• ҰЛАН
  • 05 Сәуір, 2021

«Алантай» ойыншықтары

Кішкентай баласына телефон ұстатып, өзі бейқам жүретін ата-ана көп. Ал гаджетті ерте жастан беру баланың дамуына кедергі келтіреді. Бала ата-анасының көмегімен үздіксіз дамуы керек. Осыны ескерген ерлі-зайыптылар Сәкен Жұмабай мен Маржан Қасымжанова «Алантай» ағаш ойыншықтарын жасап, сатылымға шығарып жүр. Ағаш ойыншықтарды жасауға не түрткі болғаны туралы Маржан Болатқызы әңгімелеп берді.

– Сәкен екеуіміздің де негізгі мамандығымыздың ағаш өңдеу саласына қатысы жоқ. Жолдасым – заңгер, өзім – қаржы саласының маманымын. Ағаштан ойыншықтар жасау идеясының авторы – жолдасым. Шаңырақ көтергенге дейін-ақ ол ойыншықтардың сызбаларын көрсетіп жүретін. Уақыты келгенде қолға алармын деп жүрді. 2019 жылы дүниеге сәбиіміз келді. Кез келген ата-ана сияқты балапанымыздың  сапалы, экологиялық таза әрі табиғи ойыншығы болғанын қаладық.  Алайда, ағаш ойыншықтар қашанда сирек және бағасы да қымбат. Сол кезде барып, жолдасымның «уақыты келгенде қолға алармын» деген сөзін есіне салдым. Ол да іске кірісіп кетті. Балапанымызға арнап жасаған ойыншықтар ұнаған болуы керек, онымен қатты дос болды. Біртіндеп туыстарымыздың да балаларына сыйлай бастадық. Ойыншықтарымызды өз балаларымыз арқылы сынадық десек болады. Сөйтіп, артық-кем тұсын түзетіп, тиімді бағада көпшілікке табиғи ойыншық ұсынуды жөн санадық.

– Ағаш ойыншықтардың авторлық құқығы заңдастырылған ба? 

– Ойыншықтарды қолдан жасаймыз. Әр ойыншық қол еңбегі. Үшкір әрі бұрыш жер-лері жоқ. Беті ұстағанға жайлы. Дизайнын да, формасын да өзіміз жасаймыз. Ойыншықтар қарағай ағашынан жасалады. Материалды арнайы ағаш өңдеу цехтарынан аламыз. Ағаш таңдауда ағаш шеберінің кеңесіне жүгінеміз. Ойыншық қолдан жасалатындықтан, қауіпсіз болуын қадағалап отырамыз. Сертификат алу мәселесімен де айналысып жатырмыз. Біз бәсекеге қабілетті болсақ дейміз.

– Не себепті ойыншықтарды «Алантай» деп атадыңыз?

– Ойыншықтарды жасауға әсер еткен және бізге шабыт берген балапанымыздың аты – Алан. Өзіміз «Алантай» деп еркелетеміз. Ойыншықтарды да Алантай атадық. Ойыншық тек ойнау құралы емес. Баланы дамытатын тұстары бар. Оның ішінде ағаш ойыншықтардың әсері, тіпті пайдасы зор. Мысалы, ағаштан жасалған ойыншық көлікті алайық. Ол пластик немесе металл ойыншық секілді түрлі дыбыс шығармайды әрі өздігінен жүрмейді. Ағаш көлікті жүргізу үшін күш салып еңбектену керек. Ал көліктің дыбысын бала ойнау барысында өзі шығарады. Сөйтіп, баланың ұстау, үн шығару қабілеті дамиды. Ағашты бала аузына салса да, тіпті тістеп көрсе де зиянсыз. Таза ағаштың иісі де адам денсаулығына пайдалы екені дәлелденген.

– Сатып алушылардың пікірі қандай? Бұл кәсіптің болашағы қандай?

– Алантай ойыншықтарын Instagram желісінде alantai2019 парақшасында жарнамалап жүрміз. Жазылған пікірлерге қарағанда, ойыншықтарымыз көңілден шығып жатқан сияқты. Біз жасаған өнімнің бағасы – 1500-3500 теңгенің арасында. Бағасы неге төмен деп күдіктене сұрайтындар көп. Мақсатымыз ойыншықтар қолжетімді болғанын қалаймыз. Әрине, таза ағаш болғандықтан кейде өзін-өзі ақтамай жатады әрі жұмысы да көп. Соған қарамастан отандық өнімге бәрінің қолы жетсе дейміз. Алантай ойыншықтарының түрін көбейту, жас мөлшерлеріне қарай ойыншықтар жасау, жаңа әліпбиді үйретуге арналған танымдық ойыншықтар жасау жоспарымызда бар.

– Істеріңізге береке берсін! Әңгімеңізге рақмет!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №14
05 сәуір 2021 жыл

598 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор