• Сенің замандасың
  • 05 Сәуір, 2021

Жеңісімнің сыры қарапайым

Темірлан Байболов – Өскемен қаласындағы Білім-инновация лицейінің 2020 жылғы түлегі. Информатика пәнінен республикалық, халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы. «Ел мақтанышы» сыйлығының жүлдегері. 

Темірлан 17 жаста. Білім сайыстарында жеңіп алған алтын, күміс, қола медальдары жетерлік. Нағыз үлгі болар замандас. Ол қазір Сүлейман Демирел университетінің ақпараттық жүйелер мамандығында бірінші курста оқиды. Темірланның ақпараттық жүйелерге қызығушылығы қашан, қалай басталғанын сұрадық.

– №27 мектептің 6-сыны-бында оқып жүргенде математика пәнінің мұғалімі математикаға қызығушылығымды оятты. Мұғалімнің көмегімен қосымша есептер шығару, тақырып үйрену және логиканы дамытудың арқасында сол жылы Білім-инновация лицейінің қабылдау емтиханынан еш қиындықсыз өттім. Лицейге келген кезде мұғалімдер мені информатика пәні секциясымен және олимпиада есептерімен таныстырды. Сол кезде пәнге қатты қызығып, информатик боламын деп шештім.

– Көптеген олимпиаданың жүлдегерісіз. Жеңіске жетудің сыры неде?

– Лицейде оқып жүрген кезімде барлық мұғалім уақытты босқа кетірмей, есеп шығарып, олимпиадаларға дайындалуға үндейтін. Жеңісімнің сыры ұстаздардың сөзін тыңдағаным деп ойлаймын.

– Қазіргі жастардың информатикаға, компьютерлік техникаға қызығу себебі неде деп ойлайсыз?

– Қазір кез келген сала тікелей немесе міндетті түрде информатикамен, бағдарламалармен, компьютерлермен байланысты. Бәріміз күнделікті қолданып жүрген смартфон, теледидар, тоңазытқыш, бүкіл техника – IT саласындағы көптеген маманның еңбектерінің жемісі. Цифрлық дәуірде компьютер ойнап, теледидар көріп өсіп-жетілген жастардың информатикаға қызығуы осыдан деп ойлаймын. 

– Бұл саладағы қиыншылықтар туралы айта кетсеңіз...

–  Сала жыл сайын жетіліп, жаңа мамандықтармен толығып отыратындықтан, жастар көбіне информатика ішінде бағыт таңдауға қиналатынын байқадым. Смартфонға бағдарлама жазу, веб-сайт жасау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект – саны шексіз бағыттардың санаулы мысалдары ғана.    

– Информатикадан бөлек, қандай хоббилеріңіз бар, қандай істермен айналысқанды ұнатасыз?

 – Шахмат ойнауды, кітап оқуды ұнатамын. Бос уақытымда подкаст тыңдауға тырысамын.

– Информатика саласына енді қызыға бастаған жандарға қандай кеңес берер едіңіз? 

– Биіктен көрінудің еңбек-тенуден басқа ешқандай оңай тәсілі жоқ. Бүгінгі еңбегіңіз сіздің ертеңгі тұлғаңызды қалыптастырады. Шынайы еңбектеніп, бастаған жолыңыздан таймай, мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспін!
Адамның армандаған өмірі мен алға қойған мақсаттары оның өз қолында екенін ұмытпаған жөн. Жетістікке жеткің келсе, қазірден бастап еңбек ет.

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА, 
№45 бейімделген орта мектептің 
10 «Б» сынып оқушысы.

Өскемен қаласы

«Ұлан» газеті, №14
05 сәуір 2021 жыл
 

114 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор