• ҰЛАН
  • 10 Сәуір, 2021

«ЕНТ тапсырмаймын» не айтқысы келді?

Күн сайын сан алуан оқиғаның куәсі боламыз. Көңілдегі сезімдер де тұрақты емес. Қуаныш пен қайғы, жеңіс пен жеңіліс, болашаққа алаңдау немесе бейқамдық. Кейде осының бәрін бір сәтке ұмытып, демалыс іздейсің. Мүмкін біреу табиғатқа шығып, енді біреу бір күнін ұйқыға арнап миын тынықтырар. Бірақ айналып келгенде сол баяғы ойлар тағы мазаңды алады. Меніңше, мұңдайда сені жігерлендіретін біреудің іс-әреке-ті, талпынысы, дүниетанымы болуы керек. Бірақ кімнің? Театр қойылымындағы кейіпкерлердің... 

Театр – руханияттың ордасы. Ұзақ уақыт бойы сананы жаула-ған сауалға театрдан жауап табуға болады. Көз алдыңда белгілі бір дәуірдің шындығы, адамдардың тығырықтан шығуы, бір-біріне деген риясыз ақ ниеті мен қиянаты болып жатады. Сол сәтте кейіпкердің өзіңмен ұқсастығын көріп, алдағы уақытта не істеу керегін түсінесің. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығынан еліміздегі театрлар бір жыл бойы көрерменнің ықыласына бөлене алмады. Ал ақпан айында шектеу шаралары алынған сәттен бастап барлық театрда бірнеше ай дайындықтан өткен қойылымдардың тұсаукесері кезекпен-кезек көрермен назарына ұсынылып жатты. Араға бірнеше ай салып өнерсүйер қауыммен ақпан айында қауышқан Astana musical мемлекеттік театрындағы тұсаукесер де осының дәлелі.

Жаңа маусым шымылдығын ашқан қойылымның бірі – «ЕНТ тапсырмаймын». Драманың атауы мені бірден елең еткізді. Алғашында бұл атау кез келгенімізді «ҰБТ тапсырғысы келмейтін түлектің хикаясына негізделген шығар» деген ойға қалдырары анық. Бірақ, осы драмада негізгі кейіпкердің рөлін сомдаған Ардақ Смағұлдың айтары басқа. Ардақ – бала күнінен актер болуды армандап, мектепті тәмамдағанша бірнеше актерлік шеберлік үйірмесіне барған. 2016-2020 жылдар аралығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында білім алып, музыкалық театр әртісі мамандығын бітіріп шыққан. Қазір Astana musical театрының актрисасы.

Ардақ бізге «ЕНТ тапсырмаймын» қойылымы жайында айтып берген еді: 

«Бүгінге дейін театр сахналарында ҰБТ-ға байланысты қойылым болған емес. Бұл алғашқысы. «ЕНТ тапсырмаймын» – 1988 жылы шыққан Людмила Разумовскаяның «Дорогая Елена Сергеевна» фильмінің қазақша нұсқасы. Astana musical театрының режиссері Еслям Нұртазин қараша айында осы қойылымды қоюға бел байлап, түпнұсқасына бірқатар өзгеріс енгізді. Сол уақыттан бастап, қойылымға үш айдан аса уақыт дайындалдық. Драма мектеп бітіруші түлектердің ұстаздары Мариям апайды құттықтап келген сәтінен басталады. Мұңдағы 11-сынып оқушыларының әрбірінде түрлі мінез, түрлі көзқарас қандай іспен айналысатынын әркім өзінше шешіп қойған. Мәселен, менің кейіпкерім. Желі бойынша есімі Лялика. Ләззат деп қазақшаға аудардық. Ләззат – жас қыз, мектеп бітіруші түлек. Әкесі жоқ, анасымен ғана тұрады. Молшылыққа, бай өмірге қызығады. Өмірін қиындатқысы келмейді. Жастардың тілімен айтқанда, «стерва». Оқушыларының бойындағы осындай өзімшілдік пен Мариям апайдың нағыз ұстазға тән ерік-жігері екі буынның арасында қақтығыс, түсініспеушілік туындатты. Біздің көрерменге көрсеткіміз келген құндылықтар Мариям апай арқылы ашылды. Басты кейіпкер Мариям апайдың мінезі өте жұмсақ, қаталдығы жұмсақтығынан басым. Ол үшін ұстаздық қызметке деген адалдық, жауапкершілік әрдайым бірінші орында. Ол оқушыларына жол көрсетуші. Меніңше, қазір мұндай мұғалімдер аз. Бүгінгі мұғалімдер Мариям апайдың бойындағы қаталдық пен батылдықты ала білсе дұрыс болар еді деп ойлаймын. Әрине, шектен шықпауы керек. Бірақ шәкіртіне тура жол көрсетіп, өзінің ойын дұрыс жеткізу үшін қаталдық қажет. Егер де Мариям апай батыл болмағанда, оны ешкім түсінбес еді. «Мен неліктен шыр-пыр болуым керек. Ертең-ақ мектепті бітіріп, мені ұмытатын оқушылар ғой» деген түсініктен аулақ болды. Батылдығының арқасында оқушылар арасында болатын зорлық-зомбылыққа тосқауыл бола білді. Неге зорлық-зомбылық деп отырмын? Себебі премьера аты «ЕНТ тапсырмаймын» болғанымен, негізгі мақсат күн тәртібіндегі өзекті мәселеге арналған. Бұл мәселе мектеп оқушылары арасында болатын бір-біріне деген қиянат, мектептегі күннен қалып кеткен өкініштің салдары, түлектердің көп жағдайда дұрыс таңдау жасай алмайтыны туралы. Ал енді біреулер үшін ҰБТ өмірдің соңы сияқты. Міне, осындай ойдың жетегінде жүрген оқушыларға ҰБТ-сыз да жетістікке жетуге болатынын, ең маңыздысы бұл еместігін түсіндіргіміз келді. 

Бұл спектакльді мейлінше жасөспірімдер мен мұғалімдердің көруіне кеңес беріледі. Ата-аналарымен келіп көрсе де өкінбейді деп ойлаймын. Себебі ересек адамдардың өздері келіп, ой түйіп жатыр. Кейбіреулері эмоциясын жасыра алмай, күліп те, жылап та алды. Бастысы, жасөспірімдер кішкене болсын ой түйсе, мұғалім-дер қателікке бой алдырмаса, әркім ойына келгенін істегенде салдары қандай болатынын сезінсе біз үшін сол жеңіс».

P.S. Көрерменді асыға күткен театрдың шығармашылық жұмысы осындай қойылыммен, бай мазмұнымен қуантты. Құрметті елордалықтар, еліміздегі жағдай тұрақталғаннан кейін, «ЕНТ тапсырмаймын» қойылымына міндетті түрде барыңыздар. 
 

Жазира БЕКБОЛАТОВА,
Қ.Аманжолов мектебінің 11-сынып оқушысы.

Шардара ауданы
Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №15
13 сәуір 2021 жыл
 

491 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор