• ҰЛАН
  • 19 Сәуір, 2021

Есте сақтау қабілетін жақсарту үшін...

Ақпарат пен білім дамыған заманда есте сақтау қабілетінің маңызы өте жоғары. Әсіресе, емтихандар мен тестке дайындалатын оқушылар үшін бұл аса қажет. Қазір мамандардың көбі жадыны дамытуға байланысты онлайн, офлайн түрде білім беріп жатыр. Солардың бірі – Перизат Мұратқызы. Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Соңғы бес жылда жылдам оқу, жадыны дамытуды зерттеп келеді.  Ресейдің «Эйдетика», «Супер мозг» мектебін бітірген. Өзінің «Kemenger school» деген мектебі бар. Перизат ханымнан есте сақтау қабілетін жақсартуға қатысты сұрадым. Нейрогимнастика, мнемотехника туралы білдім. «Ұландық» достарыма да мұның пайдасы тиері анық.

Нейрогимнастика деген не?

Сапалы білім алып, ақпаратты есте ұзақ сақтау үшін миды артық ақпараттан тазалау керек. Бала есін біле бастаған уақытта мидың екі сыңарын дамытуға жұмыс жасауымыз қажет. Нейрогимнастика – саусақ арқылы жасалатын ми сыңарын дамытуға арналған жаттығудың түрі. Нейрогимнастиканы жасағанда ми бұған қарсыласып, бала алғашында жаттығуларды түсінбей, жасай алмай қиналады. Күнделікті нейрогимнастикамен жұмыс істеу барысында біртіндеп үйреніп кетесіз. Нейрогимнастиканың құдіреті өте күшті. Өйткені біздің саусақтарымыздың мидың нейрондарын қозғайтын, оның дамуына әсер ететін мүмкіндігі бар. Әлемге танымал Мұхаммед Әлидің құдіреті осы екі ми сыңарын бірдей дамыта алуында. Ол екі қолымен де белсенді жұмыс жасағандықтан, үлкен жеңістерге жеткен.

Сіз де оң және сол қолыңызбен допты бес-бестен лақтырып көріңіз. Күнделікті өмірде қай қолмен жұмыс жасау белсенділігі төмен болса, доп лақтырғанда да сол қол әлсіз болады. Бұл екі қолды бірдей дамыту қажет дегенді білдіреді.

Мнемотехника деген не?

Мнемотехника – ақпаратты қабылдаудың бір түрі. Бұл әдіс бәріне бірдей қонымды бола бермейді. Өйткені әркімнің қабылдауы әртүрлі. Оның көптеген техникасы бар. Адамдар өзіне ыңғайлысын таңдай алады. Мнемотехника –
ақпаратты есту арқылы қабылдайтындар үшін сөздерді ассоциация арқылы есте сақтаудың бір түрі. Бұл сурет немесе мәтін болуы мүмкін. Жаттауға қажет ететін нәрселерде мнемотехника, пиктограмма, эйдотехника тәсілдерін қолдану керек.

Жадыны дамыту туралы

Перизат ханым емтихан, ҰБТ тапсыратын оқушылар үшін есте сақтау қабілетін қалай жақсартуға болатынын айтып, бірнеше жаттығу ұсынды.

Ең алдымен нейрогимнастикамен айналысу керек. Таза ауада күніне 20-30 минут серуендеңіз. Қант, ашытқыдан жасалған тағамдарды жемеңіз. Барынша көкөніс пен  қара суды тұтынған абзал. «Омега-3» сынды пайдалы майларды ішуге кеңес беремін. 

Сабаққа кіріспес бұрын миға жаттығу жасап, бөлме температурасындағы суды бір ұрттап ішіп, оны екі ұртында сақтау керек.  Осылай үш рет қайталап, біртіндеп жұтасыз. Бұның мақсаты – миды ақпаратқа дайындау. Өйткені суды бірден ішетін болсақ, миымызға дабыл барып үлгермейді. Сосын сабақ барысында зейінді аударатын артық нәрселерді алып тастау керек. 

Белгілі бір жүйеге негіздел-ген оқудың нәтижесі керемет болады. Мысалы, жаттауға тиіс ақпарат бойынша апталық, айлық жоспар құрасыз. Көп оқушылар жаттаған нәрсесін 3-4 күннен кейін ұмытып қалады. Бұл ақпараттың ұзақ мерзімді жадыға бармағанынан болады. Есте сақтау үшін ақпаратты араға уақыт салу арқылы қайталау керек. Мәселен, оқығаныңызды 20 минут немесе бір сағаттың ішінде қайталайсыз, содан 8 сағаттан кейін, одан соң 16-24 сағаттан кейін қайталайсыз. Солайша, бұл миымызда жақсы сақталады. Сабақ оқуды бастамас бұрын «Менің қолымнан бәрі келеді, мен жақсы жаттаймын» деп өзіңізді мақтауыңыз керек. Егер тез жаттап, жақсы нәтиже көрсетсеңіз, бір мезетте оң қолыңызбен басыңызды сипап, сол қолыңызбен ішіңізді ақырын ұрасыз. Бұл тәсілді мектеп оқушылары жасауына болады.

P.S. Достар, жадыны дамытуға байланысты тағы да ақпарат алғыларың келсе, Инстаграмда kemenger_school парақшасына тіркеліп, жаттығулар мен тегін сабақтарды көріп шықсаңдар болады.
 

Аружан АБСАТАР,
«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №16
20 сәуір 2021 жыл
 

4219 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор