• Әуез
  • 01 Маусым, 2021

Романтикалық кеште...

Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанат Ермановтың жетекшілігіндегі Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтетінің «Романтизм әуендері» атты концерті өтті. Концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – опера әртісі Болат Жомартов  және фортепианода Гүлнара Жидилова өнер көрсетті. Кеште әлемдік классиканың үздік туындылары орындалып, жиналған қауымның көңілінен шықты. Концерттің алғашқы бөлімінде үрмелі аспаптардың әр түрімен фортепианоның үні қосылғанда ерекше нәзік әуендер жүректі билеп, Болат Жомартовтың орындауындағы романстар кештің шырайын келтірді. Ал екінші бөлімде үрмелі аспаптар квинтетінің мүшелері – Жанат Ерманов (кларнет), Сұлужан Елубаева (флейта), Құралай Мәлімбаева (гобой), Талғат Сапабеков (фагот), Санжар Қадырбеков (валторна) квинтет репертуарындағы көпшіліктің көңілінен шығып, жүрегінен орын алған лирикалық шығармалар мен Батыс өркениетінің классикалық туындыларын орындап шықты. Көрермен қауым әрбір орындалған шығармадан соң келесі концерттік нөмірге кезек берместен толассыз шапалақ соққанын көріп қайран қалдық. Кеш соңында халық тарқағысы келмей, ықыласын білдіріп бірнеше минут қол соғып, ұзақ тұрды. Жастар суретке түсіп, квинтеттің жанкүйерлері музыканттарға гүл шоқтарын сыйлап жатты. Кешқұрым ала көлеңке бөлмеде өткізілген кеш, расымен де, романтикаға толы болған еді.

Концерттен соң музыканттар шаршап қалса да, оқырмандарымызға жүрекжарды тілектерін білдіріп, сұрақтарымызға жауап беруден қашпады. Сырт көзге бейтаныс аспаптардың қыр-сырымен таныстырып, танымдық дүниелер айтты.

Сұлужан Ержанқызы, флейташы: 

Флейта мидың жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі

«Ұлан»: Үрмелі аспаптарға қызығушылық танытып, болашағын осы аспаппен байланыстырғысы келетін кішкентай бүлдіршіндер Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектептен өзге елімізде қандай білім ордаларында білім алуына болады? Өзіңіз флейта аспабын неше жасыңызда үйрендіңіз? 

Сұлужан: Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектептен басқа Алматы қаласында деңгейі биік Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық орта мектеп-интернаты бар. Мен осы керемет мектепті тәмамдағанмын. Мектепке қабылданғанымда бес жаста болдым. Одан соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірдім. Елімізде бұдан басқа да бірнеше мектеп пен колледж бар. Оның ішінде Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы колледж, Қараған-дыдағы Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернат пен Тәттімбет атындағы колледжді ерекше атап айтуға болады.

«Ұлан»: Жастар көбіне скрипка, домбыра, жетіген, гитара сынды ішекті аспаптарға қызығады. Үрмелі аспаптардың жасалу материа-лына, қолданылу ерекшелегіне байланысты түрлерін бірі білсе, бірі білмей жатады. Ал сіздің ойыңыз қандай?

Сұлужан: Біз мектепке түсерде үрмелі аспаптарды насихаттау жетіспейтін, сондықтан болар көпшілікке таңсық болды. Ал қазір технология дамыған заманда, ғаламтордың көмегімен ақпарат тез тарап жатыр. Соған байланысты жастардың қызығушылығы да мол деп айтуға болады.

«Ұлан»: Флейта аспабының біз біле бермейтін қандай ерекше қасиеті бар?

Сұлужан: Флейта аспабы-ның бір жақсы қасиеті – аспапты ойнау барысында бассүйек қысымын жоғалтып, ауа айна-лымының жақсы жүруіне ықпалын тигізеді. Нәзік үні кез келген жанды елітіп, ішкі тыныштық сыйлайды.  Осындай керемет бір қасиеті бар.

Талғат Сапабеков, фаготшы:

Фагот қандай аспап?

«Ұлан»: Фагот аспабын үйренер кезде аспаптың ұзындығы мен салмағы қолайсыздық келтіріп, шаршаған жоқсыз ба? Алғаш аспапты үйрену кезінде болған қызықты оқиғалар есіңізде ме? 

Талғат: Фагот аспабы XVI ғасырдың басында пайда болған. Итальян тілінен аударғанда «fagotto» – дәлме-дәл, буын, түйін деген мағына білдіреді. Аспаптың ұзынды шамамен 2,5-3 м, салмағы 3-4 кг болады. Әрине, жұмыс болған соң салмағы мен ұзындығының көлемді болғанынан шаршайсың. Әсіресе, аспапты алғаш үйренгенімде едәуір қиын болды. Жалпы, бұл аспапты таңдағанда, баланың бойына, саусақтарына аса назар аудару керек. Оқушы бұл аспапты  бойы өсіп-жетілген соң, 4-5-сыныпқа көшкен кезде үйренуіне болады. Егер баланың бойына келмесе, саусақтары жетпесе, онда үйрену қиынға соғады.  

Фагот аспабы алынбалы-салынбалы төрт бөліктен тұрады. Қазір заманның, технологияның дамуына орай, әртүрлі футлярлар бар, арқаға салғанда ыңғайлы, жұмсақ түрлері де бар. Бірақ бәрібір 3-4 кг аспапты көтеріп жүру адамды шаршатады. Бір қызығы, бұл аспапты ары-бері көтеріп жүргенде, опера театрында, камералық залда отырғанда аспапты есікке ұрып аласың, біреуді соғып кетесің. Кейіннен өзім өсе келе, бұл аспапқа әбден үйреніп кеттім. Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектепке оқуға түскенімде, жетінші сыныпқа көшкен едім. Негізі бұл мектепке 1-сыныптан бастап қабылдайды. Басында маған осы аспапқа түстіңіз деп айтты. Мен ауылдан енді келген баламын. Бұл аспапты білмеймін де, атын да естімегенмін, өмірімде көрмегенмін де. Екі айдай бұл аспапқа жолаған жоқпын, себебі бұл  аспапты мүлдем білмедім. Кейіннен үйрене келе, қызығушылық пайда болып, аспапқа деген махаббатым оянды. Ұстазымның мені даярлағаны да, үйреткені де қатты ұнады.

«Ұлан»: Аспап сізді несімен баурап алды? Аспапты толық меңгеріп шығу үшін қанша уақыт кетеді?

Талғат: Негізі бұл аспап Қазақстанда жақсы дамымаған, осы аспапта ойнайтын музы-канттар саусақпен санарлық. Бұл аспап мені несімен баурап алды десеңіз, дыбысы өте қатты ұнады. Бір ерекшелігі аспапты оркестрде де, камера-лық музыкада да, жеке орындаса да, пианиномен бірге сүйемелдесе де, өте ыңғайлы, жан-жақты қолдануға болады. Дыбысы – әуезді, қоңырқай, бояуы қанық. Себебі аспаптың диапазоны 3-4 октаваға дейін барады. Төменгі, ортаңғы, жоғарғы ноталары да бар, тембрі өте жоғары. 

Кез келген музыкант өз аспабының шегіне жетіп, толыққанды үйрендім деп айтпайтын шығар. Менің әлі де еңбектенуім керек, күнделікті жаттығып, мол ізденіске түсуім керек. Әр күн сайын  аспаптың қыр-сырын түсінуге тырысамын. Егер күніне 4-5 сағат дайындалатын болсаңыз, аспапты 2-3 жылда меңгеріп шығуға болады. Жалпы, бұл еңбектеніп, шығармашылық ізденісте жүретін бағыт. Өз басым бұл аспапты 2007 жылдан бастап ойнап келемін. Қарап отырсам, 14 жылдай уақыт өтіпті.

Құралай Мәлімбаева, гобойшы:

Гобой аспапы қалай ойналып, қалай жасалады?

– Гобой – үрлемелі музыкалық аспап. Ағаш түтіктерінен жасалған. Ұзындығы – 59-60 см. Көптеген ұлтта гобойға ұқсас өзінің ұлттық аспаптары болады. Мысалы, гобой аспабы қазақтың ұлттық аспаптары – сыбызғы, сырнайға өте ұқсас келеді. XIX-XX ғасырларда француз халқы аспаптың құрылысындағы клапандарын дамытып, симфониялық оркестр мен камералық музыкаға сай үйлестіріп, қолдана бастайды. Гобойдың ең маңызды бөлігі – «трость» деп аталады. Оны көбінесе қамыстан жасайды. Бұл бөлік болмаса ешқандай әуен шықпайды. 

«Тростьпен» жұмыс жасау өте қиын. Үрлеудің өзі оңай дүние емес. Бұл бөлікті, негізінде, жай қамыстан емес, арнайы қамыстан жасайды. Ол тропикалық және субтропикалық жерлерде өседі. Қамысты алып келіп, оны өңдеп, бірнеше ай кептіреді. Кепкен соң оны екі бөлікке бөліп, ұштайды, қажет емес бөліктерін алып тазалайды. Ұзын қамыстан кішкене 7 сантиметрлік трость жасап шығару үшін оны көп ұштау қажет. Дайын болған екі пластинканы қайта біріктіріп, берік қылып байлап, тағы да ұштайды. Сол кезде ғана ойнауға арналған музыкалық аспаптың алғашқы бөлігі даяр болады. Мұның өзіне өте көп уақыт және қажыр-қайрат кетеді. Ал оны үйрену кезінде де өз қиындықтары жетерлік.

Осылайша квинтет музыканттарымен әңгіме барысында біз білмейтін қызықты ақпаратқа қанық болдық. Квинтет ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанат Ермановтың жетекшілігімен 1997 жылы құрылды. Бұл «Керемет бестік» – Францияның Марсельдегі Анри Томаси атындағы халықаралық байқауына қатысып, Еуропалық Одақтың он бес елінен келген ансамбльдердің арасында «Құрмет» дипломына ие болған Азия құрлығындағы ең алғашқы ұжым. 2016 жылы 19 елден келген 165 үміткердің арасынан оза шығып, «BELBRAND AWARD» халықаралық музыкалық сыйлығының лауреаты атанды. 2020 жылдың шілдесінде квинтет әр елден қатысқан мыңнан астам қатысушының арасында ең жоғары 100 балдан 95 ұпай жинап, Италияда өткен Россини атындағы халықаралық онлайн-байқауда жеңіске жетті. 

Квинтеттің мүшелері жас та болса, еңбегі мен ізденісінің арқасында халықаралық сахналарда өнер көрсетіп, көпшілікке қазақтың ұлттық музыкасы мен күйлерін де үрмелі аспаптарда сүйемелдеп насихаттап келеді.

Айсұлу СЪЕЗХАН,
«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №22
1 маусым 2021 жыл

957 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор