• Өнертапқыш
  • 07 Маусым, 2021

Тимурдың ауа тазартатын Oxybot роботы

Шымкент қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Тимур Сапаев жақында В.И.Вернадский атындағы Бүкілресейлік жасөспірімдердің ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауының жүлдегері атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Тимур байқауға «Ашық алаңдар мен ғимараттардағы қалалық аyаны бақылау және тазартуға арналған күн батареяларымен жұмыс істейтін мобильді автономды боттарды қолдану» атты жұмысын ұсынған. Ол автономды «ОXҮВОТ» роботын жасаған.

«2007 жылы ата-анам Өзбекстанның Ташкент қаласында жұмыс істеп жүргенде, мен дүниеге келдім. Жүзгенді ұнатамын. YouTube желісінен ғылыми-танымдық арналарды көрген ұнайды. Мысалы, Kurzgesagt, National geographic. Негізінен актерлік өнерді жақсы көремін», – деді өзін қысқаша таныстырған Тимур. 

Oxybot роботын құрастыру идеясы қайдан пайда болғанын сұрадық. 

– National Geographic әлем халқының тез өсіп жатқаны және соған сәйкес атмосфераға зиянды заттардың көбейіп жатқаны туралы айтты. Мен бұл ақпараттан қатты қорқып кеттім. Өйткені бұл адам денсаулығына және ғаламшардың болашағына қауіпті. Сосын осы мәселені шешу жолдарын интернеттен іздедім. Smof Free Tower мұнарасынан шабыт алдым. Дәл осы кезде біздің мектепте робототехника бойынша конкурстар өткізілді. Мен жобаның жетекшісі болуға келіскен Ирина Николаевнадан кеңес сұрадым. 

– Жобаны жүзеге асыру үшін қандай кезеңдерден өттің?

– Алдымен осы проблемамен күресудің қолданыстағы әдістерін зерттедім. Әрі қарай біздің алдымызда екі таңдау болды: тазарту немесе ластану деңгейін анықтау. «Тазалық тазалап отыратын жерде емес, ластанбайтын жерде» демекші, динамикалық экологиялық картаны құру арқылы ластану көздерінің анықтамасына тоқталуды жөн көрдік. Сондай-ақ қолданыстағы әдістердің кемшіліктерін талдап, осы олқылықтардың орнын толтыруға тырыстық. Келесі кезекте роботтың сызбалары, қажетті модульдер мен датчиктерді таңдау, Oxybot жұмысының алгоритмін құру басталды. Сонымен, соңғы кезең роботты жинау және тестілеу болды, ол сәтті өтті.

– Oxybot қалай жұмыс істейді?

– Роботтың негізгі миссиясы – қала ауасындағы зиянды бөлшектерді анықтау, деректерді серверге жіберу. Соның негізінде нақты уақыт режимінде динамикалық эко карта құрылады, сонымен бірге белгіленген маршрут бойынша үнемі қозғалады. Роботтың екінші реттік функциясы оның кішігірім мөлшеріне қарамас-тан, зиянды бөлшектердің критикалық деңгейі анықталған кезде ауаны ішінара тазартады.

– Жобаға инвесторлар бар ма?

– Бұл кезеңде инвесторлар жоқ. Жақында бір стартап жобаға қатысуға өтінім бердім, оған инвестор табылуы мүмкін.

– Болашаққа жоспарларыңыз қандай?

– Егер сіз Oxybot-тың дамуы туралы сұрап отырса-ңыз, онда мен оған қазір Швейцария мен Ресейде дамып жатқан ауадағы вирустарды анықтайтын датчиктерді қосар едім, әрине, егер инвесторлар болса. Өзімнің өмірлік жоспарларым туралы айтар болсам, климаттың ғаламдық өзгеруіне байланысты проблемаларды зерттеуді жалғастырғым келеді. Меніңше, адамның ауаны тазартуға құқығы әр елдің конституциясына енгізілуі керек.

– Жобаң туралы таныстырғаныңа көп рақмет! Өнертабысың көбейе берсін! 

Гүлжан НИЯЗОВА,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 1-курс студенті.

Түркістан қаласы

«Ұлан» газеті, №23
8 маусым 2021 жыл

673 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор