• Сенің замандасың
  • 10 Сәуір, 2021

Шәкір тәрбиелеп жүрген дебатер

Уәлиханов Дамир Қанатханұлы – қалалық, облыстық, республикалық дебат турнирлерінің жеңімпазы, «Үздік спикер», «Үздік төреші» номинациясының иегері. Жастайынан дебатпен айналысып жүрген Дамир көпшілік алдында еркін сөйлеймін деп ешқашан ойламаған екен. Бірақ қазір Алматы облысындағы дебат қозғалысын жандандырушылардың бірі. Дамир мырза дебат және оның жастарға берер пайдасы жайлы сөз қозғады. 

– Дебатқа 2011 жылы келдім. Сол жылы колледжге оқуға түстім. Бір күні аудиторияға бір мұғалім келіп, «Дебат» үйірмесіне кім жазылады?» деп, тіркей бастады. Бірақ мен ол кезде аудиторияда болмадым. Топтастарым дебатқа жазылып жатыр екен.  Шыны керек, ол кезде дебат туралы хабарым болмады. Теледидардан көргенім бойынша, дауласу керек екенін білетінмін. Менің де қызығушылығым оянып, мұғалімге «мені де тізімге қосыңызшы» деп өтіндім. Ал мұғалім «өкінішке қарай, қатысушылар толып кетті, саған орын жоқ» деп шорт кесті. Қоя салмай, мұғалімнің артынан жүгіріп, үйірмеге алыңызшы деп өтіндім. Сол кезде мұғалімім ертесіне үйірме мүшелерімен дебат тамашалауға баратынын айтты. Сөйтсе менің топтастарым ол жерге тек сабаққа қатыспау мақсатында ғана бармақшы екен. Келесі күні балалар келгенде, кешегі ойын жайлы сұрадым. «Ой, ол жерде шығады екен, сөйлеседі екен, бізге ұнаған жоқ» деп қысқа қайырды. Кейін колледжде оқып жүріп, сол мұғалімді тауып алып, алыңызшы деп тағы жалындым. Осы жолы мұғалімім әрең дегенде мені үйірмеге қабылдады.

«Дебат» үйірмесінің алғашқы сабақтарында түк түсінбей, «жарайды, көрейінші» деген ниетте жүрдім. «Келесі аптада турнир болады, соған қатысып көріңдер» дегенде, қуана-қуана келістім. Турнирге әбден  дайын-далғаным сондай,  дебатты тақпақ ретінде жаттап айту керек екен деп, бірінші шыға салып, «Қайырлы күн! Менің есімім Дамир» деп сөздерімді жаттап дайындалдым. Турнир басталды. Өзге қатысушылар қалай сөйлейді екен деп, олардың әрбір сөзін мұқият тыңдадым. Байқауымша, дебатта жаттау мүлде керек емес екен. Ең бастысы, өз ойыңмен, сөзіңмен пікірталас жасайды екенсің. Сол сәтте қатты қобалжып, өзімді жайсыз сезініп, дебатқа деген нағыз құлшынысым ашылды.

Дебатқа келместен бұрын бойымда ұялу, қысылу байқалатын. Көпшілік алдында сөйлеуім қиын болатын. Дебатқа қатысу арқылы еркін сөйлеуді, ойыңды еркін жеткізуді үйрендім. Дебат – біріншіден, ойын. Ойын болғанмен, оның қоғамға, жастарға пайдасы бар. Өйткені бұл ойында адам дайындалады. Яғни, білімді боламыз, көп ізденеміз. Арнайы тақырыптар берілгеннен кейін, кітапханаларға барып немесе интернет желісінен сол жайында мәліметтер оқимыз. Сол себептен дебат, біріншіден, білімді талап етеді. Екіншіден, жан-жақты болуды үйретеді. Әрдайым мәселені екі жағынан қарастырамыз. Егер дебат ойнайтын болсақ, біз оны хобби ретінде, өмірімізде маңызды ойын ретінде аламыз. Мұнда бастысы, қызығушылық болуы керек.

Біздің бір ғана отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан. Елімізге білімді, жан-жақты көшбасшылар керек. Осы қасиеттердің барлығын дебат ойыны дамытады. Әрі шешендік шеберлігіңді шыңдай түседі. Қазір Талдықорған қаласының Оқушылар сарайында дебат қозғалысы үйірмесін қолға алдым. Ондағы басты мақсатым – білгенімді оқушыларға үйрету. Олармен бірге жүріп тәжірибе жинап, одан ары қарай ұмтылу. Жоспар өте көп. Оқушыларға дебатты түсіндіріп, АПФ, БПФ тәсілдерін үйретіп жатырмын. Кейін ай сайын турнирлер өткізіп тұру жоспарымызда бар. Ең басты мақсатымыз – республикалық деңгейге шығу. Жай ғана барып қоймай, жеңімпаз болсақ дейміз.

Әйгерім ЕСІМХАН,  
№12 мектеп-гимназияның 
10 «Ә» сынып оқушысы.

Талдықорған қаласы

«Ұлан» газеті, №15
13 сәуір 2021 жыл
 

1052 рет

көрсетілді

18

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор