• ҰЛАН
  • 19 Сәуір, 2021

ECOSARBAZ» волонтерлар отряды жасақталды

Биыл Түркістан облысында бірқатар жаңа бастама қолға алынды. Ең ауқымды шаралар-дан өздеріңіз де хабардар боларсыздар... Ал мені бәрінен қуантқаны – Ұлы Жібек жолының маңызды сауда нүктесі болған Сауран қайта жанданып, Сауран ауданының құрылғаны. Араға біраз уақыт салып, «ECOSARBAZ» волонтерлар отрядының ашылу салтанаты өтті. Шарада экология департаментінің өкілдері отряд құрамындағы ерікті жастарға зор жауапкершілік жүктелгенін айтып өтті.

Эковолонтер болу – еріктілік қызметтің ең қызықты түрі. Олар табиғи қорықтар мен қорғалатын жер аумақтарында тазалық жүргізеді, жаһандық масштабтағы экологиялық мәселелердің шешілуіне атсалысып, халық арасында тазалық пен үйлесімді өмір сүру формасын насихаттайды. Іс-шараға қатысқан экология департаментінің басшысы Уәлихан Қайназаров: «Табиғаттың байлығын үнемдеп қолдануымыз керек. Бізден кейінгі ұрпақ та осы ресурстарға иелік етеді. Басты мақсат – жас ұрпақты экологиялық санаға тәрбиелеу. Сондай-ақ, дәл қазір қоқысты қайта өңдеу жұмыс-тарына аса мән беру қажет»,  – деп волонтер жастарға бағыт берді. 

Экосарбаз волонтерлар қозғалысы облыстағы қалалар, аудандар мен елді мекендерді түгел қамтыды. 16 ауданнан табиғатты қорғап, қоғамға пайдалы қызмет етуге ниет білдірген 200-ден аса студент пен ерікті азамат осылай күш жұмылдырмақ. Әлемге қауіп төндіріп отырған экологиялық апатқа қарамастан, жастардың таза өмір салтына бейім екені қуантады. Сондай жастың бірі – 3-курс студенті Балауса Мотаева. Балаусамен Экосарбаз ұйымы мен еріктілік туралы әңгіме өрбіткен болатынбыз.

«Волонтер болғаныма екі жылдан аса уақыт болды. Еріктілік қызметімді 1-курста, ең алғаш Түркістан қаласындағы Яссы мешітінен бастадым. 2020 жылдың жазында қаладағы өзен-көлдер мен таулы аймақтардағы экологиялық мәселелерді шешуге атсалысып жүрдім.  Эковолонтер деп аты айтып тұрғандай, біздің міндетіміз – қоршаған ортаның экологиясын сақтау үшін еңбек ету. 

Ластану, қоқыстың мөлшер-ден көп болуы тек бір облыста ғана болып жатқан жоқ. Бұл ел көлеміндегі экологиялық мәселе. Осы тұста «Ecosarbaz» ұйымының құрылғаны құба-құп болды. Ерікті болғандықтан, мұндай ұйым құрылатынынан хабардар болдым. Арамызда «қалай Ecosarbaz мүшесі боламын?» деп жүрген түркістандықтар болса, ұйымдастырушыларға жазуға болады. Олар ережемен таныстырып, ұйымға қосады. Ары қарай тек адамның өзіне ғана байланысты. 

Біз жұмысты бастап кеттік. Бірнеше рет сенбілікке шығып, тұрғындарға да барынша түсіндіріп жүрміз. Тазалық әрбіріміздің тәрбиемізде болуы керек деп ойлаймын. Отбасындағы үлкендер балаларына көшеге қоқыс тастаудың дұрыс емес екенін айтқан сайын, олар жаман әрекеттен аулақ болады. Әрине, еріктілер қолынан келгенше көмектесер, бірақ тұрғындардың түсінігінде өз қаласына деген жанашырлық болмаса, біздің еңбегіміз бекер болатын сияқты», – дейді Балауса.

Ғаламтордан Швейцария, Жаңа Зеландия, Норвегия сияқты экологиялық таза мемлекеттерді көргенде, таңдай қағамыз. «Біздің елде халық аз, жеріміз, тау-тасымыз, өзен-суымыз жетерлік. Ендеше, неге соншалықты экологиясы нашар мемлекеттер қатарына жатамыз?» – дейтіндер де баршылық. Ал сол экологияның жақсаруы тек өзіміздің қолымызда екенін естен шығармайық. Балауса айтып өткендей, әрбіріміз алдымен өзіміз бен айналадағылардан табиғатқа деген сыйластық, қамқорлық сияқты жауапкершілік сезімін талап етейік. Сонда еліміздің табиғат ресурстары әлі талай ұрпаққа сая болатыны сөзсіз.

Жазира БЕКБОЛАТОВА
Қ.Аманжолов мектебінің 11-сынып оқушысы.

Шардара ауданы
Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №16
20 сәуір 2021 жыл

 

415 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор