• ҰЛАН
  • 26 Сәуір, 2021

Он жасар Байжан ағылшын тілінде кітап жазып жүр

Байжан Шатабаев – он жаста. Ол жақында балаларға арнап кітап жазды. Ағылшын тілінде. Осыдан үш жыл бұрын Байжанның ата-анасы Америкаға оқуға барған еді. Кішкентай бала бастапқыда ағылшын тілін жақсы білмейтін. Тек қана түстерді, сандарды ғана айта алатын. Бірақ дос табуға және жаңа мектепте жақсы оқуға деген құштарлық оған тілді тез үйренуге көмектесті. Байжан күн сайын сабақтан кейін балаларға арналған кітаптарды ағылшын тілінде оқитын. Әр кітапты оқыған сайын қазақстандық құрдастарының мұндай кітаптарды оқуға мүмкіндігі болмағанына мұңайып қалатын.

Анасы Гүлнұр: «Байжан Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназияда қазақша оқыды. Үйде тек қана қазақша сөйлейтінбіз, орысшаны да аса жақсы білмейтін. Менталитеті, тілі мүлде басқа ортаға түссе де қиналған жоқ. Байжан келе сала Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласының дарынды балаларға арналған Пенн Александр мектебіне (PAS) орналасты. Сыныптастары да, мұғалімдері де жылы қабылдағандықтан, бірінші күннен бастап-ақ мектеп қатты ұнады. Апайлары екінші анасындай болып кетті. Көбірек америкалық ортада болсын деп қосымша сабақтарға қатыстырдық. АҚШ-тағы мектептерде тіл білмейтін балаларға арналған сыныптар бар. Онда бір жыл бойы балаға арнайы уақыт бөліп ағылшын тілін үйретеді. Жылына екі рет тесттен өткізіп, тілді қалай үйреніп жатқанын қадағалайды»,  – дейді.

Байжанның өзін әңгімеге тартып, кітабы жайында толығырақ білгіміз келді. «Карантин басталған кезде үйден шықпай отырдық. Сол кезде не істерімді білмей, кішігірім мәтіндер жаза бастадым. Мамам Инстаграм парақшасы арқылы мәтіндеріме қызыққан адамдарға «плати сколько хочешь» деп сатып жүрді. Сол ақшаны жинап, өзіме киндл (электронды кітап) сатып алдым. Кітап оқыған сайын мәтін жазуға идея келе бастады. Сөйтіп кітап жазып кеттім»,  – дейді Байжан. 

Кітап 5-сынып оқушысының тілімен жазылғандықтан, оқуға және қабылдауға жеңіл. Онда жас жеткіншек басынан өткен жағдайлардан қалай сабақ алғанын, оқығандарынан не түйгенін жазады. Мысалы, Байжан әкесі екеуі жатын төсегін қалай құрастырғанын, онда қандай қателік жасап, ой түйгенін қызықты етіп баяндайды. «Балаларға не керек екенін өз тәжірибемнен білемін. Қазірге дейін кітабымды көптеген бала оқыды. Көбі «жалғасы қашан?» деп сұрап жатыр. Жақсы қабылдады. Ал мен жалғасын жазып жатырмын. Кітабым бес бөлімнен тұрады. Жылдың соңына дейін 7-8 бөлім жазамын деген ойдамын», – деп жоспарын да айта кетті. 

Байжан Америкада тілдік орта болмағандықтан қазақшасының нашарлап бара жатқанына қынжылады. «Үйде қазақша сөйлесуге тырысамыз, бірақ жан-жағымның бәрі ағылшынша сөйлегендіктен, сол тіл басып бара жатыр. Дегенмен Қазақстан туралы көп ойлаймын. Үй жұмысын орындағанда елім туралы көбірек таныстырып отырамын. Мысалы, соңғы тапсырмада «айналайын» сөзінің мағынасын  түсіндіріп, презентация жасадым», – дейді. 

Америка мектебі мен Қазақстан мектебінде айырмашылық бар екенін де айтады. «Қазақстанда мектепке костюм-шалбар киіп, шашымды өсірмей, уақытылы алып жүруім керек еді. Ал мұнда шашыңа, сыртқы келбетіңе ешкім мән бермейді. Мектеп формасы ретінде шалбар-шорты және футболка киеміз. Қазақстанда бастауыш сыныпта төрт жыл бір апай сабақ берсе, мұнда жыл сайын сынып жетекшісі өзгеріп отырады. Қоңырау шалған кезде кабинеттің ішінде қалуға болмайды, барлығымыз далаға шығып, таза ауа жұтамыз. Айтпақшы, барлық бала тегін тамақ ішеді. Америкалық балалар мен қазақ балалары арасында көп айырмашылық жоқ». 

Байжан кітап оқып, мәтін жазғанмен қатар, сурет салғанды ұнатады. Филадельфияға көшпей тұрып екі жыл көркемсурет үйірмесіне қатысқан. Роботехникамен айналысқан. Қазақстанда жүргенде математикадан қалалық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі болған. Қазіргі мектебінде кілең дарынды балалар оқиды. Байжан үздік оқитын оқушылардың қатарында. 2019 жылы 4-сыныпта  ғылыми жоба жасап, мектеп ішінде 2-орынды иеленді. Жасанды Қызыл теңізден су ішетін құрылғы жасаған. 3-сынып оқып жүргенде ежелгі жапон технологиясымен салынған суреті үшін «Алтын қылқаламға» ие болып, суреті аукционда 30 долларға сатылған. Аукционнан түскен қаражатқа жағдайы төмен отбасының балаларына сурет салуға керек заттар алынған. 

Байжанның жазған мәтін-дерін Филадельфия қаласының мектептерді қадағалайтын ұйымы оқып, жоғары баға берген. Кітап ағылшын тілін енді үйреніп жүргендерге де көмекші құрал. Егер ағылшынды бастапқы деңгейде оқып жүрген болсаң, Байжанның кітабын оқып көруге кеңес береміз. Қысқа, ықшам мәтіндер түсінуге жеңіл. Инстаграмдағы @superivymom парақшасы арқылы электронды нұсқасын алып, оқуға болады. Бәлкім, Байжан қазақтың атын әлемге танытар жазушы болар. Өйткені қазірдің өзінде оның жазған мәтіндерін әртүрлі ұлттың өкілі оқып жатыр.

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №17
27 сәуір 2021 жыл
 

792 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор