• Жырақтан білім іздесең
  • 24 Мамыр, 2021

Гарвардқа түскен Сезімнің сыры

Сезім Ертанов – Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы. Ол әлем бойынша 55 мың үміткердің ішінен топ жарып, Гарвард университетінің оқу грантына ие болды.

– Қуанышты хабарды естігенде қандай сезімде болдыңыз?

– Сәуірдің 7-сі күні маған «Сіз Гарвард университетіне түстіңіз» деген хабарлама келді. Көре салып, бірден ата-анама хабарладым. Олар қатты қуанды. Өзімді түс көріп жатқандай сезіндім. Қазір соған үйренісіп жатырмыз. Әрине, қатты қуандым, бойымды мақтаныш кернеді. Еңбегіңнің жемісін жегендей алдымен жауапкершілік бірінші орында болды.

– Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түскеннен кейін қандай қиыншылықтар болды? Жалпы білім беретін мектеп пен Назарбаев зияткерлік мектебінің айыр-машылығына тоқталсаңыз.

 – Қиыншылық болды деп айта алмаймын. Оқу бағдарламасы басқа болса да, еңбектенсең жақсы нәтиже көрсетесің. Бастысы, уақытты тиімді пайдалану керек. Ал айырмашылығына келсек, қазіргі уақытта айырмашылық өте аз. Қазір бәріне бірдей оқу бағдарламасы енгізіліп жатыр. Білім сапасы да жақсарып келеді. Меніңше, жалпы білім беретін мектеппен салыстыру күннен-күнге азайып жатыр. Өзгерістер он жыл бұрын не бес жыл бұрын байқалған шығар, қазір қатты байқалмай-ды.

– Бұл мектепте қай сыныптан бері оқисыз?

– Мұнда 2-сыныптан бері оқимын. Бұйыртса, толық бітіріп шығамын. Дәл қазір мектептің соңғы емтихандары болып жатыр. Жаздың соңына қарай оқу орныма бару жоспарда бар.

– Шет елдің жоғары оқу орындарына деген талпынысыңыз қашаннан басталды?

– Талпынысым 9-сынып оқып жүрген кезімнен басталды. Алдымен шет елдегі мықты университеттер жайлы ақпарат жинап, көзқарасымды кеңейтіп, 11-сыныптың ортасына келгенде нақты дайындығымды бастадым. Бір жылдық еңбек жемісін берді.

– Бұл қызығушылық қайдан пайда болды?

– 2018 жылы 9-сынып оқып жүрген кезімде мектебіміздің Антон Моргунов деген оқушысы АҚШ-тың университетіне оқуға түскен еді. Сол кезде бірінші рет естідім. Қатты қызығушылығым артып, шет елге оқуға түсе алатыныма сенімді болдым. Мүмкіндік бар екенін біліп, дайындала бастадым.

– Гарвардқа оқуға түсу үшін қандай әдістерді пайда-ландыңыз?

– Ең алдымен тәртіп керек. Жоспар құруды қажет етеді. Күнде үш-төрт мақсатыңды орындасаң, өзіңді дамытсаң, оқуға түсуге болады. Ерінбеу керек, уақытыңды тиімді пайдалану керек. Қойылған тәртіпке бағынған жөн. Өзіңді сынайсың, яғни мақсат-шарт қойып, орындау керек.

– Егер Гарвард болмағанда, басқа қандай оқу орнын таңдар едіңіз?

– Америка университеттерінен бөлек Корея елін қарастырғанмын. Себебі ол жақтағы оқу орындарының білім сапасы өте жоғары. Көптеген дамыған техникалық университет бар. Соларды таңдар едім. Бірақ, Гарвардқа түсуді мақсат тұттым.

– Шетелдік университеттерге түсу бойынша оқу гранттары жайлы ақпаратты қалай іздеу керек?

– Ол үшін сенімді университеттердің сайтын қарау керек. Не болмаса Алматы қаласында тегін көмектесетін көптеген орталық бар. Соларға жүгінсеңіз болады. Не істеу керек екенін, қандай құжат керек екенін түсіндіріп береді.

– Шет елде оқимын деген шешіміңізді ата-анаңыз қалай қабылдады?

– Мені басынан бастап қолдап келеді. Менің жан-жақты болып, тәжірибе алғанымды қалайды. Әрине, мұхиттың ар жағына жіберуге қорқыныш бар. Бірақ, технологияның дамыған заманында бір күнде барып-қайтуға болады. Мүмкіндік өте көп. Соңында Қазақстанға қайтып келуім керек.

– Қанша тіл білесіз? Қандай тілдерді оқуға кеңес бересіз?

– Туған қазақ тілімнен басқа орыс тілін білемін. Қазақстандықтар үшін ең оңай тіл деп ойлаймын. Ағылшын тілін меңгергенмін. Дәл қазіргі уақытта неміс тілін бастапқы деңгейде білемін. Ағылшын тілін оқуға кеңес берер едім. Барлық жаңалық пен ақпарат ағылшын тілінде болады.Тіпті, университеттер жайлы ақпараттың өзі де ағылшын тілінде жазылған. Сондықтан бұл тілді білу маңызды. Тіл үйрену адамның қызығушылығына байланысты. Қай мәдениетке қызықса, сол елдің тілін үйренген дұрыс.

– Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін деңгейге  қалай жеттіңіз?

– Назарбаев зияткерлік мектебінде бастауыш сыныптан бері ағылшын тілін үйрендім. Жыл сайын дамытып, жоғары сыныптарға келгенде қарқынды айналыстым. Қазір жақсы дәрежеге жеттім деп ойлаймын. Өзімнің тіл үйренуге, гуманитарлық пәндерге икемім бар. Бәрі мектептегі мұғалімдердің арқасы. Осы тілді үйренуім үшін барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Ешқандай қосымша орталықты да қажет етпедім. Барлығы тек мектептің бағдарламасымен өтті. Мектептен берілген білім жеткілікті болды. Өзіңнен де біраз нәрсе қажет етіледі.

– Арманның тәтті қиял болып қалмай, өмір дағдысына айналуы үшін не істеу керек?

– Өзіңмен жарысу керек. Абай атамыз айтпақшы, өзіңе есеп беріп, талпыну керек. Барлығы еңбекқорлық пен тәртіптің нәтижесінде болады. Бір істі бастағанда соңына дейін барсақ, жетістікке жетеміз. Екіншіден, тәуекелге бел буу керек. Ешкім жасамаған іспен айналысып көрген жөн.

– Әр адам арманына жетуі үшін мақсат қояды. Бірақ көбі соңына дейін бармайды. Осы жолда жастарымызға не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Бұл, әрине, ғаламтордағы ақпараттың көптігінен. Яғни, жақсысы да, жаманы да бар. Жаман мен жақсыны ажырата білуі керек. Меніңше, осы дағды жетіспей жатыр деп ойлаймын. Барлық ақпаратты алғанмен, сүзгі жасамаймыз. Қазір жастар шет елге оқуға көптеп түсіп жатыр. Өзіңді дәлелдеуге еш кедергі жоқ деп ойлаймын.

– Немен айналысқанды жақсы көресіз? Бос уақытыңыз бола ма?

– Күнде жатып оқыған дұрыс емес (күліп). Кішкене сергу керек. Мен бос уақытымда деректі сериалдарды көргенді ұнатамын. Кейде достарыммен аулаға шығып, футбол ойнаймын. Отбасыммен уақыт өткізген ұнайды. Жалпы, оқудан жиналған негативтен сергіп, ойымды басқа жаққа бұрып арылғым келеді.

– Қатарластарыңызға айтар тілегіңіз...

– Ең бірінші сәттілік тілеймін. Оқуға түсемін деп мақсат қойған оқушылар, еңбектеніңіздер. Біраз күш жұмсаңыздар. Соңында нәтижесін көресіздер деп сеніммен айта аламын. Бір-біріңізге көмектесіңіздер. 

– Әрқашан биіктен көрініңіз!

Әйгерім ЕСІМХАН,
№12 мектеп-гимназияның  
10 «Ә» сынып оқушысы.

Талдықорған қаласы

«Ұлан» газеті, №21
25 мамыр 2021 жыл

588 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор