• Толағай
  • 17 Мамыр, 2021

Легионерлерді Қазақстан құрамасына жалынып ойнатамыз ба?

21 мамырда Латвияда шайбалы хоккейден əлем чемпионаты басталады. Дүниежүзінің 16 үздік құрамасы қатысатын элиталық дивизионда Қазақстан да бар.

Қазақстан құрамасы осы элиталық бір топтан бір түсіп, бір көтеріліп жүреді. Əлем чемпионатының элиталық дивизионында Қазақстан 1998, 2004, 2005, 2006, 2010, 2012, 2014 жəне 2016 жылдары өнер көрсеткен болатын. Соңғы рет 16 мықтының қатарына 2019 жылы жолдама алдық. Елордада өткен бірінші дивизионның іріктеу ойындарында топ жарған едік. Ол кезде құраманы Андрей Скабелка жаттықтырған.

Негізі шайбалы хоккейден əлем чемпионаты 2020 жылы Швейцарияда 8-24 мамыр аралығында өтуі тиіс еді. Бірақ коронавирус індетіне байланысты əлем чемпионаты болмады. Енді биылғы əлем чемпионатын Латвия қабылдайды. Сонымен Қазақстан құрамасына келетін болсақ, Юрий Михайлис мына ойыншыларға сенім артпақ:

Қақпашылар – Демид Еремеев Андрей Шутов, Никита Бояркин;

Қорғаушылар – Даррен Диц, Алексей Маклюков, Иван Степаненко, Джесси Блэкер, Виктор Сведберг, Егор Шалапов, Самат Данияр, Валерий Орехов, Кирилл Полохов;

Шабуылшылар – Роман Старченко, Евгений Рымарев, Антон Сагадеев, Павел Акользин, Александр Шин, Саян Данияр, Əлихан Əсетов, Дмитрий Шевченко, Никита Михайлис, Кирилл Панюков, Дмитрий Гурков, Кёртис Волк, Кирилл Савицкий, Аркадий Шестаков, Артем Лихотников, Егор Петухов.

Негізі бас бапкер алғашында «Барыстың» негізгі қақпашысы Хенрик Карлсонды шақырған. Алайда 13 мамырда Беларусь құрамасымен жолдастық кездесуде қақпашы командадан кетіп қалды. Ресми себебі – қақпашы отбасылық жағдайына байланысты мəжбүр болған. Бірақ Shaiba.kz сайтының мəліметіне сүйенсек, жағдай мүлдем бөлек екен. Қақпашыға «Барыс» командасының ұсынған жаңа келісімшарты ұнамаған. Сосын амал жол, «Теміртаудың» қақпасын күзетіп жүрген Деми Еремеевті шақырды. Хенрик Карлсон Швецияда дүниеге келген. «Барыста» 2016 жылдан бері ойнап жүр. 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамада ойнай бастады. Жалпы, федерация натуралиация жасау процесін бұдан бірнеше жыл бұрын бастаған. Алғашында көбі мұның қажеттіліктен туындап отырғанын айтқан. Ол кезде құрама 3-5 легионер ойнайтын. Шетелдіктерді құрамаға тарту арқылы өзіміздің хоккейшілердің шеберлігін арттыруға ықпал етеміз дегендер болған. Арада бірнеше жыл өтті, легионерлердің саны төрт есеге өсті. Былтыр олимпиадалық іріктеу кезеңі қарсаңында Кертис Волк пен Джесси Блэкер қазақтың көк төлқұжатына ие болып, құрамаға қосылды.

Оның алдында азаматтық алған канадалық шабуылшы Дастин Бойд осы күні карьерасын аяқтаса, бірнеше жыл капитан болған Брэндон Боченски қазіргі кезде АҚШ-тың бір қаласында əкім болып жүр. Найджел Доус та ұлттық құрамада ойнаудан бас тартыпты. Əйтпесе, 36 жастағы хоккейші спорттағы карьерасын аяқтаған жоқ. «Барыста» болмаса да, Қазанның «Ақ барс» командасында жүр. Бас бапкер Юрий Михайлис соңғы сəтке дейін Доустың жауабын күттік деп отыр.

– Доустың жауабын күттік. Ол биыл жақсы маусым өткізді. Найджел отбасылық жағдайына байланысты құрамаға келе алған жоқ. Бірақ Қазақстан құрамасынан бас тартқан емес, – дейді Михайлис.

Бірақ оның бұл жауабына кім сенеді. Сонда осы күні жағдайымыз Доус, Карлсондарға қарап қалғаны өкінішті. Осыдан алты жыл бұрын «Барыстың» жəне ұлттық құраманың бас бапкері болған фин маманы Ари-Пекка Селин Қазақстан өз ойыншыларына көбірек мүмкіндік беріп, дамыту керек деп айтқан еді. Ол елордада қызмет атқарғанда осы жұмыспен айналысқан болатын. Ал қазір мұның бəрі қалды. Енді осы əлем чемпионатының алдында швециялық қорғаушы Виктор Сведберг Қазақстан азаматтығын алып, əлем чемпионатына қатысатын болды. Мұның себебін ұлттық құраманың бас менеджері Александр Корешков былай түсіндірді:

– Уақыт өтіп жатыр, хоккейге жаңа толқын керек. Виктор Сведбергтің өзі Қазақстанға көмектесуге ынта білдірді. Оның үстіне, қорғаушы деген бізде үнемі тапшы болады. Тəжірибе бойынша «Барысқа» келген ойыншының агентімен міндетті түрде Қазақстан құрамасында ойнау туралы келіссөз жүргізіледі. Виктордың Қазақстанда ойнап жүргеніне 3 жыл болды. Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы біздің ұлттық құрамаға ойнауына рұқсатын берді. Сондықтан əлем чемпионатына қатысуға рұқсат алды.

Виктор Сведберг айдынға шықпағанына 5 ай болған. Ол соңғы рет 1 желтоқсанда ойнаған. Одан бері жарақатына байланысты «Барысқа» көмектесе алмай жүрді. Бес ай ойнамаған хоккейшіден қандай пайда болатынын уақыт көрсетер.

Қазақстан Латвиядағы əлем чемпионатында В тобында бақ сынайды. Біздің топта Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия жəне Италия бар. Ширек финалға жолдама алу үшін топта кемі төртінші орын алу керек. Осы натуралиация процесіне байланысты қарсылық бұрынғы хоккейшілер де білдіріп жүр. Бір кездері Қазақстан құрамасында ойнаған, Ұлттық хоккей лигасында өнер көрсеткен тəжірибесі бар Константин Пушкарёв те өз ойын білдірді.

– Мен бұл тақырып жөнінде біраз айтқанмын. Құрамада Қазақстанда дүниеге келгендер ойнауы тиіс. Мысалы, маған Найджел Доус, Джесси Блэкер немесе Даррен Дицтер гол соғып жатқаны қызық емес. Құрамадан өзімізді жігіттерді көргім келеді. Жарайды, биыл топ-дивизионда қаламыз. Бірақ соңғы 10 жылда ештеңе өзгерген жоқ. Элиталық дивизионға бір көтеріліп, бір түсіп жүргеннен басқа бітіргеніміз шамалы, – дейді Константин Пушкарёв.

Айтпақшы, биылғы əлем чемпионатында ешқандай құрама элиталық дивизионнан шығып қалмайды екен. Сондықтан Қазақстанның бұл жағынан мақсаты орындалып тұр. Ал одан жоғары орындарға көтерілуге мүмкіндік жоқ екенін мамандар да, басшылар да, жанкүйерлер де жақсы біледі. Енді осындай кезде топырлаған легионерлерге емес, өзіміздің жастарға сенім артып, мүмкіндіктерін бағалап көруге болады ғой. Əйтеуір, елден ұялды ма, команда капитаны етіп Əлихан Əсетовті сайлапты. Əйтпесе, бұл ойыншы «Барыстың» да, ұлттық құраманың да алғашқы бестігінде жоқ. Мамандар əлем чемпионатында элиталық топтан ешқандай құраманың түсіп қалмайтыны психологиялық тұрғыдан ойыншыларға қолайлы деп отыр.

– 16 команданың бəрі келесі əлем чемпионатының элиталық дивизионында осы құраммен ойнайды. Мұндай алғаш рет болып отыр. Бұрын топта соңғы орын алсаң бірінші дивизионға сырғитын едің. Мен Қазақстан құрамасымен Мəскеудегі əлем чемпионатына қатыстым. Əрине, ондай кезде жауапкершілік ауыр. Психологиялық тұрғыдан ойыншылар жанып кетіп жатады. Енді қысым болмағанда бəрі еркін ойнауы тиіс. Сондықтан Қазақстан тіпті жүлдеге таласып қалуы мүмкін, – дейді бір кездері «Барыс» пен Қазақстан құрамасын жаттықтырған ресейлік Андрей Назаров.

Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясын еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин басқарады. Сондықтан федерация ешқандай мұқтаждық көріп отырған жоқ десек болатын шығар. Мамин мырза қарамағындағыларға үнемі мүмкіндік беріп келеді. Бірақ жағдайды түзеуге ешқайсының ынтасы жоқ па, əлде осыған үйреніп алған ба тек жыл сайын легионерлердің санын көбейткеннен басқа бітіріп жатқан жұмысын көрмедік.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №20
18 мамыр 2021 жыл

473 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор