• ҰЛАН
  • 10 Сәуір, 2021

Гүлнұр ТҰРЛЫБАЕВА, жас кәсіпкер: Басты рецепт – махаббат

Қазір дәмді торттар  пісіріп, тапсырыс қабылдау үйде отырған қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналды. Көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі көпшілік сұранысына ие болып та жатыр. Кейіпкеріміз – ғажайып торттар пісіруші, аз ғана уақыт ішінде өз дүкенін ашқан жас кәсіпкер Гүлнұр Тұрлыбаева. Гүлнұр ханыммен сұқбат құрып қана қоймай, бірге «Пломбир банан» тортын жасап көрдік. Жас кәсіпкердің бастамасына қолдау білдіріп, шеберлігіне дән риза болып қайттық.

– Кондитерлік салаға қалай келдіңіз? Бұл салаға бет бұруыңызға не түрткі болды?

– Менің кондитерлік саладағы алғашқы қадамым студент кезден басталған болатын. Негізгі мамандығым – мұғалім. Осы кондитерлік дүкенді ашпас бұрын өзімді дамыту мақсатында түрлі шеберлік сабағына қатыстым. Оларды көріп, үйрене келе, «неге маған да осындай кәсіп ашпасқа» деген ой келді. Сонымен осы орынды жиырма күнде аштым. «Миндаль» тәттілер әлемі қазір тұтынушылар  сұранысына сай жұмыс істеп жатыр.

– Қазір өзіңіз де шеберлік сабақтарын өткізіп тұрасыз... 

– Иә, шеберлік сабақтарын жиі өткізіп тұрамын. Айына екі рет ұйымдастырамыз, топта он бес қыз болады. Шеберлік сабағын тек Сарыағаш қаласында ғана емес, бүкіл Түркістан облысы бойынша өткіземіз. Ал онлайн шеберлік сабақтарын Инстаграмдағы жабық парақшамызда жиі ұйымдастырып отыруға тырысамыз. 

– Тұтынушылардың арасында қандай торттар ең көп сұранысқа ие?

– Бізде торттар тек қана табиғи өнімдерден жасалады. Қызыл барқыт, Вупипай сынды торттарымызға сұраныс жоғары. Өзге де жаңа торттарды жасап, халыққа ұсынып жатырмыз. Алдағы уақытта ғажайып торттар-мен халықты қуантқым келеді. 

– Аптасына қанша тапсырыс қабылдайсыз?

– Күнделікті тапсырыс беру деңгейі өте жоғары деп айта аламын. Бізге дүкендерден, тойханалардан үнемі тапсырыс түседі. Қарапайым халықтың өзі дәл ойындағыдай торттарын осы жерге келіп тапсырыс беріп алып кете алады.

– Тортқа қажетті ингредиенттер мен сәндеуге арналған заттарға айына қанша қаражат жұмсайсыздар?

– Жаңа айтып өткенімдей, барлығы табиғи өнімдерден жасалады. Қаражат та көбірек жұмсалады. Осынша баға деп нақты айта алмаймын. Бастысы, тапсырыс берушінің көңілінен шығуымыз керек. Тортқа қажетті заттарды бір ғана жерден алмаймыз, сондықтан айына кететін шығын әр кезде әрқалай болып келеді.

– Шыны керек, кондитерлік салада бәсекелестік жоғары болып тұр. Үйде отырған қыз-келіншектер YouTube желісінен түрлі торт жасауды үйреніп, Инстаграм парақшалары арқылы кәсібін жүргізіп отыр. Сіздің торт жасаудағы ерекшелігіңіз қандай? Кәсіби құпияңыз бар ма?

– Біз ешқандай дүниені құпия сақтамаймыз. Адамның жасағанын адам жасайды. Барлық қыз-келіншектің қолынан келеді деп ойлаймын. Студент кезімде тортты қалай жасайды екен деп ойлайтынмын. Сөйтсем, оңай екен. Ең бастысы, ниет, ынта болуы керек. Қандай торт болса да, махаббатпен жасау керек. 

– Біздің жасап отырған тортымыз шамамен қанша теңге тұрады?

– Өз бағасы 5000-6000 теңге болады. Сатылымда сәндеу жұмыстарына көп уақыт жұмсалатын торттардың бағасы да жоғары болады. Өйткені ол көп жұмысты талап етеді. Жарық, газ деген қосымша дүниелер де бар. Бастысы, тұтынушының көңіліндегідей торт жасап бергіміз келеді. Бір тортты жасау оңай емес, сырттан оңай көрінгенімен, оның артында қаншама еңбек жатыр. 

– Ең алғаш қандай торттарды жасай бастадыңыз?

– Ең алғаш «Балды торт» жасаудан бастадым. Ауылда мектепте оқып жүрген сәтте пирог пісіруге аса қатты көңіл бөлмедім. Ауылымызда тандыр болатын, соған пирог пісіретінбіз. Уақыт өте келе өзім үйреніп алғаннан кейін Вупипай тортын пісірдім. Бірден үйреніп кету оңай емес, барлығы тәжірибемен келеді. Алғашқыда кейде ойымдағыдай шықпай қалған кезде «енді торт пісірмеймін» деуші едім (күлді).  

– Кондитерлік салада өзіңіз үлгі тұтатын адам бар ма?

– Қазір жас кондитерлер бірігіп, Инстаграм желісінде Түркістан облысы бойынша онлайн марафон өткізіп жатырмыз. Бұл саладағы үлгі тұтатын адамым – Ақтөбе қаласында тұратын Самал әпкеміз. Ол кісінің торттары шынымен де ғажайып деуге болады. 

– Сұқбатыңызға рақмет! 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №15
13 сәуір 2021 жыл
 

590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор