• Толағай
  • 26 Сәуір, 2021

Дәнекерлеуші. Даяшы. Әскердегі бір жыл

Қазақстан құрамасының оң қапталдағы қорғаушысы Марат Быстров жақында Ресейдің «Матч тв» арнасының сайтына сұқбат беріп, Қостанайдан басталған еңбек жолын баяндапты. Біз содан үзінді беруді жөн көрдік. 

Жақында Франция құрамасымен ойнадық. Матчтың алдында бір жарым сағат киім ауыстыратын бөлмеде отырып, әскердегі кезеңді еске түсірдім. 2014 жылы мамырда «дембель» болғаным есімде. Ол уақытта өзім дүниеге келген Қазақстанның атынан ұлттық құрамада ойнаймын деген ойыма да келмеген. Кездесу басталғанша, әлем чемпиондарымен қарсы алаңға шығатыныма сенбедім. Матч барысында қобалжу кетіп қалды. Мбаппе мен Гризмандарға қарсы ойнап жатқаныңда ұмытасың. Бірақ одан кейінгі әсері ерекше.

Достарым кітап жазу керек немесе фильм түсіру қажет деп, жиі қалжыңдап жатады. Бірақ алдымен жоғары мақсаттарға жетіп алу керек қой. Олардың олай айтатын себебі бар. Бәрін басынан бастайын. Қостанай облысында «Большевик» деген кеңшар бар. Өкініштісі, ол тұста камерасы бар телефон болмады. Сондықтан фото да жоқ екен. Біз стадионның жанында тұратынбыз. Шарбақтан секіресің де, алаңға кіріп кете бересің. Ауылдың бәрі футбол ойнады. Сол кезең әлі күнге дейін көз алдымда. Күндіз сиырды табынға жаясың, сосын кешке доп қуалаймыз. Анам маған аудан орталығынан «Зубастиктің» (бразилиялық футболшы Роналдо) жейдесін сатып әкеп берді. Неге дәл Роналдоның жейдесін әкелгенін білмеймін, бірақ қатты қуандым. Сабақтан кейін үнемі футбол ойнадық. Тіпті 11-12 жасымызда Анатолий Кузнецовтің энтузиазмының арқасында секция да ұйымдастырды. Мектеп директорынан зал сұрап алып, команда жасақтады. Барлығы Анатолий Кузнецовтың ынтасының арқасында болды.

Анам диспетчер болып жұмыс істеді. Қажеттілікке байланысты тракторлар мен комбайндар үлестіретін. Ал әкем қойшы болды. Ауыл ыдыраған кезде қалаға кетті, өндірісте жұмыс істеді. Ауылымызда жұмыс орындары азайған сайын адамдардың көшуі де жиіледі. Қазір тіпті ешкім қалмады десе де болады. Әрі кетсе 20 үй бар шығар. 2017 жылы досымның тойына барғанмын. Ауылдың мәз емес екенін көзіммен көрдім. Өткен күндерден сағынышқа толы ностальгия қалды.

Әйеліме мектеп пен стадионды көрсеттім. Ресейге 14 жасымда көшіп келдік. Анамның туыстары Магнитогорскінің қасындағы ауылда тұрады. Ата-анам Ресейде әпкем екеуімізде көбірек мүмкіндік болады деп санады. Футболға қатысайын десең, біз көшіп барған ауыл Магнитогорскіден 50 шақырым қашықта орналасқан. Күн сайын барып-келу оңай емес. Ата-анам әуелі әпкемді оқытатынын түсіндім. Мен өз күшіме сендім. 9-сыныпты бітіріп, колледждің жатақханасына көшіп алдым. Төртінші курста өндірістік практика кезінде мамандығым бойынша дәнекерлеуші болып жұмыс істедім. Негізі ақылы практикадан өтуге болатын еді. Бірақ таңғы 7-ден кешкі 6-ға дейін жұмыс істеу керек екен. Мен фабрикада түске дейін ғана болдым, өйткені жаттығуға асығатынмын. Сөйтіп, бір күні таңертең зауытқа барып, өзіме сөз бердім: «Марат, ең болмағанда екінші лигада кем дегенде 36 жасқа дейін футбол ойнау арқылы ақша табуға машықтан», – дедім. Зауыттағыдан да көп ақша тапсам деп армандадым. Фабрикада 20-30 жыл жұмыс істеген ер адамдарды көрдім, оларды аяйтынмын. Біріншіден, бұл ауыр жұмыс. Екіншіден, отбасыңа көңіл бөле алмайсың, жұмыстан кейін күшің де қалмайды. Өмір бойы тығыз кестеге көнуге тура келеді.

Сондықтан футболшы болу үшін өзімді жаттығуға мәжбүрле-дім. Екінші лигадағы командаларға барып ем, қабылдамады. Амал жоқ, дипломымды қорғап, военкоматтағы мәселемді шешуге тырыстым. Бірден әскерге кетемін деп едім, оған жарты жылға кейінге шегерді. Сол тұста жартылай кәсіпқой лигадан ұсыныс болды. Тобылда (Түмен облысындағы қала) бірнеше ай ойнадым. «Магнитогорскіде» 4700 рубль алсам, Тобылда маған 25000 төлейтін болды. Аздап ақша таба бастадым.

Әрдайым жұмыс істеуге тырыстым, басқаша жасай алмадым. Футбол ойнау үшін қалада тұру керек, сәйкесінше пәтер жалдау қажет. Ешқашан ата-анамнан ақша алғым келмеді. Сосын даяшы болып жұмысқа орналастым және жаттығуды да тастамадым. Әзербайжанның «Алмаз» деген кафесі бар. Ауысым арқылы істейтінбіз. Жұмысқа сағат 13:00-де барып, таңғы 5-те қайтатынмын. Кафенің әкімшісі жерлесім екен. Сол жағынан жолым болды. Жаттығуға екі сағат ерте баруға сұранатынмын. 

Бастапқыда бұл өте қиынға соқты. Аяғым ауыратын. Кешке клиенттер ағылған кезде, бір орында тоқтамай, таңға дейін жүгіріп жүресің. Арасында төбелес шығаратындары болады. Өзім де дөрекі сөйлегендерімен төбелесіп қалатынмын. Кейін мен футболшы болған кезде осы кафеге қайта оралып, жағдайдың қалай болып жатқанын көріп, ішіне кіргім келді. Бірақ өтіп бара жатып, оның жабылып қалғанын байқадым.

Біраз уақыт тоқтамай, командалардың қаралымдарына барып жүретінмін. Бірақ ешқайсының алғысы жоқ. Сосын бір кезде футболды доғару керек деп шешім қабылдадым. Пермьнің «Октан» клубы да қатарына қабылдамай қойды. Осыдан соң әскерге баруды ойластырдым. Жұмыс іздеп жүргенде үнемі әскери билетімді, дипломымды сұрайтын. Ол құжаттарың болмаса, жұмысқа алғысы келмейтіндер көп. Сондықтан әскерге барып келейін деп шештім, реті келсе келісімшартпен қаламын деп ойладым. 

Қалуға да мүмкіндігім болған. Алайда басқаша шешім қабылдадым. Өйткені әскер менікі емес екен. Ата-анам әскерге кез келген уақытта үлгересің деді. Әскери борышымды өтегеніме өкінген емеспін. Оны сезіну керек, сол кезде түсінесің. Мен барлау ротасында қызмет еттім. Бұл элиталық әскер болып саналады. Көптеген адам армияда ештеңе жоқ деп айтады, бірақ бұл сіздің қай бөлімде болғаныңызға байланысты. Досым байланыс бөлімінде болды және бір жыл ішінде ешқашан оқ атпады. Ал бізде бәрі болды: парашютпен секірдік, тау жаттығуларынан өттік, далада тұрдық. Ақпан айындағы сарышұнақ аязда Орынбор маңында шатыр тігіп, сонда дайындық та жүргіздік.

Әскерден 28 мамырда келіп, бірден ата-анамды көруге асықтым. Дәл сол күні менің командам «Магнитогорск» ойнады. Матчқа әскери формамен барғанмын. Жігіттер таңданыстарын жасырмады. Бапкерім дайын болсаң кел деп айтты. Футболмен қатар, төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс істеуге келістім. Еңбек келісімшартына қол қойған соң, өрт сөндіру қызметіне жіберді. Капитанмен сөйлесіп ем, футбол ойнауыма қарсылығын білдірмеді. Сөйтіп, медициналық тексерістен өттім. Ал 1 маусымда Челябідегі Коркино қаласында ойнадық. Эмоцияға толы матч болды. Кездесу соңында гол соғып, көзге түстім. «Челябинск» клубының өкілі басқа футболшыны көруге келген екен. Бірақ оған мен ұнап қалыппын. Менімен сөйлескісі келеді дегенде сенбедім. Бапкер-селекционер Михаил Шафигулин оқу-жаттығу жиындарына баруға ұсыныс жасады. Жақында әскерден келіп жұмысқа тұрғандықтан, әрі шаршап жүр-генім бар, бірден бас тарттым. Оның көзі шарасынан шығып кете жаздады: «Сен әскери борышыңды өтедің бе?» – деп сұрады. Сөйтсем, өзі де футболды әскерден кейін ойнаған екен. Ол мені көндіруге тырысты: «Керемет мүмкіндік. Қалмай кел!» – деді. 

Үйге келіп, соңғы сәтке дейін бармай жүрдім. Алайда әке-шешем: «Футболшы болуды өмір бойы өзің қаладың, ал енді шақырып тұрғанда қырсығуың дұрыс емес», – деп жөн сілтеді. Осыдан соң, ұсынысты қабыл алып бардым. Менімен үш жылға келісімшарт жасасты. Қол қойған кезде әлемдегі ең бақытты адам сезіндім. Үйге қайтар кезде автобусқа отырғанда, жақындарымның бәріне қоңырау шалып, қуанышымды жеткізгенше асықтым. Өзімді қоярға жер таппадым. Қазір ойлап тұрсаң, сондағысы екінші лига. Бірақ ол кезде эмоция Франциямен матчтан да асып түскен болатын.

Екі жыл осы лигада ойнадым. Кейін мені Андрей Талалаев ФНЛ-дағы «Тамбовқа» шақырды. Бұған таңғалған жоқпын. Өйткені екі жылдың ішінде маған қызыққандар көп болды. Агенттер мен бапкерлер жиі хабарласып тұратын. Талалаевтың өзі үш рет хабарласты. «Бір футболшыға үш рет хабарласқан емеспін. Мұндай ешқашан болмаған. Сенің мұның не? Әңгімені қой да, маған кел», – деді.

Ал былтыр Талалаев «Ахматқа» шақырғанда, барлығы сәтті болды. Мен тіпті күмәнданған жоқпын. Ресей премьер-лигасында ойнауға мүмкіндік алдым. Негізі Қазақстанға кеткенімде енді мүмкін емес шығар деп ойлағанмын. Ол жақта «Астана», «Тобыл» және «Ордабасы» командаларында өнер көрсеттім. Сол себепті, Қазақстан азаматтығын алдым. Қазақстан премьер-лигасында ойнау және ұлттық құрамаға шақырту алу үшін азаматтық керек болды. Қазақстаннан Ресейге ауысатындар тым сирек. Керісінше, Ресейден көп келеді. Құжат ауыстыруым Ресейге оралатын жолымды жабады екен деп ойламадым. Тіпті, онсыз да қайтып бара алмаймын деп санадым. Дегенмен, жолым болып, 28 жасымда Ресей премьер-лигасында дебюттік матчымды өткіздім. 

Шыны керек, әскерде жүрген алғашқы күндері депрессия болатын. «Ата-анам ақшасын аямай, жаттығуға баруым үшін қолынан келгенді жасады. Бірақ футболшы бола алмадым» деген ой маза бермейтін. Әрине, олар маған ешқашан қысым көрсеткен емес. Тек бұл менің ішкі жандүниемде маза бермейтін ой болатын. Күн сайын футболдан қалған емеспін. Өзімді көп нәрседен шектедім. Оның бәрі футболшы боламын деген арманым үшін еді. Ал қазір казармада жатырмын. «Марат, не үшін келдің?» қанша тырыссам да, қолымнан ештеңе келмеді. Арада бір ай өткенде тыныштала бастадым: Демек, осылай болуы керек шығар деп санадым.

Кейін алғашқы кәсіби келісім-шартыма қол қойғанда, Құдайға рақметімді айттым. Осы жолдың бәрінен өту керек болған шығар. Футболшы болуды қалайтындардың бәріне айтарым: «Армандарыңызға сеніңіздер. Соңғы сәтке дейін үміттеріңді үзбеңдер».

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №17
27 сәуір 2021 жыл
 

486 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор