• ҰЛАН
  • 31 Мамыр, 2021

Мен қалай IQanat менторы болдым?

Оқушы кезімде тоғыз жылдық ауыл мектебінде, кейін интернатта оқыдым. 5-сыныпта «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңінде 3-орын алдым. Негізі олимпиада 8-11-сыныптар аралығында болса да, мен ауданның намысын қорғап қатыстым. Тіпті ауданнан менің қатысуым да аяқ астынан пайда болған мүмкіндік. Бағым жанды десе де болады. Содан кейін жыл сайын пәндік олимпиадаға дайындалып қатысамын, бірақ республика деңгейіне өте алма-дым. Пәндік олимпиаданың өз қызықтары бар ғой. Бірақ қарапайым ауыл мектебінен барған маған «Дарын», БИЛ, басқа да алдыңғы қатарлы гимназия-лицей оқушыларымен жарысу оңай болмады. Бәрі де тәжірибе десек те, көз жасым көл болып, талай рет үйге жылап келдім. Анам ылғи мені жұбатып, қолдайды, тіпті әлі күнге дейін солай. Дарынды балаларға арналған мектепте оқығым келсе де, отбасында жалғыз қыз болғандықтан үйден жырақ жібермеді. Кейін Алматыда оқуыма қарсылық білдірмегендеріне рақмет! Мен сол кезде ауылда оқитын оқушылар мен мамандандырылған мектепте оқитындар арасында үлкен айырмашылық бар екенін түсінетін едім. Болашақта ауыл баласының да өзгелермен терезесі тең мүмкіндікте білім алғанын қалаймын. Сондықтан IQanat ауыл мектептеріне білім беру бағдарламасы қорының менторы болғым келді.

IQanat деген қандай қор?

IQanat – қазақстандық демеушілердің ауыл мектептеріне арналған республикалық білім беру жобасы. Қордың мақсаты – ауыл мектептерінің оқушыларына Қазақстанның және шетелдің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алуына қолдау көрсету. Мақсатты жүзеге асыру үшін ҰБТ-ға дайындап, тіпті IELTS-қа дайындық кезінде толығымен қолдау көрсетеді. Ауыл мектептерінің үздік оқушыларын анықтауға бағытталған олимпиада ұйымдастыру, Қазақстандағы және шетелдегі үздік университеттермен ынтымақтастық орнату, балаларға толық стипендиялар мен тағылымдамаларға қол жеткізуге мүмкіндік беру, ҰБТ тапсыру үшін пайдалы материалдарды тарату, өмірде жетістікке жеткен адамдармен кездесу ұйымдастыру арқылы басқаларға үлгі болып, ынталандыратын оқушылар қауымдастығын құру да негізгі мақсаттар қатарында.

Мен не үшін ментор болғым келеді?

Қазір қашықтан оқуға байланысты интернетпен қамтамасыз етілмеген, тіпті желі жоқ ауыл мектептері бар. Өкінішке қарай, бұның зардабын  тағы да ауыл балалары көріп отыр. Мамандық таңдауға байланысты да ауыл балаларына 9-сыныптан соң колледжге түсіп, ары қарай жұмыс істеген қолайлы. Ауылда оқыған сыныбымда 8 оқушы болса, соның ішінде мен ғана негізгі жоғары білім аттестатын алдым. Сыныптастарым түгел колледжге түсіп кетті. Академиялық білімін ары қарай жалғастырғысы келсе де, әлеуметтік жағдай немесе ата-ана қамын ойлап, баланың арманы орындалмауы мүмкін. Осындай мәселелерде ауыл тақырыбы өзіме қатты жақын болған соң, IQanat білім беру қорының ұйымдастыруымен ауылдық жерлердегі мектептерде ментор болуға өтінішімді жіберіп едім. Арада біраз уақыт өткен соң, өтінішімнің қабылданғаны туралы хабарды естігенде қуандым. Сұқбаттасуда өзімді таныстырып, ұйымдастырушылар тарапынан алғыс естідім. Енді алдағы уақытта өзім оқыған әрі туған жерім Ақмола облысы, Зеренді ауданының мектеп бітіретін түлектерімен бір жыл көлемінде нәтижелі жұмыс істей аламын деп ойлаймын.

IQanat білім беру қорының қандай жетістіктері бар?

2017-2018 оқу жылы Шығыс Қазақстан облысының шалғайда жатқан Қатонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Зайсан, Көкпекті, Үржар аудандарындағы 9-10-сынып бітіретін 1500-ге оқушы үшін үмітке толы болды. Төрт тоқсан бойы математика, физика, ағылшын тілі, эссе жазу, жеңіл атлетика бағыттарының бірін таңдаған оқушылардың ішінен ең көп балл жинаған жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде 9-сыныптың 87, 10-сыныптың 86 оқушысы Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетінің қабырғасында өткен республикалық ғылыми-танымдық IQanat слетіне тегін жолдамаға ие болды. 

Слеттің басты мақсаты IQanat олимпиадасының жеңімпаздарын анықтау еді. Бес бағыт бойынша бақ сынаған 173 оқушының ішінен 30 жеңімпаз анықталды. Оның 13-і 10-сынып оқушысы, 17-і 9-сынып оқушысы. Жеңімпаздар мақтау қағаздары, бағалы сыйлықтармен марапатталып қана қоймай, өз мектептеріне соңғы үлгідегі 2-3 миллион теңгелік Fabrication Laboratory (қысқаша Fab lab) өндірістік зертханаларын ұтып алды. Жаңа оқу жылында жеңім-паз мектебіндегі оқушылар аталған зертханаларда өздерінің инновациялық идеялары мен жобаларын жүзеге асырып қана қоймай, сандық бағдарламалық басқару мен 3D принтерлері арқылы қажет бұйымдар мен детальдарды жасай алады. Ағылшын тілінен жоғары көрсеткішке ие болған 11 оқу-шыны қор шетелдік ЖОО-ға білім алу үшін IELTS тапсыруға дайындады.

2018-2019 оқу жылында IQanat олимпиадасының аудан-дық кезеңдерінің 160 жеңімпазы, оның ішінде 10-сынып оқитын 76, 11-сынып бітіретін 84 оқушы мектепте оқуын жалғастырып жатыр. Оқу жылының өн бойында әр оқушыға бекітілген ментор мотивациялық, ынталан-дыру бағытында қолдау көрсе-теді. Биылғы оқу жылында IQanat олимпиадасының аудандық кезеңдеріне ШҚО-мен бірге Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстары аудандарынан 6500-ден астам оқушы қатысады деген жоспар бар.

P.S. Әлемді өзгерту үшін бәрін өзіңізден бастаңыз! Бұндай әлеуметтік немесе волонтерлік жобаларда жұмыс істеге-нім үшін ешкім де ақы төлемейді. Ал мен қоғамның дамуына тамшыдай болсын үлес қоса алсам, қуаныштымын!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №22
1 маусым 2021 жыл

136 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор