• ҰЛАН
  • 10 Сәуір, 2021

Қарапайым ауыл мектебі заманауи білім ордасына айналды

Қазір ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында түрлі жоба жүзеге асып жатыр. Ауыл балаларының білім деңгейін көтеру үшін елді мекендер мен аймақтарда орналасқан мектептердің білім сапасы ғана емес, заманауи талапқа сай жабдықталуы да маңызды. Осы орайда, Солтүстік Қазақстан облысының Петерфельд ауылының мектебі 2019 жылы Bilim Foundation және «Абай мектептері» қоғамдық қорларына заңды негізде 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Жарты ғасырға жуық тарихы бар мектеп күрделі жөндеуден өтіп,  Қызылжар Абай орта мектебі деген атау берілді. 2020 жылдың 3 қарашасында мектептің ресми ашылуы өтті. Петерфельд мектебінің заманауи үлгіге қалай айналғаны жөнінде Ұлттық аударма бюросының баспасөз хатшысы Гүлназ Сатыбалдықызы егжей-тегжейлі айтып берген еді.

Ескі де жаңа мектеп

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылының мектебі – сенімгерлік басқаруға берілген алғашқы мектеп. Мемлекет және жекеменшік әріптестігінің тұңғыш жобасы. Петерфельд орта мектебінің ғимараты 1969 жылы салынған. 230 оқушысы бар, екі тілде оқытады. Ауыл тұрғындарының саны 1500-ден асады. Мектеп 2020 жылға дейін ешқандай күрделі жөндеуден өтпеген. Жылу жүйесі мен су құбырлары, ғимараттың шатыры әбден тозған. 

Бір жылға жетпейтін аралықта мектеп түбегейлі жаңарып, заманға сай жөндеуден өтті. Ғимарат шатыры мен едені, есік-терезелерінен бастап, жылу және электр жүйесі қайта жаңартылды. Мектеп ауласына күрделі жөндеу жасалып жаңа спорт кешені салынды. Балалардың ойын алаңы мен демалыс алаңы қайта жабдықталды.

Мектептің ішкі көрінісі де өзгерді. «Қабырғалар оқытады» деген қағидаға сүйене отырып, интерьер және экстерьер дизайнын дайындау Қазақстандағы ең үздік архитекторлық бюроға тапсырылды. Назарбаев зияткерлік мектептерінің мамандары Қызылжар Абай орта мектебіне арнайы барып, зерттеу жүргізді. Мектеп құрал-жабдықтарын таңдауға, әр сыныпты жабдықтауға байланысты нұсқау берді.

Бастауыш сыныптардың интерактив алаңы, релаксация кабинеті жабдықталып, химия, физика, биология, информатика кабинеттеріне соңғы үлгідегі құрылғылар орнатылды. Мектеп кітапханасы жаңа кітап қорымен толықты.

Білім сапасы қалай өзгерді?

Қызылжар Абай орта мектебі педагогтарының басым бөлігін Павлодардағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зият-керлік мектебінен келген жоғары санатты мамандар құрайды. Мектепте 42 педагог жұмыс істейді. Мектептің алдағы үш жылдық стратегиялық даму жоспары жасалып, негізгі міндеттері мен мақсаттары айқындалды. Әр мұғалімнің үздіксіз кәсіби дамуына қажет жағдай жасалды.

Бұл – Абайдың «Толық адам» концепциясына сүйенген қазақстандық ауыл мектебінің жаңа үлгісі. Қызылжар Абай орта мектебі ұлы ақынның «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» ұранын құндылықтар бастауы етіп бекітті. Баланың тәні, ақылы мен рухын қалыптастыру үшін үш бағыттан тұратын бағдарлама әзірленді.

«Ыстық қайрат» бағытында оқушылардың денсаулығына, физикалық дамуына қажет барлық жағдай жасалады. «Нұрлы ақыл» концепциясы баланың зияткерлік дамуы мен жан-жақты білім алуына керек технологиялармен қамтуды мақсат етеді. «Жылы жүрек» бағыты оқушылардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды дарытудың тиімді жолдарын іздейді. Бұл ауқымды жұмыс қоғамдық қордың негізгі серіктесі – Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен бірге атқарылмақ.

Ағылшын тілі пәні тереңдетіп оқытылады

Қызылжар Абай орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлдана Аспандиярқызынан ауыл мектебінің жаңа үлгісі туралы сұраған едік. Он жылдан аса уақыт сол мектепте жұмыс істеп келе жатқан маман не дейді екен?

– Бұл мектепте мен 11 жылдан бері қызмет етемін. Бұрын мектебіміздің іші қараңғы, оқу кабинеттері тар болатын. Интерактив тақта жетіспейтін. Екі ауысымда жұмыс істейтінбіз. Ал қазір заманауи технологиямен жабдықталған, кең, жарық мектепке қол жеткіздік. Мектептің сыртында ойын алаңына ата-аналар балаларымен келіп демалады. Осы үшін Bilim Foundation президенті мен қызметкерлеріне көп алғысымды айтқым келеді. 

Біз білім беріп жатқан бағдарлама Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасына сәйкес келеді. Сол мектептен бізге мұғалімдер келіп, дәріс оқиды, тәжірибе бөліседі. Ағылшын тілі пәні тереңдетіп оқытылады. Бағдарлама негізінде информатика, химия, биология сынды пәндер ағылшын тілінде жүргізілуі керек. Оқушыларға Ұлы Абайдың сөздерін насихаттаймыз. Мектебімізде қазақ балаларынан бөлек, поляк, орыс, неміс, шешен ұлттары оқиды.

Түрлі гаджеттер мен құрылғылар қосылды

6-сынып оқушысы Мәруар Әділхан жаңа мектептің келбетіне де, талабына да дән риза.

– Жаңа мектеп ескі мектепке қарағанда жақсырақ. Түрлі гаджеттер мен құрылғылар қосылды, жаңа мұғалімдер келді. Мектебіміз жаңа болғандықтан, әзірге шахмат және көркемсөз үйірмелері бар. Сабақ 9:30-да басталады. Қоңырауда кезекшілік атқарамыз. Маған информатика пәні ұнайды. Бұл сабақта Painting бағдарламасымен жұмыс істейміз. Сабақтар қызықты өтеді. Болашақта IT компаниясының директоры болғым келеді, – дейді жеткіншек. 

Қызылжар Абай орта мектебі оқушыларға ғана емес, ауыл тұрғындары үшін де әлеуметтік, психологиялық, заңнамалық қызмет алуға арналған. Жексенбі күндері тұрғындар мектеп-тегі білікті мамандармен түрлі мәселені талқылап, пайдалы кеңес ала алады. Барлығы бірдей кең жолақты интернетке қосылып, кинозал мен кітапхана қызметін пайдалануға мүмкіндігі бар.

Аружан АБСАТАР,
«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №15
13 сәуір 2021 жыл
 

1697 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор