• ҰЛАН
  • 02 Маусым, 2021

Барлық оқушыға тегін тамақ беруді ұсынды

Жақында Zoom-конференция форматында, сондай-ақ әлеуметтік желілердің тікелей эфирінде «Балалардың мектептегі тамақтануы мен іс-қимыл белсенділігін ұйымдастыру проблемалары» тақырыбында онлайн-конференция өтті. Іс-шараны Қазақстан әйелдер күштерінің альянсы мен ЮНИСЕФ Балалар қоры ұйымдастырды.

Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда табысы төмен отбасынан шыққан 1 миллионға жуық бала бар. Мектеп оқушыларының тамақтану рационы бойынша құнарлылықтың бірыңғай стандарты бекітілген. Яғни, 7-10 жастағы оқушылар үшін – 711/942 ккал, 11-14 жастағы оқушылар үшін – 790/1055 және 15-18 жастағы оқушылар үшін – 824/1178 ккал деп көрсетілген.  Стандартқа сәйкес дайын тағамның құны тәулігіне шамамен 800-1000 теңгеден асады. Арнайы мамандар астанамыздағы мектептерге барғанда стандарт  азық-түлік жиынтығы мен өнім санының сақталмағанын нақтылаған. Оқушылар мәзірінде іс жүзінде сүт, құс еті, сүзбе, жұмыртқа жоқ немесе талап сақталмаған. Ет нормативтен 2,5 есе аз болса, картоп 2,3 есе көп болған. Ұсынылған ас мәзірінің сақталмауы тамақтануға бөлінген қаражаттың шектеулі болуына байланысты. Таңғы ас немесе түскі астың нақты құны өңірге байланысты 1 оқушыға 198 – 405 теңге шегінде есептелген.

2016 жылы ДДҰ-ның балалар семіздігін эпидқадағалау (COSI) жөніндегі Еуропалық бастама шеңберінде жүргізілген зерттеуге сәйкес, мектептердің 80%-ында балалар құрамында қант мөлшері жоғары шырындарды немесе газдалмаған басқа да сусындарды еркін сатып ала алған. Мектептердің 43,8%-ында асханаларда газдалған тәтті сусындар, ал мектептердің 5,2%-ында энергетикалық сусындар болған. Қанттан жасалған кондитерлік өнімдер, торттар, батончиктер, тәтті печенье мен тоқаштар республика мектептерінің 63,5%-ында, балмұздақ 26%-ында сатылымда болды. Тәтті газдалған сусындар мен кондитерлік өнімдердің болуы және оларды жалпы білім беретін мектептерде сату – оқушылар мен мектеп жасына дейінгі балалар арасында тұтынуға тыйым салынған өнім түрлері қатаң регламенттелген санитария қағидаларының талабын бұзу. 

Қазақстанның әйелдер күштерінің альянсы көптеген баланың отбасындағы әлеуметтік және тұрмыстық проблемаларға байланысты дұрыс тамақтану мен лайықты білім ала алмайтынына алаңдайды. «Егер балаларымыз отбасында дұрыс тамақтанбай, физикалық және зияткерлік дамудағы кідірістерге байланысты оқу материалын меңгере алмаса, білім беру жүйесін реформалау нәтиже бермейді. Мектеп баланың қалыпты ыстық түскі ас, ақуыздар, дұрыс көмірсулар мен дәрумендерді алатын жалғыз орынға айналады. Егер отбасы баланы қалыпты тамақпен қамтамасыз ете алмаса, қазіргі коронадағдарыс кезінде бұл функцияны мемлекет өз мойнына алуы тиіс», – дейді белсенділер.

Онлайн-конференцияға қатысушылар «Балаларды тамақтандыру – мемлекеттің стратегиялық міндеті» ұлттық жобасын әзірлеуді ұсынды. Балаларды тамақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға бағытталған мемлекеттік қаражат ауыл шаруашылығын, қазақстандық тамақ өнімдерін өндірушілерді және отандық фармацевтикалық компанияларды дамытуға инвестиция болады. Сондай-ақ, төменгі сыныптар мен әлеу-меттік отбасылардан шыққан балалардың тамақтану лимитін қайта қарау қажет. Өйткені азық-түлік бағасының қазіргідей өсу кезінде мектепте тамақтандырудың бірде-бір өндірушісі 380 теңгеге балалардың стандарт тамақтануын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан мектеп асханала-рында балалар сапасыз тағамдарды алады. 

Балаларымызды қолдау және болашақта балалардың лайықты дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстанда мемлекеттік мектептердегі барлық бала үшін ыстық түскі ас тегін болуы тиіс. Тамақтану стандарттары мен технологиялық карталарды қайта қарау керек. Әр бала күніне ақуыз, көкөніс, жеміс жеп, кем дегенде бір стакан сүт ішуі қажет. Тамақтануды қарапайым Д, йод және кальций дәрумендерімен, С дәруменімен байытатындай етіп ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, мектептердегі дене шынықтыру сабақтарын жаңғырту, мектеп жанындағы кәсіби спорт клубтарын құру практикасын енгізу және балалардың дене белсенділігі жөніндегі жұмысты күшейту қажет.

«Ұлан» газеті, №22
1 маусым 2021 жыл

319 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор