• Сенің замандасың
  • 17 Наурыз, 2021

Дильназ Камалова Гарвард университетінен ресми шақырту алды

Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Дильназ Камалова Гарвард университетінде білім алуға ресми шақырту алды. Оған мамандықты 2-курстан таңдау мүмкіндігі берілген. Дильназ mechanical engineering/computer science мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отыр. Енді ол НЗМ түлектері Ақназар Қажымұрат, Селимжан Чалышкан, Сұлтанәлі Нұрманұлы сияқты Гарвардта білім алмақ.

Сонымен қатар, Дильназ жақында «Медикаментоздық қашықтан бақылауға арналған ақылды қорапша» жобасына патент жеңіп алды. Смарт дәрі қобдишасы дәрі-дәрмекті уақытылы қабылдауды ұмытып кететін жандарға арналады. Дәріні қандай дозада, қашан ішу керегін үнемі ескертіп тұрады.

– Бұл қорапшаның атауы – Sequence (ағыл. «жүйе»). Ол созылмалы ауруға шалдыққан науқасқа дәрі-дәрмегін уақытымен қабылдауға көмек көрсетеді. Құрылғымен бірге жүретін мобильді қосымша бар. Науқастың жақындары осы мобильді қосымша арқылы ескерту қояды. Уақыт келген кезде науқас визуал және аудио сигнал ретінде осы ескертулерді қорапшадан көріп, дәруменді қабылдаған сәтте немесе қабылдауды ұмытқан сәтте, қате дозаны қабылдаған кезде, туысқанына мобильді қосымша арқылы ескерту жібереді, – дейді жоба авторы.

Қазір қобдишада 5 секция бар. Яғни бес түрлі дәрі сақтауға болады. Дильназдың айтуынша, бұл құрылғы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Жақынына жанашыр болғысы келетін жандарға таптырмас құрал. Түрлі ауруға шалдыққан науқастар, не болмаса егде жасқа келіп, ұмытшақтыққа душар болғандар енді осы құрылғының көмегімен денсаулығын бақылауда ұстай алады.

Жобаны досыммен бірге бастадым. Қазір оны өздігімше дамытып жатырмын. Басында біз бұл қорапшаны Альцгеймер ауруына шалдыққан адамдарға деп ойладық. Себебі олар дәрі ішуді ұмытып қалуы мүмкін. Уақыт өте біз тек Альцгеймер ғана емес, созылмалы аурулар, диабет, астма секілді ауруға шалдыққандардың да ішетін дәрісі көп және ұмытып кетуі мүмкін деген ойға келдік, – дейді Дильназ.

Ақылды дәрі қобдишасының тағы бір ерекшелігі, ол қол сөмкеге салып, өзіңмен бірге алып жүруге өте ыңғайлы. Ал қорапшаның корпусын Дильназ 3D принтері арқылы басып шығарған. Жоба барысында оқушыға Алматы физика-математика бағытындағы НЗМ технотория-лаборатория меңгерушісі Бекзат Инкаров көп көмектескен.

– Қазір 12-сыныпта оқитындықтан, жобаға көп көңіл бөле алмай жүрмін. Бірақ жоғары оқу орнына түскеннен кейін, «ақылды дәрі қобдишаның» мобильді қосымшасын әрі қарай дамытамын деген ойдамын.  

Дильназ Камалованың «Ақылды қобдиша» жобасы Google Science Fair жарысында «Үздік 20 идея» қатарына енді. Осылайша Дильназ Калифорниядағы Google-дың штаб-пәтерінде болып қайтты. Алдағы уақытта 17 жастағы өнертапқыш Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп, Алматыдағы ағзасында АИТВ бар науқастарды емдейтін ауруханада қобдишаны іс жүзінде пайдаланып көруді жоспарлап отыр.

429 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор