• ҰЛАН
  • 05 Мамыр, 2021

Бейбіт күнде отанды қалай қорғаймыз?

Мамыр айы мерекеге толы. Айдың жартысында оқу мен жұмысқа бармаймыз. Сенбі мен жексенбі күндерін қоса есептегенде, мамыр айында 13 ресми демалыс бар. 

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні болса, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. 1992 жылы 7 мамыр күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Қарулы Күштері құрылды. Осы оқиғаға орай, 7 мамыр ҚР Отан қорғаушылар күні болып жарияланып, ресми демалыс берілетін болды. Бұған дейін біздің атамыз мен әкеміз Кеңес әскері ретінде 23 ақпан күнін атап өтетін. Тәуелсіз елдің қорғаушылары атаулы күнді көктемде атап өтеді. Бұл – егемен еліміздің өзіндік қорғаныс қабілеті бар екенін білдіретін мереке. Отан қорғаушылар күні жас пен жыныс талғамайды. Бейбіт күнде Отанды қалай қорғаймыз? Жалпы, Отан қорғау деген ұғымды адамдар қалай түсінеді? «Ұлан» сауалнама жүргізіп көрді.

Мейір БАЙШИРОВ,  оқушы:

Отанды қорғау – отбасыңды қорғау

Отан қорғаушылар күні 7 мамырда тойланады. Ол күні бәріміз демалатын болғандықтан, сыныпта ертерек атап өтеміз. Концерт қоямыз, отырыс жасаймыз, қыздар бізге сыйлық береді. Бірақ биыл коронавирусқа байланысты қашықтан оқып жатырмыз. 

Мен Отан қорғауға әлі кішкентай шығармын. Әскерге баратын жасқа жетпедім. Бірақ «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Сондықтан Отан қорғауды өзімнің қарындасымды қорғаудан бастаймын. Менің Айсұлу есімді қарындасым бар. Оны басқа балалардан, көшедегі иттерден қорғап жүремін. 

Балалар батыр болуды армандайды ғой. Бірақ қазір соғыс, жау жоқ. Сондықтан адамдар батыр болып, ел қорғай алмаймыз деп ойлайды. Менің ойымша, көшедегі қоқысты ұялмай жинау, қарт кісілерге көмектесу, аула тазалауға және үйдегі шаруаларға көмектесу де – ерлік. Басқа балаларды қоғамдық жұмыстарға үндеп, насихат жасау да Отан қорғаушының міндеті деп ойлаймын.

Бақытәлі ЕСЕНТАЙ, студент:

Отанымның ауласын сыпыру да бақыт деп оралдым

Қазақстан – менің тарихи Отаным. Көрші Қытай елінде өстім. Сол жерде мектепке бардым. Ес білгенде әпкелерім Қазақстанға көшті. «Қазақстанға келсең, қазақ тілінде сабақ оқисың, сондай керемет» деп келген сайын қызықтырып жүретін. Дәл сол кезде Қазақстанға баратын мүмкіндік болмады. Ата-анам жанымызда бол, осында оқы деген соң Қытайда қала бердім. Бала кезімнен Қазақстанға баруды армандадым.

Шындығында Қытайда қытай мәдениеті басым болды. Мектеп бітіріп, кәмелеттік жасқа толған соң ата-анама Қазақстанға барамын деген шешім қабыл-дағанымды айттым. Әрине, алғашында қорқыныш болды. Ол жақта мені кім күтіп отыр, тілді жетік білмеймін, оқуға қабылданам ба, жұмыс таба алам ба деген уайым болды. Тәуекел еткен адам тайынбайды. Аула сыпырушы болсам да, Отанымның ауласын сыпырып, сол жердің топырағын шаңдатқаным жақсы деп бекіндім. 

Құжат рәсімдеп, елге оралғанымда тарихи Отаным мені құшақ жая қарсы алды. Алланың қолдауымен ниетіме жеттім деп ойлаймын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға грантқа түстім, осы жақта үйленіп, үй алдым. 

Шындығына келсек, әуелі мен Отанымды емес, Отаным мені қорғап қалды. Дәл қазір Отанымды қалай қорғай алатынымды білмеймін. Отаныма не қажет болса, барымды салуға дайынмын. Біздің міндетіміз – Қазақстанның аумақтық тұтастығына, егемендігіне қол сұғылмауын және халық құлдыққа түспеуін қамтамасыз ету. Ел тарихын есімізде сақтау, ата-бабаларымыздың қайтпас рухын балаларымызға мұра ету деп ойлаймын. Болашақта өмірге келетін ұрпағыма өз тілінде білім беру, оларды отансүйгіштікке баулу – менің Отан алдындағы борышым.

Болат ҚАТПАНОВ, зейнеткер:

КЕЗ КЕЛГЕН ЖАҒДАЙДА ОТАНЫН ҚОРҒАЙ АЛАТЫН АЗАМАТ ТӘРБИЕЛЕУІМІЗ КЕРЕК

Отан қорғаушылар күні дегеніміз – Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күні. Әр азамат әскер қатарында болып, қазіргі заманауи әскери техникаларды меңгеріп, дайындықтан өтуі керек деп ойлаймын. Отан қорғау дегеніміз – әрбір азаматтың Отан алдындағы қасиетті борышы. Кешегі екінші дүниежүзілік соғыста біздің аталарымыз, әкелеріміз, ағаларымыз жауды жеңді. Олардың бұл ерлігі бізге, келер ұрпаққа үлгі болуы керек. Аталарымыздың отансүйгіш қасиетін, ерлік рухын жас жеткіншектердің санасына құйып, Отанын кез келген жағдайда қорғай алатын азаматтар тәрбиелеуіміз керек.     

Әрбір азамат елдің іргесінің амандығын, халықтың береке-бірлігін, Конституциямыздың дұрыс орындалуына атсалысуы керек. Өзім де балаларымды, немерелерімді осы рухта тәрбиелеп келе жатырмын.

P.S. Еліміздегі үш толқынның пікірі осындай. Ұрпақ сабақтастығы Отан қорғауда ортақ идеяға келіп ұштасатыны қуантады. Ал сен Отаныңды қалай қорғап жүрсің, жас дос?

Дайындаған Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №18
4 мамыр 2021 жыл
 

619 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор