• ҰЛАН
  • 31 Мамыр, 2021

4-сыныпта ағылшынша еркін сөйледім

Ағылшын тілін меңгеру – заман талабы. Кейіпкеріміз Ұлбике Нұрланқызының ағылшын тіліне қызығушылығы мектеп кезінен басталған. Еуропада бір семестр оқып келген. Ал қазір онлайн ағылшын тілін үйретіп, Қазақстанда алғашқылардың бірі болып мастермайнд жобасын іске асырды. Ұлбикенің мастермайнд жобасы, Еуропадан алған әсері және ағылшын тілін үйрену  туралы әңгімесін ұсынамыз.

«1995 жылы Жамбыл облысының Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келдім. Тараз қаласында білім алдым. Қазір Шымкент қаласында тұрамын. Ағылшын тілін үйрету бойынша алты жылдық тәжірибем бар. Әлеуметтік желіде ағылшын тілі мамандарына арналған «Мастермайнд» және «Bomb» атты Pre-Intermadiate деңгейіне арналған курстарым бар. 

Мастермайнд – ағылшын тілі мұғалімдеріне онлайн білім беруді үйрететін курс. Әртүрлі платформамен таныстырып,оқушыны нәтижеге қалай жеткізуге болатыны жайлы айтылады. Ағылшын тілінен практикалық және теориялық білім алудың ерекшеліктерін талқылаймыз.Жоба ұзақтығы – 6 апта. Бастапқы 4 апта 4 модульге бөлінген. Негізгі бөлімді қамтимыз. Ал қалған екі апта «қолдау уақыты» деп аталады», – дейді Ұлбике. 

Жоба мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге не беретінін де сұрадық.

«Жоба онлайн білім алуға мүмкіндік береді. Яғни, мастермайнд жобасының түлектері мектеп оқушыларына қашықтан білім алған жағдайда тиімді платформаларды меңгеруге көмектеседі. Қазақстанда әлі осы секілді жоба кездестірмедім. Бұл жобаға қатысушылардың басым көпшілігі ағылшын тілінің мұғалімдері. Арасында студенттер, магистранттар мен докторанттар да бар. Мастермайнд  түлектері  арасында ағылшын тілінен онлайн курстарын бастап, өз орталығын ашқандар бар. Инстаграм парақшамда толық ақпарат беремін. Жобаға ағылшын тілінен жоғары білімі бар мұғалімдер қатыса алады. «Онлайн үйреткім келеді» деген ниет болса жеткілікті».

Ағылшын тілін үйретуден  6 жылдық тәжірибесі бар маманның тілге деген қызығушылығы қалай басталғаны да қызықтырды.

«Ағылшын тіліне қызығуым мектептен басталды. Екінші сыныпта  ағылшын тілі пәні-нен беретін ұстазымның білікті, білімді маман болғанынан ба екен, тіл үйренуге назарым ауды. Тіпті  4-сыныптың өзінде ағылшын тілінде еркін сөйледім. Кейін жаңа мектепке ауысқан соң ағылшын тілін меңгеруде маған жаңа орта, жаңа ұстаз әсер етті. Ағылшын тілін меңгеруім тоқтап қалды десем де болады. Ұзақ үзіліс болды десем де болады. 3-курста Еуропаға бардым. Польша қаласындағы Лодзь (Удж) университетінде қыстық семестрімді өткіздім. Көрші бес мемлекеттің астанасын көрдім. Сол кезде ағылшын тілінің маңызына, оның саяхат, ақпарат, әлем тілі екеніне толық көзім жетті. Ағылшын тілін меңгерген адам үшін мүмкіндік көп.

Әрине, ағылшын тілінің алты деңгейін толық меңгеру үшін ұзақ уақыт керек. Бір деңгейді толық меңгеру үшін жарты жыл уақыт кетеді. Ағылшын тілі – тірі тіл. Әрқашан өзгеріп, жаңа сөздер пайда болады. Мен Upper Intermediate деңгейіндемін. Advanced (жоғарғы деңгей) деңгейіне жеткім келеді. Халықаралық  деңгейдегі сертификаттарды алғым келеді. Әлі де өзімді дамытып, жетілдіріп жүрмін».

Ұлбикенің ағылшын тілі курсы басқа курстардан несімен ерекше?

«Мен 80/20 әдіс-темесімен үйретемін. Яғни 80% теория, 20% практика. 80% grammar, ал 20% speaking қамтылады.Тағы бір ерекшелігі – әр сабақ сайын практикалық тапсырма беріледі. 20% мен сөйлесем, 80% курсқа қатысушы сөйлейді. Қатысушылар жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Мәселен, Elementary деңгейіне арналған Day2day курсы аптасына бес рет болады. Сабақ әртүрлі платформада өтеді. Тіпті бастапқы деңгейдің басталғанына екі ай енді болса да, қатысушылар ағылшын тілінде еркін сөйлейді».

Тіл үйренушіге кеңес ретінде мынаны айтты:  «Ең алдымен өзіңізге мақсат қойып үйреніңіз. Мақсат болмаса, даму да болмайтыны анық. «Не үшін ағылшын тілін меңгеруім керек?» деген сұраққа жауап беріңіз. Шетелде оқығыңыз келе ме, әлде ҰБТ-дан жоғары ұпай жинау үшін бе, білікті маман болу үшін бе? Осыны анықтап алыңыз. Кейін оны меңгерудің жолы да табылады. Ең бастысы, мақсат және ынта».

Польшада білім алғандағы әсерін де сұраған едік. Білім беруде қандай ерекшелік, айырмашылық бар екен?

«2014-2015 жылы қыстық семестрімді Польшадағы Лодзь университетінде өткіздім. Мені жылы қарсы алды. Біздің жоғары оқу орында-рынан мүлдем бөлек. Бізде күніне 3-4 сабақ болса, Еуропа университеттерінде аптасына 3 рет, күніне бір сабақтан болады. Аудиториялары кең, мұғалімдері бір студентпен де сабақ өткізе береді.

Мені Еуропа халқының тазалығы, болашаққа қатыс-ты амбициясы таңғалдырды. Көшеден қоқыс көрмедім. Одан бөлек тағы төрт қаласына бардық. Еуропа халқы сыпайы, қонақжай екеніне көзім жетті. Жол көрсетіп, шетелдіктерге жылы қарайды. Автобуспен Варшавадан Берлинге дейін біздің теңгемен есептегенде 3000 теңге төледік. Көп  ата-ана шетелдегі жағдайлардан соң «ол жақ жаман екен» деген жансақ пікірге сенеді. 2014 жылы мен Еуропаға жолға шығар сәтте Киевте қақтығыстар болып жатты. Ата-анам уайымдады. Бірақ бұл ештеңеге де әсер етпеді. Мені тағы бір таңғалдырғаны – мерекелерде, демалыс күндері барлығы тоқтап қалады. Алғаш келгенде, жалған ақпарат шығар деп те ойлағанмын. Азық-түлік алу үшін дүкенге шыққан едім, көшеден бірде-бір адамды байқамадым. Еуропадағы оқуымнан соң  «біздің жастар  шетелге  шығуы керек» деген ой түйдім. Адамның көзқарасы, талабы, ой-өрісі кеңейеді. Оқу бағдарламасы арқылы шетелде оқуға, тәжірибеден өтуге тырысыңыздар. Шетелде оқуға арналған түрлі бағдарламалар  бар. Бір рет болсын біліміңізді шетелде шыңдаңыз».

Әмина БАҚЫТБЕКОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.

Өскемен қаласы

«Ұлан» газеті, №22
1 маусым 2021 жыл

698 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор