• ҰЛАН
  • 26 Сәуір, 2021

«Пандемия сабақтары» талқыланды

Назарбаев зияткерлік мектептері «Жаңа жағдайдағы білім беру: пандемия сабақтары» деген тақырыпта талқылау өткізді. Оған еліміздің барлық аймағынан мыңнан астам педагог қатысты. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова баяндамасын жаңа жағдайдағы білім беру және оған қандай факторлар ықпал еткенінен бастады.

– Америкалық футуролог Элвин Тоффлер: «ХХІ ғасырда оқу мен жазуды білмейтіндер емес, оқуды, үйренуді және қайта оқуды білмейтіндер сауатсыз адам саналады», – деген екен. Шынында да, бүгінде жаңа технологиялар білім беру ісіне жаңаша көзқараспен қарауды қажет етіп отыр. Бұл сала цифрлық трансформациядан өтеді. Ал ол цифрлық білім беру инфрақұрылы-мын және цифрлық оқу-әдістемелік материал-дарды жасауды, құралдар мен сервистерді дамытуды, оқу жұмысын ұйымдастыруда жаңа модель-дерді әзірлеуді және таратуды көздейді, – деп атап өтті Күләш Ноғатайқызы.

НЗМ ұйымдастырған талқылауға Ұлыбританиядан білім беру саласындағы беделді ғалымдардың бірі, балалардың бақыты мен игілігі жөніндегі сарапшы Энди Коуп қосылды. Ғалым бірден революцияға шақырды:

– Менің айтып отырға-ным радикал революция емес, бейбіт революция.  Ол – бақыт пен игілік төңкерісі. Революция жасау үшін қазіргі білім беру жүйесі өзгерісті қажет ететінін дәлелдеуім керек, – дейді Энди мырза.

НЗМ басқарма төрайымының орынбасары Светлана Испусинова мұғалімнің турбуленттік дәуірдегі миссиясы мәселесіне тоқталды:

– Профессор Харгривстің пікірінше, пандемия ұсынған маңызды сабақтың бірі – мұғалімдердің өзгеріске тез бейімделіп, тәжірибесін қайта құра алуы. Біз дәстүрлі мектептер әрқашан қажет болатынына, ал мұғалімнің рөлі кез келген өзгеріске қарамастан ауыспайтынына көз жеткіздік.

Светлана Багитқызының бұл пікірін Литвадан қосылған белгілі бизнесмен, Еуропалық қайта құру және даму банкінің сарапшысы Дарюс Радкявичюс қолдады. Ол өзінің жеке тәжірибесін де айтып өтті:

– Қашықтан оқыту кезінде оқушы мұғалімнің сиқырлы беделін жоғалтады. Әкенің сөзі талас тудырса да, мұғалімнің сөзі – шындық. Тікелей қарым-қатынас пен байланысты көзбен алмастыруға болмайды. Оқушы тағы не жоғалтады? Ең бастысы – топтық жұмыс барысындағы жаңаны тану қуанышы, бір-бірін шабыттандыратын энергия, бірлескен саяхаттар мен мерекелер. Мұғалім esprit, яғни жаныңыздан қуанышқа толы балаларды және олардың жарқыраған көзін көрген кездегі жан мен ақылдың шынайы резонансын, дидактикалық шабытты жоғалтады.

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарайтын Қожаберген жырау атындағы орта мектептің директоры Бауыржан Мұсабаев пен Ақтөбе облысының Темір ауданындағы Шұбарқұдық №1 мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Нұргүл Абдуллаеваның пандемия сабақтары мен қашықтан оқытуды енгізу туралы баяндамасы ерекше назар аудартты.  Орал қаласындағы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Айжан Жанатова балалардың оқуға деген ықыласын жоғалтпау, кері байланыс орнату және оқушыларды эмоционалдық күйзеліс пен сенімсіздік жағдайында ынталандыру маңызына тоқталып, жеке тәжірибесін ортаға салды. 

Көптеген педагог балаларға достық ниет таныту мен қауіпсіз орта құру тақырыбына тоқталды. Дөңгелек үстел зияткерлік мектеп мұғалімдері үшін ғана емес, жалпы білім беретін мектептердің мыңдаған мұғалімі үшін де табысты тәжірибе болды. 

Перизат Абдашова

«Ұлан» газеті, №17
27 сәуір 2021 жыл
 

409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор