• Сенің замандасың
  • 05 Сәуір, 2021

Қазақстандағы ең жас фудблогер

Әнуар Тілесұлы – Жезқазған қаласының тумасы. Қазақстандық ең жас фудблогер. Әнуардың тамақ дайындауға деген ықыласы ерекше. Анасының айтуын-ша, баланың бұл салаға әуестігі 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Kids Бала блогер» байқауына қатысқаннан кейін арта түсіпті. Әнуармен және анасы Жадырамен әңгімелескен едік.

Анасы: 2019 жылы маусым айында  Нұр-Сұлтан қаласына «Kids Бала блогер» байқауына бағымызды сынамақ болып бардық, сол байқау бәріне жол салды десек те болады. Баланың блог жүргізуге құштарлығы сол кезде ашылды. Әнуарды алғашында модель орталықтарына бердім. Ол кезде балам әлі сөйлемейтін, енді жүріп келе жатқан кезді болғандықтан, модельдік жағынан дамыта бастадым. Фотосессиялар жасап, Инстаграм парақшасын дамыттым. Барлығын өзім жазып жүрдім. 

Ал аспаздық жағына өзі қызығушылық білдірді. Асүйде жүргенде жаныма келіп, менімен бірге тамақ жасайтын. Не істесек те, бірге жасап жүрдік. Кейде мазасызданып, өзінің де пісіргісі келетінін айтатын. Сонда ойыма келген бір рецепті тауып, Әнуарға не істеу керегін айтып тұратынмын. Ол қуанып жасайтын. Бірақ бала болғасын өзім қадағалап, өткір заттарды ұстатпаймын. Содан алдына телефон мен штативті қойып түсірдім. Өзіне де сол қатты ұнайды (күліп). Сосын бала қызығып тұрған соң бетін қаққым келмеді. Ары қарай дамуына инвестиция құйып, жеке парақша ашып, блог жүр-гізе бастадық. Әнуардың блогы осылай басталды. 

Әнуар: Маған тамақ дайындаған қатты ұнайды, анамның көмегімен парақшама көптеген рецепт түсіріп шығардық. Ол оқырманға ұнап, маған «тағы да көп рецепт күтеміз» деген тілектер түсіпті. Оқырманның тілегін жерге тастамай, анашым екеуіміз рецептер түсіре бастадық. Мен @chef_daurmetov ағаны үлгі етемін. Ол кісі маған қолдау көрсетіп, ізгі тілегін білдіргенде, сол кісідей боламын деп мақсат еттім. 

Анасы: Иә, Әнуар блогер @chef_daurmetov-ті ерекше жақсы көреді. Осыдан екі ай бұрын бізді Дәуренбек мырза асханасына қонаққа шақырды. Оның алдында Әнуардың парақшасындағы блогын көріп, ерекше қызығушылық танытыпты. Біз қуана-қуана келістік және Алматыға қонақ болып барып қайттық. Әнуар аспазды көргеннен-ақ жылы қабылдап, солай екеуі жақсы достасып алды (күліп).

– Әнуар, қазір парақшаңда оқырман саны жеткілікті, тіпті кейбір танымал адамдардан асып түседі. Алдағы уақытта осы блогты жалғастырасың ба? Болашақта қандай маман иесі болғың келеді?

Әнуар: Мен кім болатынымды әлі білмеймін. Қазіргі айналысып жатқан ісім өте қатты ұнайды. Болашақта, жоғарыда айтып кеткенімдей, Дәуренбек аға секілді кәсіби аспаз болатын шығармын... 

Анасы: Әнуар әлі кішкен-тай, барынша жан-жақты етіп өсіруге талпынып жүрмін. Болашақта мамандық таңдауда қиналмаса деймін. Өзін барлық қырынан сынап көрген бала нағыз азамат болады деген қағидам бар. Сондықтан қазір блог жүргізсек, өсе келе тағы басқа дүниелермен айналысармыз. Әрине, ол баланың қызығушылығына байланысты және уақыт еншісінде деп ойлаймын. Ал өсе келе Әнуардың таңдауы мүлде басқа салаға өзгеріп жатса, әкесі екеуіміз еш қарсылық танытпаймыз. Баланың таңдауына құрметпен қарау керек.

«Біз өмірге тек бір-ақ рет келеміз. Неліктен бәрін байқап көрмеске?!». Бүгінгі сұқбаттан түйгенім осы болды. Адам өзін бар қырынан сынап, қайсарлық танытуы арқасында ғана шыңдалады.

Диана НҰРПЕЙІС,
№5 М.Мәметова мектебінің
 10-сынып оқушысы.

Байтоғай ауылы 
Арыс қаласы
Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №14
05 сәуір 2021 жыл
 

959 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор