• ҰЛАН
  • 05 Сәуір, 2021

«Экологиялық журналистика» курсынан не үйрендім?

Жуырда экологиялық проблемалардың алдын алуға арналған бес күндік курс өтті. Курс журналистерге арналды. Экобелсенді болғандықтан және бұл тақырып қызықтырғандықтан, мен де барып қатыстым. Іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынты-мақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру аясында өтті.

Қандай су ішкен дұрыс?

Курстың қорытынды күні «Қалдықтардың түрлері және жіктелуі» туралы Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының доценті  Хамитова Қорлан Қадырбекқызынан дәріс тыңдап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия факультетінде «судың органолептикалық көрсеткіштерін талдау» тәжіри-белік жұмысын орындадық. 

Ауыз су – әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған мәселе. Біз дүкеннен сатып алып жүрген ауыз судың құрамында ағзамызға қажет минералдар жойылып кетеді. Тіпті пластик ыдыстың өзі улы зат бөлуі мүмкін. Суды фильтрден өткізіп тазартып ішу де оның құрамындағы макро және микроэлементтерді сүзгіде қалдырады. Яғни біз судағы бар пайдалы құрамды фильтр ыдыстың сүзгісінде қалдырамыз да, ағзамызды толық қанағаттандырмайтын суды ішеміз. Краннан су ішу де дұрыс шешім болмауы мүмкін. Өйткені су құбырлары ескі болуы салдарынан судың құрамында ішек ауруларын тудыратын микроб болуы мүмкін.

Біз суды қалай зерттедік?

Курстың тәжірибе сабағында суды зерттеп, түрлі химиялық әрекет жасадық. Алдымен судың иісін анықтадық. Арнайы құтыға кранда ағып жатқан суды құйып, қақпақпен жауып шайқадық. Сосын құтыны ашып, суды иіскедік. Суда ешқандай иіс болмады. Суды ішер алдында иіскеген жөн екен. Пластик немесе резеңкенің иісі болса, мүлдем ішпеген жөн. Сонымен қатар, түрлі дәмі бар су ағзаға пайдалы болмауы мүмкін.

Екінші тәжірибелік жұмыс судың түсін анықтауға арналды. Суды жылытып, құтыға химиялық қоспаны қосып, арнайы қағазбен тексереміз. Солай судың түсі де анықталады. Краннан ағатын сарғыш суды мүлде ішпеген дұрыс. Кейін судың мөлдірлігін анықтағанда қағазға сөз жазып, құтыдағы суды сызғыш көмегімен жоғары көтеріп отырдық. Содан судың мөлдірлігі жазуды анық көруіне байланысты белгілі болды. Соңында судың тығыздығын да зерттедік.
Бір сәт химия маманы болып, суды зерттеу қызық болды. Әр миллиграмм судың өзі тәжірибеде маңызды рөл атқарады екен. Осылайша, ауызсу туралы біраз ақпаратқа қанығып, тәжірибе арқылы теориялық білімді іске асырдық. Курс соңында онлайн және офлайн қатысқан журналистерге сертификаттар берілді.

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №14
05 сәуір 2021 жыл
 

348 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор