• ҰЛАН
  • 31 Мамыр, 2021

13 жасында торттың 40 түрін пісірген Бейбарыс

Жақында Инстаграм ақтарып отырып ерекше бір жаңалықты көзіміз шалды. Орал қаласының он үш жасар тұрғыны түрлі тәттіні пісіріп,  кәсібін дөңгелетіп отыр. Бейбарыс  Сұлтан – Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы №47 мектептің 7-сынып оқушысы. Небәрі он үш жасар жасөспірімнің мұндай іскерлігіне риза болдық. Дәмді торттары арқылы халықтың алғысына кенеліп отырған Бейбарыс болашақта танымал кондитер болуды армандайды. Біз де осы сәтті пайда-ланып, жас кондитерді сұқбатқа тарттық. 

– Мен торт жасауды сегіз жасымнан бастап үйрендім. Күнделікті таңғы асқа бір тағам пісіріп қоюды әдетке айналдырғанмын. Осылайша ютуб желісінен әртүрлі тәттінің жасалу жолын қарап, өзіме ұнаған торттарды ақырындап жасай бастадым,  – дейді жас кондитер.

Бейбарыстың осы саланы әрі қарай алып кетуіне көпте-ген дүние себеп болған. Сонымен қатар, оның келе-шекке жоспарлаған үлкен мақсаттары да жетерлік.

– Бұл салаға келуіме түрткі болған Ресейдегі атақты кондитер Ринат Агзамов. Өскенде сол кісі секілді болғым келеді. Болашақта Қазақстанның әрбір қаласынан цех ашу ойымда бар.

Бейбарыстың қолынан шыққан дәмді торттарына тапсырыс берушілер саны да аз емес екен. Қандай торт түрлеріне жиі тапсырыс беретіні жөнінде де сұрап білдік:

– Әрине, тапсырыс берушілердің саны көп. Алдын ала тапсырыс берген тұтынушылар қайтадан тапсырыс беретін кездер де жиі кездеседі. Жасаған торттарыма алғыс, жылы лебіз білдіріп жатады. Маған тұтынушылардың басым бөлігі «Сүтті қыз», «Вупи пай», «Сникерс» торттарына тапсырыс береді. Сонымен қатар, мусс қосылған торттарды, «Қызыл бархатты», «Фереро» және басқа торт түрлеріне жиі тапсырыс береді. Сұранысы жоғары торт түрлері деп айта аламын. Меніңше, бұл әрбір адамның талғамына байланысты.

Бейбарыс жасына қарамай әртүрлі курсқа қатысып, шеберлігін арттырып жүрген талабы таудай бала. Ол үнемі курстарға қатысып, білім көкжиегін кеңейтіп отырғанды жөн көреді:

– Ай сайын әртүрлі курстарға қатысамын. Деңгейі әртүрлі курсқа барамын. Онда бару арқылы өзімді жан-жақты дамытқым келеді. Әзірге аспаздық байқауларда бағымды сынап көрмедім. Дегенмен төрт бірдей жерде шеберлік сабақтарын аяқтадым, – дейді Бейбарыс. 

Күн сайын тапсырыс қабылдау, асүйде болу, сәндеу жұмыстарымен айналысу қыруар уақытты қажет ететін шаруа екені айтпаса да түсінікті. Мектеп оқушысы үшін біраз қиындық тудыратыны  рас. Алайда Бейбарыс бұл кәсібі сабағына еш кедергі кетірмейтінін айтады:

– Мектептегі сабақ үлгерімім жақсы. Төрт пен беске оқимын. Кәсібім сабақ оқуыма ешқандай кедергі келтірмейді. Сабаққа да қатысып үлгеремін, екінші жақтан торттарды әзірлеп үлгеремін. Ең сүйікті пәнім – ағылшын тілі. Тіл білу қазіргі уақытта өте маңызды. Біздің басты құралымыз десем де болады. Ағылшын тілі сабағына өте белсенді қатысамын. Ұстазыма көмектесіп, үй тапсырмаларын міндетті түрде орындап келуге тырысамын.

Бейбарыстың кондитерлік саладан бөлек өзге де айналысатын сүйікті жұмысы бар екен.

– Әлеуметтік желіде бірнеше кондитердің сабағын қараймын. Жаңа айтып өткенімдей, Ринат Агзамов, Полина есімді фудблогерлердің видеоларын көремін. Орал қаласындағы және өз еліміздің бүкіл кондитерлерінің сабақ-тарын жібермей қарап шығамын. Сонымен қатар, ән айтуға қызығамын. Мектеп қабырғасында және басқа да іс-шараларда ән шырқағанды жақсы көремін. Мерейтойлар болып жатса, таныстарым мені ән айтуға шақырады. Торт жасаудан бөлек ерекше қызығатын ісім осы деп ойлаймын.

Қатарластарының арасынан ерекше дарынымен көзге түскен Бейбарыстың балалар кітабына деген қызығушылығы ерекше екенін сұқбат барысында байқадық. Ол болашақта түрлі шеберлік сабағын өткізіп, шәкірт тәрбиелегісі келеді екен. «Ұландық» достарын үнемі  алға талпынуға, ізденуге шақырған жас кондитер еңбектің арқасында ғана үлкен жетістіктерге жете аламыз дейді. Арманы асқақ Бейбарыстың армандары орындалып, болашағы жарқын, аты әлемге мәшһүр кондитер боларына шын жүректен тілекшіміз!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №22
1 маусым 2021 жыл

525 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор