• Сенің замандасың
  • 29 Наурыз, 2021

FLEX бағдарламасымен оқу үшін...

XXI ғасырда ана тіліңнен басқа да тілдерді білу – заман талабы. Рейтинг көрсеткіштеріне сүйенсек, әлемдегі ең танымал тілдер қатарына қытай, испан, ағылшын тілдері кіреді. Яғни, осы тілдердің бірін білетін болсаң, шет елде саяхаттау оңайға түспек.

Елімізде ағылшын тілін жоғары деңгейде білетін жастар көп. Осындай дарынды жастардың бірі – Өскемен қаласындағы «Нұрорда» мектеп-лицейінің түлегі, АҚШ-та алмасу бойынша оқыған Назарбаев университетінің студенті Аяжан Кадессова. Ол әңгімесін өзін қысқаша таныстырудан және ағылшын тілін үйренуінен бастады.

– Менің жасым 18-де. Өскемен қаласының тұрғынымын. Назарбаев зияткерлік мектебінде біршама уақыт оқыдым, 11-сынып-ты «Нұрорда» мектеп-лицейінен бітірдім. Қазір Назарбаев университетінде білім алып жатырмын.  IELTS халықаралық емтиха-нынан 8.0 балл алғанмын. Деңгейім С1 болып саналады. Назарбаев зияткерлік мектебіне түскеннен соң ағылшын тілін оқуды бастадым. Онда ағылшын тілін жоғары деңгейде оқытады. Мұғалімдеріміз әрбір сабақты қызықты өткізетін. Мысалы, қызықты видеоларды көріп қана қоймай, сондағы жаңа сөздерді де жаттайтынбыз. Менің ағылшын тіліне деген қызығушылығым әртүрлі TedX видеоларды тама-шалағанда оянды. Сол видеолар бойынша достарыммен ағылшын тілінде пікір алмасқан қатты ұнады. Басқа тілді меңгеру арқылы маған жаңа идеялар келетінін түсіндім.

Аяжан оқушы кезінде FLEX бағдарламасымен АҚШ-та бір жыл тұрып, білім алған. Ол жайында былай дейді: 

– АҚШ-тың Огайо штатында болдым және Morgan High School мектебінде 10-сыныпта оқыдым. Ол мектепте оқу маған қатты ұнады. Онда көптеген клуб,  үйірме болды. Мысалы, мен еріктілер тобының мүшесі болдым. Спортқа қызығушылығым бар еді, волейболмен, жүгірумен айналыстым. Үйірмелерге қатысу маған жаңа достарыммен танысуыма сеп болды. Сонымен қатар, алмасу бойынша оқығандықтан, маған FLEX бағдарламасының ұйымдастырушылары хост-отбасын берді. Яғни, 1 жыл бойы америкалық отбасының бір мүшесі болдым. Дәл сол адамдардың жанында болған маған қатты ұнады. Себебі хост-отбасым маған америкалықтардың мәдениетін көрсетті, көптеген жаңа жерге саяхатқа апарды. Мысалы, біз АҚШ-тың әйгілі Калифорния штатында болдық, Нью-Йорк сияқты әдемі қалаларын да көрдік. Шет елге саяхаттау, жалпы FLEX сияқты бағдарламамен оқу мен үшін үлкен тәжірибе болды, ұмытылмас естеліктер сыйлады. Осы орайда өзімнің хост-отбасыма, бағдарламаның ұйымдастырушыларына, осындай мүмкіндіктер сыйлаған ата-анама алғысымды білдіремін. 

Ағылшын тілін жақсылап меңгергісі келетіндерге Айжанның айтары бар:   

– Біріншіден, бастаған істі аяғына дейін жеткізу керек. Көп адам қандай да бір тілді оқуды бастаған кезде бір апта белсенді оқып, келесі апта тастап кетіп жатады. Бұл дұрыс емес. Бір аптада 1-2 сағат болсын оқыңыздар, бірақ оны пайдалы өткізіңіздер және оны кейін тастап кетпеңіздер. «Қайталау – білім анасы» демекші, өткен материалды қайталау арқылы көп нәрсе үйренуге болады. Екіншіден, әртүрлі кітаптарды оқу немесе видеоларды көру өте пайдалы деп есептеймін. Сонда жаңа сөздер үйренесіздер. Сөздерді контекстік түрде көру арқылы олардың қалай қолданылатынын байқауға болады. Үшіншіден, сөйлеу дағдыларыңызды (speaking) дамыту үшін көп сөйлесіңіздер. Мұғаліммен, достарыңызбен әңгімелесумен шектелмей,  айнаның алдында оңаша тұрғанда да тілді жаттықтыруға болады. 

Достар, FLEX бағдарламасымен оқу үшін ең біріншіден ағылшын тілін жақсы меңгеруіміз керек. Сондай-ақ
Аяжандікіндей қосымша қызығушылық болып, белсенді болған жөн. Интернеттің іздеу торына жазып көрсеңіздер, бағдарламаға қалай өтінім беру керек екенін білуге болады. Жоғарыда айтқан басты қағи-даларды ескерсеңдер, кез келген оқушының оқуға мүмкіндігі бар. 

Дильназ ШАЙМҰРАТОВА, 
№45 бейімделген орта мектептің 
10 «Б» сынып оқушысы.

Өскемен қаласы

«Ұлан» газеті, №13
30 наурыз 2021 жыл
 

894 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор