың дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан туындаған проблемаларға назар аудардым. Мысалы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі. Қазақ тілі сабағынан емтихан тапсырғанда, осы тақырыпты талқыладық. Біз өмір сүріп отырған қоғамда зорлық болғанын қаламаймын. Мұндай мәселелерге ұсақ-түйек деп қарауға болмайды деп санаймын. Нәсілшілдікке қарсымын. Кейде пікірімді әлеуметтік желіде де жазамын.

«Ұлан»: Белсенді волонтер екенсің…

Камилла: «Көмектес» әлеуметтік жобасы аясында SOS деревняда тұратын 300 балаға ағылшын тілін үйреттім. Жоба туралы интернеттен біліп, өтініш білдірдім. Мектебіміздегі «Империум» еріктілер ұйымының төрағасымын. 

«Ұлан»: TEDx конференцияларын көресің бе? 

Камилла: Иә, қараймын. Биология, биотехнология туралы түсінікті тілмен айтатыны ұнайды. Психология саласындағы видеоларды көп қарадым. Мектепте бірнеше рет TEDx конференцияға қатыстым. Офлайн оқып жүргенде TEDx клубқа апта сайын баратынмын. Жасанды интеллект, жануарлардың құқығы туралы өте қызық тақырыптар болды. REDx деген клубымыз бар, онда өзіміз оқыған кітаптар туралы айтамыз. Өзім бір рет Алан Маршаллдың кітабы туралы әңгімелеп бердім. Аттан құлап, жарақат алған бала туралы үшінші жақтан әңгімелейді. Бірақ баланың ойын жеткізеді. 

«Ұлан»: Камилла, биотехнология саласын таңдауыңа, ғылыммен айналысуыңа ата-анаңның ықпалы болды ма? 

Камилла: Әкем де, анам да қаржы саласының маманы. Менің таңдауым оларды таңғалдырды, бірақ қолдады. Анам менің дұрыс білім алуыма өте көп көңіл бөлді. Өзі де мектепті алтын медальмен бітірген. Бала үшін ата-ананың қолдауы ерекше. Ата-анасы қолдау білдірген балалар жеңілісті де дұрыс қабылдай біледі. 

Камилламен әңгімелесіп отырып, бір сағаттың қалай өте шыққанын байқамай да қалдым. Ойлау жүйесі де, ойын жеткізе білуі де ерекше. Анализ жасап, жүйелі сөйлейді. Кез келген іске шығармашылық тұрғыдан қарайтыны байқалады. Біз Камилланың қалаған оқуына түсіп, көңілі қалаған іспен айналысуына тілектеспіз. 

Жұлдыз ӘБДІЛДА

«Ұлан» газеті, №23
8 маусым 2021 жыл

485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор