• Сенің замандасың
  • 29 Наурыз, 2021

Аниматор Әмин

Әмин Ораз – Ақтөбе қаласының тумасы. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы №83 мектеп-гимназияда оқиды. Он екі жасар аниматордың талабы мен талғамы жоғары. Кішкентайынан мультипликация шеберіне айналған жеткіншектің жасаған мини-мультфильмдері таңдандырмай қоймайды. Өзі сценарий авторы, өзі мүсінші, өзі оператор Әминнің бұл салаға әуестігі ерекше. Оның жасаған «Тұзақ», «Шапалақ шоу» , «Кім сатқын?» секілді туындылары көрерменнің ерекше ықыласын оятты. Ол анимацияның «Stop Motion» деп аталатын жанрымен жұмыс істейді. Әминнің жұмыстары өте көп кадрдан және ең қызығы жәй ғана ермексаздан жасалады. Ендеше, жеткіншектің өзіне сөз берсек...

– Анимацияға әуестігім сегіз жасымнан басталды. Алғаш сурет салудан бастадым, себебі сурет сала алмаса, ол аниматор емес. Кейін қойынкітапшаларға эскиз сызып, соларды суретке түсіріп, монтаждап, жан бітірдім. Содан оны ғаламтордан іздеп көрсем, анимацияда шынымен де сондай жанр бар екен. Қуанып кеттім. Кейіннен сол видеоларды қарай отырып өзіме тәжірибе жинап, түсіре бастадым. Бұл жолы ермексазбен байқап көрмек болдым. Жақсы шықты. Маған бір секундтық видеоны түсіру үшін 24 кадр қажет болды. Себебі мон-таж арқылы оларға жан бітіру оңай емес. Солай менің алғашқы «Доп», «Эверест», «Теннис», «Агент» секілді тырнақалды туындыларым жарыққа шықты.

– «Stop Motion» жайлы айтып берсең...

– «Stop Motion» – жалпы айтқанда мультипликацияның шыдам мен  байқампаздықты талап ететін саласы. Мен әр кадрды тоқтатып, әр қимылды суретке түсіру арқылы мультфильм құрас-тырамын. Оған әртүрлі дауыстар қосып, мультикке одан сайын өң беремін. Осы кезде дыбыстың да құдыретін көруге болады.

– Бір жұмысты аяқтауға қанша уақыт кетеді?

– Әртүрлі. Ол сценарийдің көлеміне байланысты. Әрине, мен тек мини-мультфильм түсірумен айналысып жүрген соң, үш-төрт күн айналасында жасап тастаймын. Бірақ кейіпкерлердің мінезін, түр-тұрпатын жасау да көп еңбекті, визуализацияны қажет етеді. Сондай кезде уақыт ұзауы мүмкін. 

– Идеяны қайдан аласың?

– Өзім ойлап табамын. Кейде мүлде идея қалмаған кезде ізденемін. «Дисней» студиясының мультфильмдерін ермексазға салса қалай болар екен деп те ойланып қоямын. Идея солай туады ғой (күліп).

– Қызығушылығыңа ата-анаңның көзқарасы қалай?

– Ата-анам мені әркез қолдайды. Қажетті құралдармен қамтамасыз етіп, әрдайым мақтан тұтады. Оның өзі маған рух сыйлайды. Мен одан сайын шабыт алып, керемет туындылар шығара бастаймын. Сондықтан да ата-анама зор алғыс айтамын.  

– Болашақ Әминді қалай елестетесің? Қандай маман иесі болғың келеді? 

– Мен бұрын «Дисней» мультиктерін көріп отырып, «Осындай мультфильм жасайтын студиям болса екен» деп армандайтынмын. Ал ол арман қазір мақсатқа айналды. Менің басты мақсатымның бірі – «Дисней» студиясы секілді әлемге әйгілі студиям болса деймін. Қазақ мультипликациясын дамытып, тәжірибелі де қажырлы аниматор болғым келеді. Бұйырса, ол күннің де ауылы алыс емес деп сенемін.

– Сұқбат бергеніңе рақмет!

Диана НҰРПЕЙІС, 
№5 М.Мәметова атындағы мектептің 10-сынып оқушысы. 

Байтоғай ауылы
Арыс қаласы
Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №13
30 наурыз 2021 жыл
 

1394 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор