• ҰЛАН
  • 16 Сәуір, 2021

Балалар және тәуелсіздікке тарту

Бірде аулада отырсам, қарамақарсы орындықта төрт-бес оқушы шүпірлесіп əңгімелесіп отыр екен. Əр сөзін еріксіз естіп отырмын. Қынжылтқаны – қаракөз балаларымыздың тек орыс тілінде сөйлеуі. Ақырын қай мектепте оқитынын сұрадым. Қаладағы қазақ тілінде білім беретін мектептің 6-7-сынып оқушылары екен.

– Сабақты да орысша айтасыңдар ма? – деп жымиып қарадым.

– Жоқ, апай, сабақта қазақша сөйлемесек, жақсы баға ала алмаймыз ғой, – деді пысықтау біреуі.

– Сонда сендер сабақты тек жақсы баға алу үшін оқисыңдар ма? Үндемей қалды.

– Жарайды, бəрің қазақша біледі екенсіңдер. Неге қазақша сөйлей бермейсіңдер? – дедім тек отырмай.

– Мына Алдияр деген бала қазақша дұрыс білмейді. Сол қиналмасын деп орысша сөйлей береміз, – деді томпақтау қараторы бала. Бəрі əлгі баланы қостай жөнелді. Алдияр қызарақтап кетті.

– Мен қазақша білемін, – дей берді.

– Тамаша! Сендер Алдиярды қазақша білмейді деп едіңдер, ол өте керемет сөйлейді екен ғой. Жарайсың, Алдияр! Ал, балалар, Алдияр кейбір сөздің қазақшасын білмей, қиналып қалуы мүмкін. Сондықтан сендер оған көмектесіп жіберіңдер. Дос адам бір-біріне күлмейді, əрқашан көмектеседі. Ал қатесін түзеткенге ешкім ренжімеуі керек. Кейін сендер үлкен азамат боласыңдар. Бəрің жақсы жерде жұмыс істегілерің келеді. Жақсы қызмет істеу үшін мемлекеттік тілді міндетті түрде білу керек. Мемлекеттік тілді білу еліміздің конституциясында міндеттелген. Əрбірден соң ана тіліңді білу сенің қандай азамат екеніңді білдіреді. Ана тілінде сөйлеу – ата-анаңа, ата-бабаңа, халқыңа деген құрметтің белгісі. Сендер қазір Қазақстан тарихы пəнін оқисыңдар ғой?

Балалар тарихтан не оқығанын жамырай айтып жатты. Қазақ əдебиеті пəнінде де қандай тұлғаларымыз бар екенін, олардың ел, жер, тіл үшін қалай қызмет еткенін нақты мысалдармен баяндап бердім. Əлгінде ғана интернет ойындар, əлеуметтік желідегі трендтер туралы əңгіме айтып отырған балалар тарихи əңгімені естігенде ұйып тыңдай бастады. Сол кеште балалармен бір сағаттай əңгімелестім.

Содан кейін аулада жүрген балалар мені көрсе, «Апай, сəлеметсіз бе!» деп амандасып өтуді əдетке айналдырды. Байқағаным, қалада тұратындар бір-бірімен араласа бермейді, тіпті көршілер бір-бірімізді танымаймыз. Аулада балалар тəртіп бұзып жатса да араласқымыз келмейді. Жатбауыр боп кеткендейміз. Бірақ сол бала менің, сіздің баламыз. Олар аулада бір-бірімен кездесіп, ойнағаннан кейін мінезі де ұқсап кетуі мүмкін. Бала ортасына, досына қарап бой түзейді. Сондықтан үлкендер ауладағы балалардың тəртібіне мəн беріп, баланы бірігіп тəрбиелеп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. «Ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол», – деп қазақ бекер айтпаса керек.

Патриоттық тəрбие туралы мектепте ғана емес, əр үйде, əр аулада айтылуы тиіс. Биыл Тəуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы. Бұған əр отбасы, əр аула, əр мектеп өзінше үлес қосып жатса, қанеки! Жақында бір облыстық кітапхананың Тəуелсіздіктің 30 жылдығына əр отбасы 30 көркем əдебиеттен оқуы керек деген акция бастағанын оқыдым. Бəлкім, бəріміз осыны аула болып қолға алармыз. Балаларға бір мезгіл оқыған кітабымыз туралы айтып берсек, өскелең ұрпақтың бойында жақсы əдеттер қалыптаспай ма?! Қарапайым тұрғындар Тəуелсіздік осындай тарту жасап жатса, ұрпақ санасына, болашағына игі əсер етері сөзсіз. Ендеше, əрқайсымыз Тəуелсіздікке игі іспен үлес қосайық. Игі істің үлкен, кішісі жоқ. Іске сəт!

Арзан РЫСҚҰЛОВА,

А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған

музыка мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.

Алматы қаласы

469 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор