• Сенің замандасың
  • 10 Сәуір, 2021

«Елбасы медаліне» қатысатын жас жан-жақты болуы керек

«Елбасы медалі» –  жастарды кешенді дамытуға бағытталған, 14–29 жас аралығындағы жастарға арналған ұлттық деңгейдегі жоба. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Камила Шайпранова алты ай бойы бағдарлама тапсырмаларын орындап, «Елбасы медалін» қанжығасына байлады. Бағдарламаға қатысып, қалай жеңімпаз болғаны туралы Камила әңгімелеп берді.

– Павлодар қаласының тумасымын. Екі жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түстім. Бұл мектепте оқуды бала кезден армандадым. 6-сыныпта оқуға тапсыру үшін үздіксіз дайындалдым. Емтихан тапсырушылардың тізімінде 13-орында тұрғанымды көргенде, қатты қуандым. Сол сәтте бірден анама қоңырау шалып едім. Бірақ бастапқы кезде анам Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылданғаныма  сенбеді. Тізімдегі аты-жөнімді көргенде қуанғаны әлі есімде. Маған бұл мектепте оқыған ұнайды. Мұнда оқушылар сабақта өткен күрделі тақырыптарды жаттаумен шектелмейді. Мұғалімдер бізге білімді нақты өмірде қолдануға, сыни ойлауға және жан-жақты дамуымызға барлық жағдайды жасайды әрі бәрін үйретеді.

«Елбасы медалі» жобасы туралы кураторым Iңкəр Мирхатқызынан білдім. Ол тіркеу сілтемесін және жоба туралы ақпаратты жіберді. Бағдарламаның шарттары мені қызықтырды. Содан бірден сайтқа кіріп, өтініш толтырып жібердім. Бірнеше күннен кейін жоба ұйымдастырушылары қоңырау шалып, қабылданғаным туралы хабарлады.

«Елбасы медалі» жобасы 14 пен 29 жас аралығындағы жігерлі қазақстандықтарға арналған. Бұл – Қазақстандағы барлық қала мен ауылдың кез келген баласы қатыса алатын алғашқы жоба. Қатысушылар «алтын», «күміс» немесе «қола» деңгейлерін таңдап, жеті бағыт бойынша дағды-ларды дамытады. «Қола» деңгейін 14 жастан бастап алуға болады және мерзімі 6 айға созылады. 15 жастан бастап «Күміс» деңгей 12 айға созылады. «Алтын» деңгей 16 жастан басталады, олар 18 ай тапсырма орындайды. Жобаға қатысатын оқушы кез келген деңгейді таңдай алады. Бастысы, жасына сай болуы керек. Байқаудың 7 бағыты бар. «Спорт және дене шынық-тыру» бағыты – салауатты өмір салтын ұстану әдетін қалыптастыруға және физика-лық денсаулықты нығайтуға бағытталған әртүрлі спорт түрлерімен айналысу. «Дарын мен дағды» қабілетін шыңдауға және өзіне сенімді болуға бағытталған, онда сізге жаңа хобби тауып, сонымен айналысу керек. «Кітап оқу» бағытында әлемдік әдебиет, қазақ әдебиеті және өзін-өзі дамытуға арналған кітаптарды оқиды. «Ұлттық мұра» бағыты бойынша қазақ мәдениетімен байланысты кез келген кәсіпті таңдайды. Мысалы, әр аптада қазақ ұлттық тағамын дайындау немесе қазақстандық жазушылардың кітаптарын оқу. «Еріктілік» бөлімінде басқа адамдарға біртіндеп көмектесе алатын жоба жасайсыз. «Туристік саяхаттар» бағыты бойынша Қазақстан бойынша бірнеше күнге саяхат ұйымдастырасыз. «Еңбек тәжірибесі» бағыты тек алтын деңгей үшін ғана қолжетімді. Бұл бағытта кез келген компанияда тәжірибеден өту қажет. 

Мен «қола» деңгейін таңдап, 6 ай бойы 5 бағыт бойынша өзімді дамыттым. Алғашқы үш айда «Кітап оқу», «Спорт және дене шынықтыру» және «Дарын мен дағды» бағыттарымен айналыстым. «Кітап оқу» бағытында 3 ай бойы әртүрлі кітаптарды оқыдым. Атап айтқанда, Барбара Шердің «Армандау жаман емес», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы және Джейн Остиннің «Намыс пен наным-сенім» шығармасымен таныстым. «Дарын мен дағды» бағыты бойынша апта сайын жаңа кондитерлік өнім әзірлеп, процесс пен нәтижені видеоға түсірдім. «Спорт және дене шынықтыру» бағыты бойынша күн сайын таңертең йогамен, фитнеспен айналыстым. Қалған 3 айда «Ұлттық мұра»
және «Еріктілік»  бағыттары бойынша өзімді жетілдірдім. Бірақ коронавирус пандемиясы-на, карантинге  байланысты «Туристік саяхаттар» бағыты шетке ысырылды. «Ұлттық мұра» бағыты бойынша Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқыдым. Ал «Еріктілік» бағыты бойынша құрбыма ағылшын тілін үйренуге көмектестім.

Жоба кезінде ең басты әдет қалыптасты – таңертең йога мен спортпен айналыса бастадым. Әрине, бұрынғыға қара-ғанда аз жұмыс істедім, бірақ мен әлдеқайда жігерлі бола түстім және шынықтым. Ең маңызды пайдалы дағды – уақытты басқару. Бұдан былай мен оқуды, хоббиді және үй шаруасын оңай үйлестіре аламын.

Әжемнің үйінде ескі кітап-тарды сұрыптап отырғанда, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» және Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы қолыма түсті. Ең алдымен «Ұлпан» романы қызықтырды. Өйткені  мықты әйелдер туралы әңгімелерді оқығанды жақсы көремін. Ұлпан шын мәнінде батыл әйел. Оның жас та болса бас бола біліп, ел басқаруы мені қатты таң-ғалдырды. «Көшпенділер» трилогиясы  мен фильмі туралы көп еститін едім. Сондықтан қазақ әдебиетінің осындай классикалық әрі танымал шығармаларын оқып шығуға міндеттімін деп ойладым. «Көшпенділер» трилогиясы Қазақстан тарихын жақсы түсінуге көмектесті және барлық адамға оқуға кеңес беремін.
Маған математика мен шет тілдері ұнайды. Әр пәннің қиын міндеттерін шешу және барлық тапсырмаға сыни қарау ұнайды. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік білсем, неміс тілін бұрыннан үйреніп келемін. Болашақта испан және қытай тілдерін үйрену жоспарда бар. Қандай мамандыққа оқуға тапсыратыным туралы әлі шешім қабылдамадым. Бірақ болашақ мамандығым бизнес пен менеджментке байланысты болады деп ойлаймын.

Барынша жан-жақты адам болуға тырысамын. Дамуды және жаңа нәрселерді үйренуді жақсы көремін. Ерте жастан бастап қолөнермен айналысамын. Әсіресе, киім немесе жұмсақ ойыншықтар тіккенді ұнатамын. Сонымен қатар, кәсіби жүзумен айна-лысамын. Биылғы жазда Қапшағай қаласында ашық суда өтетін халықаралық жарыстарға қатысуды жоспар-лап жүрмін. Кітап оқығанды жақсы көремін. Таңертең өзімді дамытуға арналған кітаптарды, ал ұйықтар алдында көркем әдебиетті оқимын. Сүйікті фильмім «Ұлы шоумен» деп аталады. Фильм мені ерекше шабыттандырады және алға жылжуыма әсер етеді. Ал сүйікті кітабым – «Гордость и предубеждение» және Люсинда Райлидің «Жеті қарындас» кітаптарының сериясы. Кез келген қыз сияқты мен де шытырман оқиғалы және махаббат туралы романдарды оқығанды ұнатамын. Ал өзін-өзі дамыту бойынша ең сүйікті кітаптарымның бірі – Аллан мен Барбара Пиздің «Жауап» деген кітабы.

«Елбасы медалі» жобасына қатысқысы келетін талапкерлерге кеңесім – уақытты басқаруды үйрену. Жобаның барлық бағыты бойынша көп уақыт жұмсалады және басқа да істерді ұмытпаған жөн. Мен үшін бұл жоба өмірімнің маңызды бөлігіне айналды. Сондықтан жоба тапсырмалары аяқталғанда аздап қиналғаным бар. Енді мен жаңа деңгейді өткім келеді. Барлық оқушы қауымын «Елбасы медалі» жобасына қатысуға шақырамын. 

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №15
13 сәуір 2021 жыл
 

1337 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор