• ҰЛАН
  • 01 Маусым, 2021

Балалардың құқығы қалай қорғалады?

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұдан бөлек, 20 қарашада Халықаралық нәрестелер күні тойланады. 16 маусым – Африкадағы балаларды қорғау күні. Балалар үшін әрбір күн – мереке. Сонда балаларды кімнен немесе неден және қалай қорғау керек? Балалар қандай құқыққа ие? Осы туралы ойланып көрейікші. Жоғарыдағы сұрақтардың нақты жауабын бермес бұрын қазақстандық балалардан, сендердің замандастарыңнан құқығы мен міндеті, балаларды қорғау күнін қалай атап өтетіні туралы сұрадық.


«Бізге ұрыспау керек, ақылымыз бар ғой»

«Ұланның» сұрақтарына сен де өз бетіңше жауап беріп көрсең болады. Біздің сұрақтарымызға Айзере, Мирас және Ақарыс деген замандастарың жауап берді. Әуелі үшеуімен танысып алайық.

Айзере Саянқызы: Менің аты-жөнім – Советова Айзере Саянқызы. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Науалы ауылында тұрамын. Науалы орта мектебінде оқимын. Биыл 1-сынып бітірдім.

Мирас Алматұлы: Жақыпбек Мираспын. Қызыл-орда қаласындағы №11 мектеп-тің 7-сыныбын аяқтадым. 

Слам Ақарыс: Есімім – Ақарыс. Жасым 9-да. Алматы қаласындағы Бәйдібек атындағы орта мектептің 4-сыныбын бітірдім.

«Ұлан»: 1 маусым – балаларды қорғау күні. Балаларды қорғау дегенді қалай түсінесің? 

Айзере Саянқызы: 1 маусым күні үйдегілер мені мерекеммен құттықтайды. Балаларды қорғау күні балаларға ұрыспау керек. Жалпы, балалар-ға мүлде ұрыспау керек деп ойлаймын. Біз ұрыспай айтса да тыңдаймыз. Анам айтқандай, ақылымыз бар ғой. 

Мирас Алматұлы: Балаларды қорғау күні деген мереке бар екенін білемін. Мұндай мерекенің бар болғаны қандай жақсы! Себебі балалар әлі кішкентай, ненің жақсы, ненің жаман екенін білмейді. Үлкендер олар есейгенде жаман нәрседен қорғауға міндетті. 

Слам Ақарыс: Балаларды қорғау күні түрлі концерт болады. Балаларды қорғау дегеніміз – оларға бас-көз болу, яғни балаларды бақылау.

«Ұлан»: Балаларды қорғау күнін қалай атап өтесің?

Айзере Саянқызы: Отбасымызбен аудан орталығына барамыз. Бауырларыммен батутта секіремін. Бәрімізге балмұздақ әпереді. Мектепте концерт болса, концертке, кейде циркке барамыз. Саябақта қыдырамыз.

Мирас Алматұлы: Торт алып, дастархан жайып, отбасымызбен атап өтеміз.

Ақарыс Слам: Әр жылда әртүрлі тойлаймыз. Кейде үйде дастархан жаямыз, кейде саябаққа барамыз. Ауа райына байланысты әр уақытта әрқалай.

«Ұлан»: Балаларды неден қорғау керек деп ойлайсың?

Айзере Саянқызы: Балаларды жамандықтан қорғау үшін көшеге жалғыз жібермеу керек. Үнемі балаларға қарап жүру керек. 

Мирас Алматұлы: Меніңше, балаларды қауіпті заттардан қорғау керек. Қазір неше түрлі нәрсе бар. Оның жаман екенін түсіндіру керек. 

Ақарыс Слам: Балаларды ұрлықшылардан қорғау керек. Себебі қазір балаларды ұрлап әкетіп, ақша сұрайтын қылмыскерлер көп. Бұл кинода ғана емес, өмірде де бар.

«Егер бұзықтық жасасам...»

«Ұлан»: Құқық дегенді қалай түсінесің? Қандай құқығың бар екенін білесің бе? 

Айзере Саянқызы: Құқық дегеніміз – бізге не істеуге болатынын, не істеуге болмайтынын айтатын ереже. Мен бірнеше ережені білемін. Ата-анамды сыйлау, мектеп ережесін, заңды сақтау, ұстаздарымды сыйлау. Рұқсатсыз біреудің затын алуға болмайды. Ата-анаңның тілін алу керек. Менің құқықтарым осы деп ойлаймын.  

Мирас Алматұлы: Құқық – маған істеуге болатын, мен орындай алатын әрекет. Мен үйде екінші баламын. Бауырларыма қолұшын созу, әкеме көмектесу – менің құқығым, міндетім.

Ақарыс Слам: Құқық дегеннің не екенін білемін. Бірақ өз құқығым туралы ойланып көрмеппін, сондықтан білмеймін. Ата-анам жұмыстан келген соң, міндетті түрде сұраймын.

«Ұлан»: Саған қандай міндеттер жүктеледі? Үйде, мектепте, қоғамда қандай міндетің бар?

Айзере Саянқызы: Үйде анама, әкеме көмектесемін. Ойнап болған соң ойыншықтарымды жинаймын. Теледидар алдында көп отырмаймын. Әпкеме үй жинап, ыдыс жуып көмектесемін. Менің басты міндетім – сабақты үздік оқу. 

Мирас Алматұлы: Анама және тәтеме көмектесемін. Ауылға барғанда мал суарып, қора тазалаймын, су тасимын. Қолымнан келгенше үлкендердің өтінішін орындауға тырысамын. 

Ақарыс Слам: Әкеме және анама үй шаруасына көмектесемін.

«Ұлан»: Бұзықтық жасап қойсаң, ата-анаң қандай шара қолданады?

Айзере Саянқызы: Бұзықтық жасап қойсам, ата-анам маған ұрсады, ренжиді. Қатемді түзетіп, ақылын айтады. 

Мирас Алматұлы: Қателік жасап қойсам, далаға жібермей қояды. Кейде телефонымды бермей қояды.

Ақарыс Слам: Бұзықтық жасасам ұрсады.

«Балалардың бақыты ересектердің көңіл-күйіне байланысты»

«Ұлан»: Егер қолыңда сиқырлы таяқша болса, әлемде нені өзгертер едің?

Айзере Саянқызы: Сиқыршы болсам, балалардың бә-ә-әріне әдемі үй салып берер едім. Көп әткеншек, сырғанақ жасайтын едім. Ойыншықтарды тегін таратар едім. 

Мирас Алматұлы: Мен сиқыршы болсам, балаларға ғана емес, барлық адамға көмектесіп, сұрағанын беремін. Тұрмысы төмен адамдарға киім, тамақ әперер едім. Кейде балалардың бақытты болуы үлкендердің көңіл-күйіне байланысты. Қазір отбасымызбен үй салып жатырмыз. Егер сиқырды өзіме де қолдануға болатын болса, соның құрылысын жылдам аяқтайтын едім.

Ақарыс Слам: Егер сиқыршы болсам, әлемдегі барлық затты балаларға тегін етер едім. Сонда балалар жыламайтын еді. Ата-анасынан көп нәрсе сұрамайтын еді. Негізі басқа да тілек көп қой. 

«Ұлан»: Олай болса, тілектер легін жалғастырайық. Алтын балық ұстап алсаң, қандай тілек тілер едің?

Айзере Саянқызы: Әдетте алтын балық үш тілек орындайды ғой. Ең бірінші ата-анам мені Нұр-Сұлтан қаласындағы акулалар бар жерге апарса деймін. Сосын көп қуыршақ пен ойыншық тілейтін едім. Үшінші достарым және әлемдегі барлық бала мүлде ауырмаса екен деймін. 

Мирас Алматұлы: Өскенде анамды Меккеге апарсам деймін. Үйіміздің құрылысын бітірейік, Алла мал-жанды қауіптен сақтасын деп тілеймін.

Ақарыс Слам: Отбасымның амандығын ғана сұраймын.

Достарымыздың пікірін білдік. Енді «Ұлан» дайындаған деректер мен түсініктемеге назар аударайық.

Балаларды қорғау күні қашан, қалай пайда болды?

1949 жылы қараша айында Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясы өтті. Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өту туралы ұсыныс осында талқыланып, 1950 жылы алғаш рет тойланды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы бастамаға қолдау білдіріп, әлемдегі балалардың құқығын, денсаулығын қорғауды қолға алды. БҰҰ балалардың қауіпсіз өмірін қамтамасыз ету, оларды соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, білім мен тәрбие беруді әр адамға міндеттейді. 

Әлем балалары түрлі елде, әртүрлі жағдайда өмір сүріп жатыр. Соған сәйкес олар түрлі бағыттағы қолдау мен қорғауға мұқтаж. Соғыс өрті шарпыған елдегі балалар бейбіт өмірге, экономикалық, әлеуметтік жағдайы нашар елдегі балалар қаржылай қөмекке, адамдардан психологиялық, физикалық қысым көрген балалар қорғауға мұқтаж. Олардың барлығы қоршаған ортадан тегін қолдау алуға құқылы.

Осы орайда БҰҰ Бас Ассамблеясы 1989 жылы Бала құқықтары жөнінде конвенция қабылдады. Конвенцияда 2-18 жас аралығындағы балаларды соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау, демократия негізінде тәрбие, білім беруді жүзеге асыру идеялары туралы жазылған. Осы конвенция негізінде Қазақстан Республикасында бала құқықтары туралы заң жазылды. Бұл заң балаларды қоғамдағы толымды өмірге дайындау, олардың қоғамдық мәні бар және шығармашылық белсенділігін дамытуды көздейді.

Заңдағы терминдер

Заңда түрлі термин кездеседі. Оның кейбірі саған таныс бол-ғанмен, кейбірі түсініксіз болуы мүмкін. Тіпті таныс сөздердің өзі заң шеңберінде басқаша сипатқа ие. Мысалы, заңда бала деп 18 жасқа (кәмелетке) толмаған адамды айтады. Ал баланың заңды өкілдеріне баланың тек ата-анасы емес, баланы асырап алған адамдар, қамқоршы, қорғаншы немесе патронат тәрбиелеуші жатады. Олар ҚР заңына сәйкес балаға қамқорлық жасауға, білім мен тәрбие беруге, баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыруға міндетті.

Балалардың тең құқығы

Тегіне, нәсіліне және қай ұлтқа жататынына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, діни көзқарасына, тұрғылықты жеріне, денсаулығына, ата-анасына немесе басқа заңды өкі-ліне қатысты мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие. Некеден туған балалар мен некесіз туғандар да тең әрі жан-жақты қорғауды пайдалана алады. Баланың құқықтарын шектеуге тыйым салынады. Ересектердің «Заң алдында, Құдай алдында адамның бәрі бірдей» деуі орынды. Сондықтан, достар, бәріміз тең құқылы екенімізді естен шығармайық.

Баланың денсаулық сақтауға құқығы

Балалар, мемлекеттік медицина мекемесінде кез келген медициналық қызметті тегін ала аламыз. Бұл мәселе заңда қарастырылған. Әрбір баланың денсаулық сақтауға құқығы бар. Мемлекет дені сау баланы өмірге әкелуі үшін ананың денсаулығын сақтауға жағдай жасауға міндетті.

Мемлекет ҚР заңдарына сәйкес балаларға тегін меди-циналық көмек көрсетуге кепілдік береді. Әр баланың дені сау болып өсіп-жетілуіне қажет қолайлы қоршаған орта жасау және оларға салауатты өмір салтын насихаттау және ынталандыру мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Баланың өміріне, денсаулығына, психикасына, дене бітімі мен қалыпты өсіп-жетілуіне зиян келтіретін кез келген ғылыми тәжірибе мен басқа мақсаттағы эксперименттерге тыйым салынады.

Баланың даралығы

Сені басқа адамдардан даралайтын не? Әрине, ең әуелі сенің аты-жөнің. Сондай-ақ басқалардан түрің, тілің, ұлтың арқылы дараланасың. Әр бала туғаннан кейін ҚР заңдарына сәйкес тіркелуі керек. Туғаннан кейін бала аты және тегін, ұлты және азаматтығын алуға құқығы бар. Қазақстан Республикасындағы заңдарда көзделген жағдайда оны сақтауға не өзгертуге құқылы.

Әрбір баланың өмір сүруге, жеке бас бостандығына құқығы бар, қадір-қасиеті қорғалады, жеке өміріне қол сұғуға болмайды. Мемлекет баланың жеке басына ешкімнің тиіспеуін қамтамасыз етеді. Баланы тәнін немесе жанын жәбірлеуден, адамдық қадір-қасиетін дөрекілікпен, қатігездікпен қорлаудан, кемсітуден, жыныстық қатынас әрекеттерінен, қылмыстық іс-әрекет немесе қоғамға жат әрекет жасауға тартудан қорғайды. 

Баланың білім алу құқығы

Әр бала білім алуға құқылы. ҚР білім туралы заңына сәйкес, балаға бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім тегін беріледі. Конкурстық негізде тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары білім және жоғары білімнен кейінгі білім алуға мүмкіндік беріледі. Арнаулы педагогикалық тәрбиені қажет ететін балаларға мемлекеттік бюджеттен белгіленген стандарттар бойынша қаражат бөлінеді.

Баланың сөз бостандығы және ақпарат алуы

Сөз бостандығы мен ақпарат ұғымы тек журналистерге, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қатысты емес. Қазақстанның кез келген азаматы өз ойы мен пікірін еркін айтуға, өзіне қажет ақпаратты сұрауға құқылы. Әрбір баланың сөз бостандығына және өз пікірін еркін айтуға, ар-ождан бостандығына, өзінің қоғамдық белсенділігін дамытуға, жасына сәйкес ақпарат алуға құқығы бар.

Ақша және бала құқығы

Жаһандану заманында қаржылық сауатты меңгеру маңызды. Балаға ақша ұстауға, жұмыс істеп, ақша табуға және оны жеке игілігіне жұмсауға бола ма? Әрине, заңда бұл мәселе де қарастырылған. Әр баланың заңмен белгіленген тәртіп бойынша және белгіленген мөлшерде ата-ана-сынан немесе отбасының басқа мүшесінен қаражат алуға құқығы бар. 

Алимент, мемлекеттік жәрдемақы сияқты басқа да әлеуметтік төлемдер баланы күтіп-бағуға, білім беруге және тәрбиелеуге жұмсалуы керек. Ата-анасы немесе заңды өкілі балаға тағайындалған қаражатты баланың атына банкке салуға құқылы. 

Әр баланың өзі тапқан табысқа, өзі сыйға немесе мұраға алған мүлікке, сондай-ақ жеке қаражатына сатып алған мүлікке меншік құқығы бар. Өз еңбегімен табыс табатын бала ата-анасымен бірге тұратын болса, отбасы шығындарын бөлісуге құқылы.

Баланың еңбек ету құқығы

Әр баланың еңбек бостандығына, қызмет немесе кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Балалардың 14 жастан бастап ата-анасының немесе қамқоршысының рұқсатымен оқудан бос кезде денсаулығына және өсіп-жетілуіне оңтайлы, дене бітіміне және психикалық жай-күйіне зиян келтірмейтін қоғамдық пайдалы еңбекке араласуға, мамандық алуға құқығы бар. 

Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін немесе оқуына кедергі келтіретін, денсаулығы мен дене бітіміне, ақыл-ойы мен рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіретін жұмысқа қабылдауға немесе сондай қызметке тартуға тыйым салынады.

Баланың демалуға құқығы

Әрбір бала өзінің жасына, денсаулығына және қажеттігіне сәйкес демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы.
Ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдар баланың қабілеті мен өз мүмкіндігіне сәйкес баланың жан-жақты дамуына қажет жағдайларды қамтамасыз етеді. 

Мемлекеттік органдар ҚР заңдарына сәйкес бала-ларды сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытын пайдаланатын өзге де ұйымдар, лагерьлер мен санаторийлерді құрып, оларға қолдау көрсетеді. 

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №22
1 маусым 2021 жыл

721 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор