• ҰЛАН
  • 29 Наурыз, 2021

Меңтай мен Ербол өмірде қосылды

«Қазақстан» ұлттық арнасында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар»  романы желісімен түсірілген телехикая көрермен қауымға жол тартты. Аты аңызға айналған романды оқымағандар кемде-кем шығар. Әрбір кітапсүйер оқырманның қолынан түспей, тіпті кезекпен қолдан-қолға өтіп жүрген романның телевизиялық нұсқасының жарыққа шығуы – қуанышты жаңалық. Басты кейіпкер Меңтайдың рөлін сомдаған Нарқыз Айдарова газетімізге арнайы сұқбат берді. Ол «Қазақ аруы-2020» байқауы арқылы көпшілікке танылған еді. 

Алматы облысының Іле ауданында туып-өскен. Жиырма бір жаста. Ақши ауылындағы №8 орта мектепті аяқтаған. 2017 жылы  Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының музыкалық театр актрисасы мамандығына оқуға түскен. Қазір төртінші курс студенті.

– «Махаббат, қызық мол жылдар» романы желісімен түсірілген телехикая Ұлттық арнада беріле бастады. Қандай әсердесіз? Көрерменнің сізге деген ықыласы байқала ма?

– Тап қазір бірнәрсе айтуға әлі ерте. Себебі телехикая әлі көрсетіліп жатыр.  

– Романды оқу мен фильм түрінде көргеннің қандай айырмашылығы бар екен?

– Өзім бұл романды бесінші сыныпта оқыған болатынмын. Көп сәттері есімде қалмаған. Сериалға өттіңіз деген кезде тағы бір рет қайталап оқыдым. Бұл телехикая ретінде түсірілгендіктен, көптеген өзгеріс болды. Кітап пен телехикая арасында байланыс бар. Оған қоса, біраз өзгеріс те байқалады. Телехикаяда Ербол мен Меңтайдың өмірі анық көрсетіледі және кітапта жоқ кейіпкерлер де көрсетіледі. 

– Кастинг жайлы әңгіме өрбітсек. Меңтайдың рөлін сомдау үшін қанша бойжеткен бақ сынады?

– Пандемияға байланысты барлық қалада кастинг онлайн өтті. Мен де бағымды сынап көрейін деп, 21 наурыз күні анкетамды толтырып жіберген болатынмын. Екі айдай күттім. Одан кейін үмітімді үздім десем де болады. Екі айдан кейін өздері хабарласып, сынақ-видео түсіруге шақырғанда, қатты қуандым. Алғашында Майраның рөліне бекіткен еді. Менде ол кезде басқа сериалда басты рөл шығып тұрған соң қатыса алмайтынымды айтқан болатынмын. Бірақ, келесі күні хабарласып, «сізді Меңтайдың рөліне алайын деп жатырмыз, бұған қалай қарайсыз?» деп ұсыныс айтқанда, қатты қуандым. Бірден келістім. Басқа телехикаялардан бас тартуға тура келді. 

– Меңтайдың рөлін толық аша алдым деп ойлайсыз ба?

– Өзімді мақтаған ыңғайсыз шығар, бағасын көрермен береді деп ойлаймын. Негізі режиссердің, түсірілім тобындағы адамдардың айтуы бойынша, Меңтай екеуміз өте ұқсас екенбіз. Режиссердің көңілінен шықтым. Барлығы риза. Енді бұйыртса халықтың көңілінен шығу ғана қалды. Барлығына ұнайды деген ойдамыз, себебі
төрт ай бойы карантин уақытында күні-түні тынбай еңбек еттік. 

– Түсірілім барысында қандай қауіпті немесе қызықты сахналар болды?

– Ең қауіптісі – пандемияға қарамай министрліктен рұқсат алып, туындыны биыл шығаруымыз. Өкінішке қарай, 2020 жылы монтаж жағынан үлгермей қалдық. Түсірілім алаңында көп қызық болды. Сериалда Ерболды сомдайтын кейіпкер, қазіргі күйеуім Ермекпен түсірілім алаңында жақсы араласып кеттік. Бір-бірімізді тек сыртымыздан ғана танитынбыз. Түсірілім алаңына бірінші күні келгенде режиссер екеумізге қарап: «Араларыңда бір байланыс бар, екеуің түсірілім аяқталған соң отбасын құрасыңдар», – деді. Біз бір-бірімізге қарап: «Жоқ, біз бөлек адамбыз, маған актриса, маған актер керек емес», – деп бірден кесіп айтқан болатынбыз. Бірақ, қазір өздеріңіз білетіндей отбасын құрдық. Аллаға шүкір, жарты жылдай болып қалды. 

– Романдағы Меңтай мен өмірдегі Нарқыз екеуінің мінезінде, табиғатында ұқсастық көп пе?

– Иә, басқалар ұқсастық көп екенін айтып жатады. Солай болса, солай шығар. Меңтайдың рөлін сомдау мен үшін қиынға соққан жоқ. Меңтай екеуміздің мінезіміз өте ұқсас сияқты. Сонша қыздың арасынан режиссердің мені таңдағаны да сондықтан шығар, бәлкім.

– «Қазақ аруы» атанғаныңызды көпшілігі жақсы біледі. Сол кездегі сезімге оралсақ... 

– Ол сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны сезініп көру керек шығар деп ойлаймын. Ең бірінші ата-анамның үмітін ақтағаным үшін қуандым. Менің атымды атаған кезде сенбей, орнымда тұрып қалған болатынмын. Қасымда Гүлназ Жоланова тұрған. «Сенен басқа Нарқыз жоқ қой мұнда, иә»,  – деген кезде есімді жидым. Қарасам барлығы мені күтіп тұр екен, көзімнен жас тоқтамай, тәжге қарай бардым. Менің атым аталған кезде ең бірінші көзім ата-анама түсіп кетті, олар алдыңғы қатардың бірінде отырған болатын. Алланың қалауымен, сол кісілердің батасының арқасында осындай жеңіске жеттім. Олар менен гөрі көбірек уайымдады. Мен дайындықтан келген кезде анам түнімен көз ілмей, мені күтіп не болғанын уайымдап сұрап отыратын. Байқауға қатысқанның өзі үлкен жеңіс деп жұбатып, қолдау көрсетті.

– Осы байқаудан кейін  жобалардан  ұсыныс келіп түсті ме?

– Иә, көптеген ұсыныс келіп түсті. Бірақ, жоба аяқталғаннан кейін бірден астанаға  ұшып кетуіміз керек болатын. «Қазақ аруы» аяқталған соң елімізді қатаң карантин режимі жарияланды. Сондықтан үйде отыруға тура келді. Бірақ, екі айдан кейін продюсерлер бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. «Махаббат, қызық мол жылдар» үлкен уақытты, еңбекті  талап етті. Сондықтан басқа жұмыстарды онымен қатар алып жүруге қорықтым. Тек қана телехикаяны қолға алып, рөлімді өз деңгейінде орындап шықсам деген ниетте болдым. 

– Актрисалық қабілетіңізден бөлек, біз біле бермейтін қандай талантыңыз бар?

– Өнер саласына келгенде әнші боламын деп келдім. Қазір музыкалық театр актрисасы болғандықтан, әнді де қатар алып жүруге тырысамын. Мектепте оқып жүргенде бимен айналыстым. 

– Соңғы оқыған кітабыңыз есіңізде ме? Қандай жанрдағы кітаптар көбірек ұнайды?

– Көбіне психологиялық және мотивациялық кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Себебі әйел адамға мотивация керек. Психологиялық тұрғыда кеңестер қажет. Соңғы оқыған кітабым америкалық автор Луиза Хейдің «Женщина должна быть счастливым» деген кітабы. Бұл кітапты әлі оқып аяқтаған жоқпын. 

– Кәсіби білімі жоқ вайнерлер мен блогерлердің, әншілердің киноға түсуі жайлы көзқа-расыңыз қандай?

– Көп адам талантың болса, оқудың қажеті жоқ деп жатады. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Әр мамандықтың иесі болады. Ол мамандықты кәсіби түрде игеріп шығуы керек. Кинода жүргенде әртүрлі қиындық болады. Эпизодтық рөлдерге әртүрлі саланың адамдарын  алып жатады. Ол кісілермен жұмыс істеу де қиындық тудырады. Мамандықты кәсіби игерген адам мен оқымаған адамның бәрібір айырмашылығы байқалып тұрады. Осы уақытқа дейін бірнеше жобаға қатыстым. Жүргенов академиясында оқитын актерлармен жұмыс істеген сәтте бір-бірімізді қимылымыздан-ақ анық түсінеміз. Ал оқымаған адамдармен жұмыс істеу қиындық алып келеді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №13
30 наурыз 2021 жыл
 

1330 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор